Руханият • 02 Сәуір, 2020

Ұланбатырда Шыңғыс хан музейі бой көтереді

940 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы 3 шілде күні Моңғол елінің Мәдениет министрі қала орталығындағы бұрынғы «Табиғат һәм тарих» музейі құлаталып, оның орнына 9 қабаттан тұратын әлемге әйгілі «Шыңғыс хан» музейін салу жайлы шығарған үкімет шешімін жариялаған болатын.

Ұланбатырда Шыңғыс хан музейі бой көтереді

Музейдің жалпы аумағы 15 мың шарты метрді құраса, оның экспозияциясы Моңғол үстіртінде өмір сүрген ерте дәуірдегі сақ, ғұн тайпалары, бірінші орта ғасырдағы көк түркі қағанаты жайлы дерек беретін артефактылар, археологиялық қазба мұралары, әр дәуірге тән қолданбалы өнер туындыларынан бастап, Шыңғыс хан дәуірін қамтымақ. Музейдің қор жиынтығы жайлы әзірге мәлімет жоқ, десе де бұрынғы құлаған музейдің 12 мың жәдігері осында ауысатын көрінеді. Бұлар әйнектің астында жылтырап жатпайды көпшілікке виртуалды тәсілмен таныстырылады. Бұл іс музей ішінің 60 пайыз аумағына жоспарланып отыр екен.

Бүгін елдің Бас министрі У.Хүрэлсүхтің қатысуымен аталмыш мәдени ошақтың алғашқы қазығы қағылды. Үкімет басының айтуына қарағанда, музей моңғол халқының мақтанышына айналуы тиіс әрі ұлы қаған жайлы әлем жұртшылығына әмбебап түсінік туғыза алатындай болу керек. Тіпті Ресей Федерациясы Эрмитажда тұрған «Шыңғыс ханның тасын» осында бермекші екен. Бұдан басқа Шыңғыс тұқымынан тарайтын аты мәлім 37 ханға арналған көрме-кеңсе болады. Музей салуға кететін шығын – 53 миллиард төгрөг.

«Құдай бұйырса 2021 жылдың аяғына дейін алып музей пайдалануға берілмек» дейді моңғол баспасөзі.