Аты жаман ауру әлемді шарлағанға дейін түрлі жарыстарда табысты өнер көрсеткен Қазақстанның спортшылары 42 лицензия алып үлгерді. Ең көп жолдаманы балуандар мен боксшылардың иеленгені белгілі. Әрқайсының еншісінде сегіз-тоғыз лицензиядан бар. Былтыр Нұр-Сұлтанда өткен әлем чемпионатында грек-рим күресінен
Мейрамбек Айнағұлов (60 кило), Асхат Ділмұхамедов (77 кило), еркін күрестен Нұрислам Санаев (57 кило), Дәулет Ниязбеков (65 кило), Данияр Қайсанов
(74 кило), Әлішер Ерғали (97 кило) және әйелдер арасында Валентина Исламова (50 кило) мен Елмира Сыздықова
(76 кило) секілді балуандардың бағы жанды.
Наурыз айының алғашқы жартысында Амманда аяқталған іріктеу турнирінде Надежда Рябец (75 кило), Сәкен Бибосынов (52 кило), Серік Теміржанов (57 кило), Зәкір Сафиуллин (63 кило), Абылайхан Жүсіпов (69 кило), Әбілхан Аманқұл (75 кило), Бекзат Нұрдәулетов (81 кило), Василий Левит (91 кило) Қамшыбек Қоңқабаев (+91 кило) сынды былғары қолғап шеберлерінің асығы алшысынан түсті.
Велошабандоздардың қоржынына жеті жолдама түсті. Бұл спорт түрінде лицензиялар жекелеген адамға берілмейді. Күн Шығыс еліне нақты кімдердің баруға лайықты екенін анықтау мәселесі ұлттық құрама бапкерлерінің құзырында. Сондықтан да алдын ала тон пішпей, мамандардың нақты шешімін күтейік.
Жеңіл атлеттер сайысында Георгий Шейко, Айман Ратова және Ольга Рыпакова өнер көрсетеді. Жүзушілер жарысында Дмитрий Баландин мен Виталий Худяков шеберлік байқасады. Синхронды жүзуде егіз қыздар – Александра мен Екатерина Немичке сенім артамыз. Садақ атуда Санжар Мұсаев, Денис Ганькин және Ильфат Абдуллин сайысқа түседі. Мергендердің «майданында» Сәрсенгүл Рысбекова мен Юрий Юрковтың тілеуін тілейміз. Бессайысшылар бәсекесінде Павел Ильяшенко мен Елена Потапенко бой көрсетеді. Спорттық гимнастикада Милад Карими өз өнерін паш етеді. Сонымен қатар Олимпиада бағдарламасына жаңадан ғана енген спорт түрлерінен де құр қол емеспіз. Ол жолдамалардың иегерлері – құзға өрмелеуші Ришат Хайбуллин мен каратэші Дархан Асәділов.
Токио Олимпиадасына жолдама алғандар арасында біраз жасқа келіп қалған азаматтар да жоқ емес. Спорттық өлшем бойынша оларды ардагерлердің санатына жатқызуға болады. Мәселен, үш қарғып секіруді серік еткен Ольга Рыпакова үстіміздегі жылдың 30 қарашасында 36 жасқа толғалы отыр. Оның есімі үш бірдей Олимпия ойындарында жеңіс тұғырына көтерілген жалғыз спортшы ретінде ел тарихында алтын әріптермен жазулы. Егер Рыпакова Токиода да жүлдегерлер санатына қосылса, әрине, нұр үстіне нұр болар еді.
Боксшы Зәкір Сафиуллин мен грек-рим күресі шебері Асхат Ділмұхамедов түйдей құрдас. Екеуі де 1986 жылдың тумалары. Сөз жоқ, іріктеу сындарында олар өздерін жақсы қырынан көрсетті. Токиода бақ сынау құрметіне бөленді.
Боксшы Василий Левит – 32 жаста, жеңіл атлет Георгий Шейко мен еркін күрес шебері Дәулет Ниязбековтің жасы 31-де. Бессайысшы Павел Ильяшенко мен садақ атушы Денис Ганькин орда бұзар жаста. Осылай тізбектей берсек, ұлттық құрама сапында «егде тартқан» азаматтардың аз емес екенін аңғарамыз.
Бірақ амал нешік! Коронавирус дерті жер-жаһанды дүрліктіріп, мыңдаған жанды жалмап жатқанда Халықаралық Олимпиада комитеті (ХОК) осындай қадамға баруға мәжбүр болды. ХОК-тың бұл шешімін барша мемлекет басшылары мен лауазым иелері, түрлі ұйымдар мен спортшылар, тіптен қарапайым жанкүйерлерге дейін қолдады. Себебі бұл жалғанда адамның өмірі мен денсаулығынан құнды ешнәрсе жоқ. Міне, Олимпия ойындарын өткізу мерзімін шегеру жөнінде шешім қабылдар тұста ХОК мүшелері дәп осы принципті басшылыққа алды. Біз де бұл шешімді толықтай құптаймыз!
Токио Олимпиадасының жолдамасына иелік еткен отандастарымыздың арасындағы ең ересегі – мерген Юрий Юрков. Ол 37 жаста. Өздеріңіз байқағандай, Шымкент қаласының тумасын біз жоғарыдағы тізімге қосқан жоқпыз. Өйткені нысана көздеуде 40 жастың өзі нағыз кемелденген шақ болып саналады.
Сөз орайы келгенде, кезінде осы спорт түрінің серкесі болған норвегиялық Оскар Гомер Сванды еске алсақ еш айыбы жоқ деп ойлаймыз. 1912 жылы Стокгольмдегі жарыстың жекелеген сайысында ол қола алса, командалық бәсекеде алдына жан салмады. Осылайша 65 жасқа қараған шағында Оскардың есімі ең қарт Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. 1920 жылы Бельгияның Антверпен қаласында ұйымдастырылған додада күміс медальды еншілеп, Олимпиада жүлдегері атанған ең қарт спортшы атанды. Ол кезде Оскар 72 жастан асқан еді. Скандинавиялық сұрмерген Олимпия ойындарына үш мәрте қатысып, барлығы 3 алтын, 1 күміс және 2 қоланы қоржынға салды. Осы табыстарының барлығына ол қартайған шағында қол жеткізді. Міне, мерген Юрий Юрковты ардагерлер тізіміне қоспаған себебіміз де сол!