Сұхбат • 03 Сәуір, 2020

Алтынай Нөгербек: Өмірде де, өнерде де ана рөлін ойнаған ұнайды

1000 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Алтынай Нөгербек! Қазіргі қазақ сахнасы мен экранының жарық жұлдызы. Өнерде аналар бейнесінің әдемі галереясын жасап келе жатқан талантты актриса. Ол сомдаған кейіпкерлер өзінің күндей нұрлы жылуымен, тереңдігімен, шынайылығымен көңіл түкпірінен орын алады. Алтынайдың рөлдерінен бұрын ең әуелі жаны сұлу. Сондықтан болса керек, әр рөлі бірінен бірі өтер ерекшелікке ие, жүрекке жақын. Өз замандастарының ішінен бірінші болып оза шығып, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты атанған өнер иесімен театр және кино әлемінің қызығы мен қиындығы турасында әңгіме өрбіткен едік.

Алтынай Нөгербек: Өмірде де, өнерде де ана рөлін ойнаған ұнайды

– Сіздің өнердегі үлкен бе­лесіңіз, өмірбаяныңыздағы бү­гінге дейін сомдаған аналар бей­несінің шыңы – Ақан Са­таев­­тың «Анаға апарар жол» филь­міндегі рөліңіз болды десек, қателеспейміз. Айты­ңыз­шы, жалпы шығарма­шы­лы­ғы­ңыз­дағы аналар рөліне апарған жол қалай басталған еді?

– 9 сыныпта оқып жүрген кезімде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлтас Құр­манбай деген апайымыз мек­теп­­­ішілік мерекелік кеш ұйым­дастырды. Сонда маған М.Горь­кийдің «Өлімді жеңген ана» әңгі­месі бойынша дайындалған шағын сахналық қойылымда Ана рөлін берді. Сол арқылы алғаш рет сахна әлемінің дәмін, сырын сезіндім. Театрға ғашық болдым. Одан сәл кейінірек Жезқазған театрының «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын көріп, сондағы актерлердің ойынына тәнті болғаным соншалық: «Бо­лашақта өмірімді өнермен байланыстырамын, актриса боламын» деген шешімге түбегейлі бекіндім. Шүкір, Алла арманыма жеткізіп, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын Тұңғышбай Жаманқұлов шеберханасында оқып, тәмамдадым. Әшірбек Сығай, Майра Омарбаева сынды ұстаздардан дәріс алдым. Кейін елордадағы Қ.Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ му­зыкалық драма театрына жұ­мысқа қабылданып, ұлы режиссер Әзірбайжан Мәмбетовтің тә­лімін көрдік. Жас маман үшін бұл үлкен тәжірибе, тағылым мек­­тебі болғаны анық. Көп нәр­се үйрендім. Сахна әлемінің қыр-сырына қанықтым. Менің үлкен бақытым – сахна мені жатыр­қамады. Театрға келгеннен басты рөлдерге бекітіліп, нағыз актриса болудың қуанышын сезіндім. Бүгінде өткенге көз жүгіртіп қа­расам, шынымен де сол мектеп қабырғасында жүріп ойнаған Ана бейнесі менің алдағы актрисалық жолыма берілген жолдама, ақ бата болды десе де болады. Содан бері, міне, күні бүгінге дейін түрлі пландағы көптеген ана бейнесін кейіптеп келеді екенмін. Ол, әсі­­ресе, кино саласындағы ірі­лі-ұсақ­ты жұмыстарымнан анық кө­рінеді. Жоғарыда жақсы айтып кеттіңіз, расымен де «Ана­ға апарар жол» фильміндегі Мә­риям ананың бейнесі мен үшін қай жағынан да қымбат. Жауап­кершілік жүгі де жеңіл емес. Мәриям бейнесіне дейін көбінесе эпизодтық рөлдерде көрінсем, бұл рөл басты кейіпкер, салмағы да, жауапкершілігі де зор болды. Өзімді актриса ретінде дәлелдеу жолындағы үлкен сынақ болды десем де артық айтқандық емес. Қатты толқыдым, қобалжыдым. «Анаға апарар жол» арқылы ана, әйел әлеміне шындап дендеп енгендей болдым. Және сол әлем­ге шексіз ғашық болдым. Ішкі әле­міммен үндес таңғажайып кө­ңіл күйді бастан кештім. Руха­ни ләззат алдым. Жалпы, маған өмірде де, өнерде де ана рөлін ойнаған ұнайды.

