Руханият • 03 Сәуір, 2020

«Егеменнен» – ертегі» жобасын ұсынамыз!

283 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Кеш қарая үйдегі кішкентайлар радионы бірінші болып қосуға асыға жүгіретінбіз. Өйткені күнде кешке оқылатын ертегіні тыңдамай қалу дегеніңіз үлкен өкінішпен пара-пар еді. Әншейінде басымыз сыйыс­пайтын біздер сол кеште тату-тәтті отыра қалып, ың-шыңсыз ертегіге құлақ түретінбіз. Қаһарманның ерлігі кеудемізде үміт отын тұтатып, өзімізге беймәлім алыстағы арманға ұмсынып, тәтті қиялға бой алдыратынбыз.

«Егеменнен» – ертегі» жобасын ұсынамыз!

Ықылым заманнан күні бүгінге дейін жалғасып келген қазақ халық ертегілерінің дәл қазір қажеттілігі тіпті кү­­шейіп, мән-мағынасы артып отырғандай. Олай дейтін себебіміз, алапат дерттен аман қалу үшін жан ұшырған адамзат баласы әліптің артын бағып, бір-бірінен алыстап, оқшау отыр. Дәл осындай сын сағатта газетіміз талғампаз кіш­кен­тай тыңдармандар үшін «Еге­меннен – ертегі» жобасын көпшілік назарына ұсынып отыр. Мұндағы мақсат – үйде отырған жас өскіннің көңілін аулау, қуа­ныш сыйлау. Ер­тегіні «Egemen Qazaqstan» газетінің YouTube арнасынан күн сайын тыңдай аласыздар. Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Қуыршақ» театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі Салтанат Мағзым ертегілерді түрлендіре оқып шықса, жобаны атқаруға суретші-кари­катурашы Айдарбек Ғазиз, газет тілшілері Ая Өмір­тай, Жанболат Кенжеғұл атсалыс­ты.

«Ертегі баланы мейірімге үндейді. Тапқырлыққа үйре­теді. Еліміздің бас газеті «Ege­men Qazaqstan» мен «Қуыр­шақ» театрының бірлес­кен жобасы ұрпақ үшін басты байлық. Дәл қазіргі қиын сәтті бірлесе жеңіп шығатынымыз сөзсіз. Мұндай жобаларды қолдауымыз керек, аз да болса үлесімді қосып отырғаныма қуаныштымын», дейді Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Қу­ыр­шақ» театрының әртісі Салтанат Мағзым.

Көркемдік эстетикалық қуатымен бірге тәрбиелік мәні зор болып келетін қазақ халық ертегілері әдебиетіміздің асыл қазынасы. Тұрмыс-сал­ты­мыздағы өмір шындығы ертекші баяндаған әңгімеде жаңа бір тұрпатқа ие болып, ғажайып көрініске айналып, көркемделе түседі. Қазақ ра­дио­сындағы «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Кешкі ертегілер» деген атпен үзіліссіз беріліп тұратын ізгілікті дәстүрдің жалғасындай болған шағын жобамызды кішкентай тың­дармандар қуана қабыл алады деген үміттеміз!