Қоғам • 02 Сәуір, 2020

«Жедел жәрдемнің» жаужүрек дәрігері

689 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жұқпалы індеттің алдын алу жалпы қоғамның да, жеке адамның да тікелей міндеті екені анық. Ел бойынша жарияланған төтенше жағдай мен жекелеген аймақтардағы карантиннің енгізілуі, қауіпсіздік шарасының күшеюі коронавирус зардабының өте ауыр екенін айғақтайды.

«Жедел жәрдемнің» жаужүрек дәрігері

Қазір адамзаттың күні оқшаулану мен медицина қызметкерлеріне қарап тұрғаны рас. Ақиқатында инфекция тараған нүктелерде қаймықпай жұмыс істеп жүрген дәрігерлерге деген құрмет пен сый шексіз болуы тиіс. Індеттің жаппай таралуына жол бермеу үшін әрі дерт жұқтырған науқастардың өмірі үшін жанқиярлықпен жұмыс істеп жатқан қазақ дәрігерлерінің сапында Алматы облысының ақ желеңді абзал жандары да бар. Аймақтағы емхана, ауруханаларды айтпағанда, санитарлық бекеттер мен карантиндік постарда тәулік бойы кезекшілік етіп отырған медицина қызметкерлерінің үлкен шоғыры сәт сайын қауіп пен қатермен бетпе-бет келуде. Қазір облыс бойынша барлығы 103 пост ашылған болса, оның ішінде 57 санитарлық бекет және 46 карантиндік блок-постта кемі үш маманнан құралған топ жолаушылардың денсаулығын тексеріп, жағдайды қадағалауда. Әсіресе, «Жедел жәрдем» қызметінің дәрігерлері уақытпен санаспаcтан еңбек етіп келеді. Мәселен, Жамбыл аудандық орталық ауруханасы жедел жәрдем қызметінің дәрігері Гүлнара Ибрагимова антына дал ақ желеңді жанның бірі.

Өзбекстанда дүние есігін ашқан Гүлнара Самарқандағы медицина институтын бітіргеннен кейін түрлі деңгейдегі емхана, ауруханаларда талмай еңбек етіп келеді екен. Терапевт дәрігер әуелгіде өзбек топырағындағы Терез бен Қаршы елді мекендерінде, кейінен Тәшкен шаһарында Гиппократ антына адал болып, адам жанына арашашы бола білді. Қазақстанға қоныс аударған жылдары Алматы қаласының жедел жәрдем қызметінде дәрігер болып орналасқан. Білікті маманның кәсібилігі қаладағы қанша адамның өмірін сақтап қалуға сеп болғанын санап жату артық болар еді. Одан кейінгі еңбек жолын Ұзынағаш ауылында, Жамбыл аудандық ауруханасында жалғастырды. Мұнда да сүйікті ісі – жедел жәрдем қызметіне келді. Қазір де аудандағы үздік дәрігерлік бригаданың мүшесі.

- Өкінішке қарай, аумақта жұқпалы індеттің таралу аумағы жылдам өсіп келеді. Бұл тұрғындардың өміріне төнетін қауіпті еселей түседі. Адамдар оқшалау тәртібіне қарамастан қауіпсіздік талаптарын сақтауға бейіл емес. Мұндай жағдайда дәрігерлердің жұмыс ауырлай береді. Қазір біздің ауданнан коронавирус жұқтырған науқас анықталды. Қиыны, біз сол науқаспен бетпе-бет келдік. Сақтық шарасын сақтау бір басқа да, антқа адал дәрігер болып қалу бір басқа. Өз басым күн сайын қауіпке бас тігіп, жұмысын адал атқарып жүрген әріптестеріме бас иемін. Тұрғындар да мұны түсінеді. Қазір «Жедел жәрдемге» қоңырау соғатындар саны көбейді. Біз бәріне үлгеріп, әр санат бойынша көмек көрсетуге тырысамыз, - дейді  Жамбыл аудандық орталық ауруханасы жедел жәрдем қызметінің дәрігері Гүлнара Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше