Руханият • 03 Сәуір, 2020

Арман аласармасын

683 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Жуықта қытайлық кинематографис­тер жасаған ортағасырлық тарихтан сыр шертетін сериалды тамашалап отырып, мына бір эпизодты аңдадық. Бас кейіпкер патша уәзірлерін шақырып: «Үш ұлымның қайсысы мұрагерлікке лайық екенін айтыңдар» дейді. Көпшілік көркем мінезді үлкен ұлды құп көреді. Патша: «Ол жарамайды, өйткені оның бойында ұлы арман жоқ, яғни армандай алмайды», – деді. Осы сөзді естігенде ойыма бірден атақты Шыңғыс қағанның «Арманың қанша асқақ болса, арғымағың сонша шабысты болады» деген ұлағаты орала кетті.

Арман аласармасын

Расында, армандай алмайтын адам қа­лай ұлы іс атқарады. Атам қазақтың «Арманымен ер сұлу, орманымен жер сұлу» немесе «Армансыз адам – тамырсыз ағаш» деген мақалында өте терең мән бар емес пе?! Отарлаушылар отарланған халықтың ең әуелі арманын алжастыратыны тегін емес. Өйткені армандай алмаған қауым – өркендей де алмайды.

Мысалы, қазақтың қайраткер хандарының бірі Абылай өмірінің соңғы күндері қатты науқастанып жатып қалады. Замандасы һәм ақылшысы, атақты Бұқар жырау оның көңілін сұрай келіп: «Қайғысыз ұйқы ұйық­татқан ханым-ай, Қайырусыз жылқы бақтырған ханым-ай, Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай...» – деп, толғай жөнеледі. Абылай хан басын көтеріп: «Тоқта, жырау, сен менің өмір бойы ойлаған арманымды айттың. Егер осы үш қызметті жұртыма жасаған болсам, арманымның орындалғаны емес пе!» деген екен.

Сол сияқты бірнеше жылдың алдында атақты футболшы күллі әлем «Роналдо» деген атпен танитын бразилиялық спортшы Роналдо Луиз Назарио де Лима ФИФА сайтына берген сұхбатында: «Бала күнімде атақты футболшы болуды армандадым. Оған жету үшін еңбектендім. Менің жетістігімнің құпиясы осы» депті.

Яғни арман дегеніміз – адамның жүрек мұраты һәм соған жету үшін жасаған жан­кешті еңбегі десек дұрыс болар. Қара­па­йым өмірдің өзінде біреуге алғыс айтсақ, жақ­сылық тілесек «арманыңа жет» дейміз, сол сияқты спортта, ғылымда биік межені бағындырған тұлғалар «арманыма жеттім» деп сөзін түйіндеп жатады.

Осы орайда өзім куә болған мына бір оқиғаны қозғай кетейін. Ұмытпасам, 1995 жылдың қысы. Аудандық газеттің тіл­шісімін. Редактор: «Зайсан балық зауыты жайлы мақала жаз» деп мені балықшылар кентіне жіберді. Мекеме бастығын бұрыннан білуші едім. Көзіқарақты, өте сұңғыла кісі. Бардым. Жолай ұшырасқан ол «түстен кейін зауыт басшыларының алқа мәжілісі болады. Соған қатысыңыз!» деді.

Басекең айтқан жиын басталды. Бір шетте қолда қалам-қағаз, мықшиып отырмын. Бұл жылдары жоқшылық ел өміріне дендеп енген, жанар-жағармай, азық-түлік тапшы өте қиын уақыт еді. Зауыт жұмысшылары жылдап айлық алмаған тұс. – Сіздерге бір жақсы жаңалық айтайын, – деп бастады сөзін зауыт басшысы. – Зайсан өзен тектес көл. Яғни суы ағынды болғандықтан осы­лай аталады. Оның сыртында көлге жан-жақтан Қара Ертіс, Көкпекті, Кендірлік, Үйдене, Жарма сияқты өзендер құяды. Бұлар көктемде қарғын арқылы ағып келген таудың шипалы өсімдік-шөбін айдап әкеліп, көлге тоғытады. Ол шөптермен балық қоректенеді. Мұндай экологиялық таза табиғи минералды суда өмір сүрген балық әлем нарығында аса жоғары бағаланады. Мысалы, біздегі көксеркенің бір килосы Түркияда 40, Еуропа елдерінде 60 долларға дейін құн сүйеді, – деп бастап, сөзінің аяғын көлдің балығын әлемдік саудаға шығаруымыз керек деп аяқтады.

Бұл сөзді естіген мекеменің атқарушы директоры, вице-президенттері, орынбасарлары бар, барлығы «көлге салған ауды тартатын тракторға солярка таппай отырып, қайдағы шетелге балық сатқан...» деп шулап кетті. Тіпті кейбіреуі «Мына кісінің есі дұрыс па?» деген сөзді ішінен бірнеше қайталаған да шығар.

Осымен жиын тарады. Кабинетте үлкен бастық екеуміз ғана қалдық. Ол кісі басын шайқап ұзақ үнсіз отырды да, маған бұрылып: «Көрдің ғой інім, біздің адамдарда армандайтын да қуат қалмаған» деді. Ол кезде бұл сөзге аса мән бермеген едім. Адамға армандау үшін де қуат керек екенін кейін түсіндім. Ерте заманда сиыр бағып жүрген құлдан «Егер сен патша болсаң, не істер едің?» деп сұрағанда, ол бейбақ: «Онда сиырды ат мініп жаяр едім» депті. Құлдың арманы осы. Азат адам бұлай армандамайды. «Әлем социологтары қайсыбір этностың болашағын оның арманына қарап біледі» дегенді оқып едім. Рас сияқты.