– Өнер – бақыт. Сол үлкен бақытты сіз театр сахнасына кө­терілместен бұрын-ақ, өмірге келіп, есіңізді білгелі бе­рі әкенің қаны, ананың сүті ар­­қы­лы бойыңызға дарытып өстіңіз. Әкеңіз белгілі кинотанушы, Қазақстандағы кәсіби ки­нотанудың негізін қалаушы, біздің ұстазымыз Бауыржан Нө­гер­бек болса, анаңыз да кәсі­би театртанушы. Қос бірдей өнер өкі­лінің отбасында дүниеге ке­лу­дің артықшылығы мен қи­ын­­дығы қандай?

– Расымен де, мені өмірде де, өнерде де жолы болған адам деп айтуға болатын шығар. Өйт­кені өнер маған өмір есігін ашқаннан-ақ таңсық әлем болған жоқ. Әкем Бауыржан Нөгербек кәсіби кинотанушы болса, анам Гүлжахан Қалижанқызы – театр­танушы, белгілі ақын, драматург Қалижан Бекхожиннің қызы. Әкем мен анам Мәскеуде оқып жүргенде танысып, кейін отбасын құрады. Сондықтан біз де бала күнімізден өнер деп өс­тік. Әлі есімде, кішкентай ке­­­зімізде ертегіні көп оқып, ани­мациялық фильмдерді тамашалап, таңғажайыпқа шын сенетінбіз. Сонда анамыз да бізбен бірге жү­ріп, сол ғажайыптардың орын­далатындығына иландыратын. Мәселен, «Карлсон шатырда тұ­рады, түнде үйімізге келеді» деп асыға күтетінбіз. Сөйтіп, ана­мызға айтып 3 литрлік банкаға тосап дайындатып, терезенің алдына қойып, Карлсонның келуін күтіп-күтіп, ұйықтап қалатынбыз. Таңертең оянсақ, терезенің алдында бос ыдыс пен Карлсонның атынан жазылған хат жататын. Карлсоннан хат алған кездегі біздің қуанышымызды көрсеңіз. Әрине, оның барлығын анамыз ұйымдастырып жүргенін біз ол кезде білген жоқпыз. Бірақ біз үшін сол бір сәттер бала­лы­ғымыздың ең бір қызық шақтары болып жадымызда жатталды. Міне, біз осындай әдемі әлемге сеніп өстік. Соның әсері шығар, біздің үйдің балаларының бәрі де өнерден алыс кетпеді.

Ал мұндай отбасында өсудің қиындығына келсек, әрине, ол ең бірінші жауапкершілік деп ойлаймын. Әкеңнің атына кір келтірмеу керек қой. Бәлкім, өнерге қатысы жоқ, басқа салада қызмет етсек, бұл жауапкершіліктің салмағы әлдеқайда жеңіл болар ма еді. Бір салада жүргеннен кейін де, оның үстіне әкем кино сыншысы болған соң, «Бауыржан Нөгербектің қызы» деген атқа лайық болу үшін барынша тырыстым. Әлі де тырысып келемін. Өнердегі орнымды, есімімді өз талант-ең­бегіммен қалыптастырғым келеді.

– Әке дегенде ойыңызға не оралады?

– Өнер жолын таңдағым келе­тінін алғаш естігенде, әкем де, анам да аса құп көре қоймады. Өйткені екеуі де осы жолдан өткендіктен, оның үстіне баланың ішінде жалғыз қыз екенім де әсер еткен болар, актриса болу тілегімді онша жақсы қабылдаған жоқ. Бірақ кейін менің мақса­тымның айқын екенін көрген соң, баталарын берді. Қазір ойлап қарасам, ол кісілердің қобалжуы, менің келешегіме алаңдауы орынды екен. Бүгінде өзімнің де ұлдарым мен қыздарым өсіп келе жатқаннан кейін мен ол кісілерді жақсы түсінемін. Егер келешекте балаларым өнер жолын таңдайтынын айтып жатса, мен де дәл солай қобалжып, алаң­дар едім. Өйткені ол жолдан мен де өтіп көрдім. Әлі есімде, оқу бітіргеннен кейінгі алғашқы жылдарда көңілім толмайтын, қиналған сәттер болды. Сонда әкем айтты: «Алтынай, сенің бас­ты мамандығың – ол сенің ана болғандығың» деді. Осы бір-ақ ауыз сөзбен-ақ менің барлық ішкі толғанысыма жауап бергендей еді. Әкемнің осы ақылын ешқашан жадымнан шығарған емеспін. Жалпы, біз әкем екеуміз рухани өте жақын, сырлас болдық. Бірге кино көріп, талқылайтынбыз. Ол кісі менің бастамаларыма үне­мі қолдау білдіріп, жол сілтеп оты­ратын. Менің ең үлкен сыншым – әкем болды десем, артық айтқандығым емес. Бір жолы әкем екеуіміз ғана үйде қалыппыз. Ол кез­де мен мектеп оқушысы болсам керек. Кешкілік бірге отырып «Летят журавли» фильмін көрдік. Фильм аяқталған соң, бөлмеме кеттім. Бірақ дөңбекшіп ұйықтай ал­мадым. Әкемнің де ұйықтай алмай жатқанын байқадым. Өйткені асүйдің шамы жана берді. Сосын қасына бардым. Таң атып қалған кез болатын. «Не болды, қызым? Ұйықтай алмадың ба?» деп сұрады. «Иә, ұйықтай алмадым. Түні бойы киноны түсімде көріп шықтым. Мен ана қызды (бас кейіпкерді) аядым» дедім. Сонда әкемнің де көзіне жас келіп: «Ал мен оның әкесін аядым» деп еді. Міне, әкем осылай бір-ақ ауыз сөзбен көп нәрсе айтып, көп нәр­се үйрететін маған. Біз үнсіз түсінісетінбіз.

– «Әке – балаға сыншы» дей­ді. Кинодағы рөлдеріңізді экраннан көрген кезде ол кісі қалай бағалаушы еді? Әке ре­тінде ме, әлде кәсіби сыншы ре­тінде қарайтын ба еді? Жал­пы, әкеңіздің сынын қалай қабыл­дайтын едіңіз?

– Ол кісінің бағасы, нұсқаған бағыты, айтқан ақылы мен үшін әрдайым темірқазық болатын. Соған қарап, кемшіліктеріммен жұмыс істеп, сәтті шыққан жұ­мыс­­тарымды сараптап, үнемі қо­рытынды жасап жүретінмін. Со­лардың ішінде, әсіресе, «Анаға апарар жол» фильмінде басқа­лар­дың пікірінен бұрын, ең әуе­лі әкемнің бағасы маңызды болды. Өйткені кастингке қатыс­қанымнан бастап әкем мен үшін үлкен жанашыр, жанкүйер болды. Бірақ фильмнің премьерасы өткен күні мен ауруханаға түсіп қалып, қатыса алмадым. Ем­­ханада жатып «көрсетілім аяқ­­­талды-ау» деген уақытты та­ғат­­сыздана күттім. «Көрермен қалай қабылдады екен?» деген қорқыныш пен қобалжу да бар ішімде. Бір уақытта әкем хабар­ласты: «Алтынай, бәрі жақсы болды. Құттықтаймын!» деді қуа­нышы қойнына сыймай. Үнінен мақтаныш лебін сездім. Міне, осы бір ауыз лебіз мен үшін ең жоғары баға болды. Жалпы, әкем жақсы маман ғана емес, керемет адам еді. Оны бүгінде көзін көрген дос­тары, замандастары, әріптестері жиі еске алып айтып отырады. Мен де әкемнің барлық ісімен мақтанамын.

– «Анаға апарар жолға» қа­лай келдіңіз? Үлкен рөл. Қо­бал­жу болмады ма?

– Әлбетте. Қобалжыдым. Өйт­­­кені бұл менің фильмо­гра­фиямдағы алғашқы басты рөл. «Анаға апарар жолға» дейін де көптеген кинода ойна­дым ғой. Бірақ бұл фильмнің шы­ғармашылық жолымдағы рөлі үл­кен. Тіпті бұған дейін ой­на­ған рөлдерім осы фильмдегі Мә­риям рөліне дайындық болды десем де болады. Театрдағы шы­ғармашылық жолым 1997 жылы басталғанымен, киноға сәл кейінірек келдім ғой. Ал Ақан Са­таевпен тандеміміз «Жаужүрек мың бала» фильмінен басталған. Онда Сартайдың анасын ойнадым. Кейін араға тағы біршама уақыт салып «Анаға апарар жолға» ша­қырту алдым. Кастингтен өт­кен соң бірден түсірілімге кі­рісіп кет­­тік. Сол кезде мен режис­сер­дің қолдауын сезіндім. Үне­мі ақыл­дасып, үндесіп жұмыс іс­тедік. Ақан аға да бұл фильм­ге үлкен дайындықпен келді. Өйт­кені әке­сі мен шешесінен қа­тар айыры­лып, көңілі жабырқап жүрген режиссер осылайша өнер арқылы ата-анасына ескерткіш қойғысы келіпті. Оны түсірілім барысын­да өзі ерекше толқып айтып бер­ді: «Әкем мен анамның көзі ті­рісінде «Жаужүрек мың баладан» басқа ауқымды жұмысымды көрсете алмадым, үлгермедім. Бұл фильмді ата-анамның рухына арнағым келеді» деп еді сонда. Жалпы, «Анаға апарар жол» фильмінің түсірілімі шынымен ерек­ше өткен секілді. Әр адамға ата-анасы қымбат қой. Сондықтан болар, кино түсіріліміне қатысқан барлық шығармашылық топтың бұл фильмге деген құрметі ерекше сезіліп тұрды. «Анаға апарар жолдың» басты табысының кілті осында шығар, бәлкім.

– Ал театрда ше? Қандай жанр­дағы қойылымда ойнау табиғатыңызға жақын?

– Рас, кинода негізінен ана бейнесін көп ойнасам, театрдағы рөлдерімнің жанры да, амплуасы да сан алуан. Мен жанр таңдап, талғайтын актрисалардың қата­рынан емеспін. «Мына рөл та­биғатыма жақын немесе мына бейнеге болмысым мүлдем кере­ғар екен» деп ойланып отырмаймын. «Балуанға оң-солы бір» дейді ғой. Сол сияқты жақсы актриса да рөл таңдасын, бірақ жанр таңдамауы керек деп ойлаймын. Қай жанрға салса да өзін еркін сезініп, жарқырай көріне алатын актриса – нағыз актриса. Ол ең әуелі өзі үшін қызықты ғой. Сондықтан мен эксперименттен қорықпаймын. Керісінше, ізде­нетін, ауқымы кең рөлдер болса, қуана қабылдаймын. Рахаттанып ойнаймын. Менің рөлдерім кіл комедия немесе біріңғай трагедия, драма деп бөлінбейді. Ма­ған барлығында ойнау қызық. Десе де, табиғатыма лирикалық қойылымдар өте жақын. Ондай спектакльдерде ойнаудан жаныма ерекше рухани ләззат аламын.

– Актерлік өнеріңізді кейде өмірдегі түрлі жағдайларда пайдаланып, тығырықтан шыққан кездеріңіз болды ма?

– Жоқ. Ондай жағдай ешқашан болмапты. Жалпы, мен әу бастан-ақ жеке өмірім мен өнердің ара­жігін ажыратып, шекарасын белгілеп қойғанмын. Оған ба­ла күнімнен бойыма сіңіріп өскен ата-анамның ақылы да әсер еткен болар. Сондықтан театр – мен үшін тек жұмыс ор­ным, рухани қуаныш сыйлай­тын киелі мекен. Ал өмірім же­ке адам ретіндегі бақытты сәттеріммен, ата-ана, отбасы, бала-шағамның амандығы, қуа­нышымен өлшенеді. Менің басты тірегім – отбасым. Оны неге айтып отырмын? Өйткені көп­шілік әріптестерім: «Театр – менің өмірім» деп жатады. Сол арқылы өнердің, сахнаның ма­ңызын ұғындырғысы келетін де шығар, бәлкім. Рас, әртістердің барлығы театрмен өмір сүреді. Бірақ тек қана театрға байланып, өзге ештеңені көрмей қалу адамды бақытты ете алмайды. Адамның толық бақытқа қол жет­кізуі үшін жеке өмірі, отбасы, өзге де қызығушылықтары болуы керек. Жастық шақта буыр­қанған шығармашылық тір­шілік, ізденіспен көп нәрсе білінбеуі мүмкін. Алайда өнер заңы қатал ғой. Жас ұлғайған сайын сахнадағы рөлдерің азайып, орныңды жас актриса, актерлер басқанда, адам дағда­рысқа түсіп, өмірдің мәнін жо­ғал­тып алуы мүмкін. Сондай сәт­те адамды өзінің жеке өмі­рі, қызығушылықтары алып шы­ғады. Міне, осындай нәрселер бол­мауы үшін, меніңше, адам ең әуелі өзінің бақытты жеке өмі­рін қалыптастыруға мән бер­гені, өнер мен өмірдің аражігін ажыратып алғаны дұрыс деп ойлаймын. Жалпы, адам үнемі қызығушылықта, өзін же­тіл­діріп, дамытуда жүруі керек қой. Егер ол болмаса, өміріңнің де, жұмысыңның да ешқандай ма­ғынасы болмай қалады.

– Қандай арманыңыз бар?

– Адамда арман таусылған ба?! Шығармашылық адамы бол­ғаннан кейін көп армандаймыз. Оның көпшілігі, әрине, өнермен байланыс­ты. Алда тағы да жақсы киноларға түссем деген арманым бар. Одан кейін тәжірибе ре­тінде шетелдік мықты режиссер­лермен жұмыс істеп көргім ке­ле­ді. Осыған дейінгі жұмыс тә­жі­рибемде тек ресейлік режиссерлермен шығармашылық байланыс­та болған екенмін. Бо­ла­шақта француз киноларында бақ сынап көруді армандаймын. Ондай фильмдердің өзіндік қолтаңбасы, стилі бар. Актердің өзін, ішкі ор­ганикасын толықтай ашып көр­се­туге тамаша мүмкіндік бе­реді деп ойлаймын. Қалай десек те, француз кино мектебі – ұлы мектеп қой. Ал енді басты ар­маныма келсем – ол, әрине, ең әуелі елі­міз­дің амандығы, тыныш­тығы, отбасы мен ата-ана­мыздың бақыты, қуанышы.

– Қазіргі қазақ театры дегенде ойыңызға не оралады?

– Театрға ең керек нәрсе тіл деп ойлаймын. Бүгінде қазақ сахнасында классикалық үн жо­ғалып бара жатқан сияқты көрі­неді. Ұлттық қоңыр үні­міз асси­миляцияға түсіп, табиға­ты­мыздан тым алшақтап кеткендей әсер береді. Рас, біз Ресейдің театр мектебіне қызығамыз, олардан үйренеріміз өте көп. Ол дұрыс та шығар. Бірақ дегенмен, ұлттық мектебімізді қалыптастырмай қазақ өнерінің келешегін елестету қиындау. Ұлттық мектеп ең әуелі төл ауыз әдебиетімізден басталса керек. Мәселен, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер ака­демиясында оқыған кезде ұстаздарымыз бізге ең әуелі ауыз әдебиетін оқытатын. Сонымен ауыздандық. Қазіргі театрға қадам басқан жастардың сөз саптауын, сахналық сөйлеу мәнерін, үнін тыңдап мен аздап тосырқаймын. Дұрысы, қарным ашады деуге болатын шығар. Ұлттық үніміз жоғалып бара жатқан секілді көрінеді. Мен жалпы сахна тілінің сондай бір жақсы мектебі болса екен деп армандаймын. Өзім де соған үлесімді қосқым келеді. Өйткені қалай десек те, ұлттың да, өнердің де жаны – тіл. Осыны ұмытпасақ екен.

– Актриса ретінде бүгінгі көрерменге көңіліңіз тола ма?

– Бес саусақтың да бірдей еместігі секілді, көрерменнің сапасы да, деңгейі де әртүрлі ғой. Арасында ойлы көрермен де, өнерді жеңіл қабылдайтын да көрермен бар. Бірақ қалай болса да, театр ешуақытта көрерменнің деңгейіне түспеуі тиіс. Керісінше, сахна – көрерменге ой салып, талғамын қалыптастыру, көркем ойлауға жетелеуі қажет деп ойлаймын. Сонда ғана өнердің бас­ты миссиясының орындалғаны.

– Әдетте сахна сыртында немесе қойылым үстінде актерлер түрлі қызықты жайттарға тап болып жатады. Есіңізде қалған сондай бір ерекше жағдай бар ма?

– Қызықты жайттар өте көп. Есімде ерекше сақталған сондай жағдайдың бірі мен оқу біті­ріп, Қ.Қуанышбаев атындағы ака­демиялық қазақ музыкалық драма театрына жұмысқа қабыл­данған кезде болды. Театрға келе сала бірден режиссер Жақып Омаровтың режиссерлігімен қойылған Шыңғыс Айтматовтың «Ана – Жер-Ана» спектаклінің көп­шілік сахнасына кіріп кеттім. Толғанай рөлін театрымыздың ак­трисасы, Қазақстанның ең­бек сіңірген әртісі Рымкеш Омар­ханова ойнайды. Ләззат деген әріптесім екеуміз эпизодтық рөл­­деміз. Ұлынан қаралы қағаз келіп, Толғанай – Рымкеш апаның перзентін жоқтап жылайтын сах­насы бар. Зарлы музыка ойнайтын тұста Ләззат екеуміз Толғанайды екі қолынан демеп, сахна сыртына алып кетуіміз керек. Бізге жүктелген басты міндет сол. Бірақ үлкен сахнаға алғаш шығып тұрғаннан кейін қатты толқыдым. Күні бойы дайын­далдым. Шамасы, қатты дайын­далып қойсам керек, сахнаға шығып, музыка ойнаған кезде ұлын жоқтаған ананы қолтығынан демеп көтерейін десем, Рымкеш апа орнынан тұрмайды. Әлі ойы­ны аяқталмаған екен деп түйіп, аздап кідіріс жасадық та, екінші мәрте көтеруге талпынып көрдік. Бұл жолы да әрекетіміз нәтижесіз. Содан амал жоқ, сахнада ұзақ тұ­ра беруге болмайды, үшінші рет қаттырақ көтердік. Сөйтсем, отырған кезде жерге төгіле кеткен Рымкеш апаның ұзын бұрымын басып қалыппын. Көтерейін десек, шашы жұлынып, жаны шығардай болған апамыз зарлы музыка әуенмен бірге ұлының қазасы бір, жұлынған шашы жанын екі сырқыратып, қолтығынан демеген әріптесім екеумізге кезек қарап, Ләззатқа «Қасыыыым» десе, мен жаққа қарап «шашыыыым» деп жылап отыр. Мән-жайды түсіне салысымен, орнымнан атып тұрып, апамызды сахнаның сыртына жетелеп алып шықтық. Содан спектакль аяқталғанша жанымды қоярға жер таппай қорқып жүрдім. Соңында әйтеуір батылдық жинап, Рымкеш апайдан кешірім сұрадым. Апай екеуміз бір-бірімізді көрсек әлі күнге дейін осы жағдайды еске алып, күліп жүреміз.

– Театр мен кино әлемінде Ана бейнесін кемеліне кел­тіре кейіптеген еңбегіңіз, шынайы­лығыңыз бен шеберлігіңіз мамандар тарапынан аса жоғары ба­ғаланып жүр. Ал өмірде қан­дай анасыз?

– Білесіз бе, мен театр мен кинода қандай анамын, өмірде де дәл сондай жақсы ана болғым келеді. Соған тырысамын. Шүкір, балаларым жақсы. Бізді қатты сыйлайды. Қас-қабағымызға қарайды. Ренжіткісі келмейді. Және ең бас­тысы барлығы менімен сырласады. Бала тәрбиесіндегі ең ұтымды, нәтижелі тәсіл сырласу деп ойлаймын. Өйткені мен де бала күнімде ата-анаммен, оның ішінде әсіресе әкеммен сырлас болдым. Барлық ойымды ірікпей айтып, еркін сыр­ласатынбыз. Әкем маған ақы­лын айтып, үнемі қолдап отыратын. Бір сөзбен айтқанда, әкем мен үшін бағыт түзер алып бағ­даршам болды десем, титтей де артық айтқандығым емес. Ол кісінің өмірлік ұстанымы болсын, жұмысқа деген ықыласы болсын, барлығы маған сабақ, үлгі болды. Кейін тұрмысқа шығып, ана болып, үлкен бір әулеттің келіні атанғаннан кейін, өмірдің заңдылығы шығар, анаммен көп сырласатын болдым. Бүгінде менен «Өмірде қандай анасыз?» деп сұраса, ең әуелі көз алдыма әкемді елестетемін. Әкем маған қандай жақсы тәлімгер болса, мен балала­рым үшін сондай жақсы ана болғым келеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Назерке ЖҰМАБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»