Коронавирус • 03 Сәуір, 2020

Ішінара шектеу енгізілді

80 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Наурыздың соңына дейін барлық сақтық шаралары қатаң сақталып, індеттен аман келген Түркістан облысын коронавирус айналып өтпеді. Айдың соңында Жетісай ауданы тұрғынының індет жұқтырғаны жария етілді. Ал сәуірдің алғашқы күні аталған ауданнан тағы 4 адамнан ауру анықталды.

Ішінара шектеу енгізілді

Індетті Жетісайға «жеткізген» азаматша 21 наурыз күні Нұр-Сұлтан қаласынан Павлодар-Қызылорда бағытындағы пойызбен шығып, Қарағанды қаласына тоқтаған. Алты сағат вокзалда отырған ол, әрі қарай Петропавл – Қызылорда бағытындағы пойызбен Шымкент қаласына келген. Сөйтіп жеке көлікпен Жетісай қаласына жеткен. Наурыздың 27-інен қызуы көтеріліп ауырған ол ауруханаға 30 наурызда қаралған. Алғашқыда науқаспен қарым-қатынаста болған 16 адам анықталған-ды. Кейін бұл сан өсе түскен. Науқаспен байланыста болған адамдарды тексеру барысында, отбасының 3 мүшесінің сараптамасы оң нәтиже берді.

Ал COVID-19 сараптамасы оң қорытынды берген бе­сінші жағдай Алматы қала­сына ісса­пармен барып келген азаматтан анықталды. Түркіс­тан облысы Тауарлар мен көрсе­ті­летін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау депар­та­ментінің басшысы Нұрбек Нышанов қазіргі таңда науқастар толық дәрігерлердің бақылауына алынғанын, жағдайлары қана­ғат­танарлық дәрежеде екенін хабарлады. Қарым-қатынаста болған барлық адамға стационарлық оқшаулау шаралары жүргізілген. Тиісті хаттамаға сәйкес, емдік шаралар жасалуда.

Түркістан облысының әкі­мі Өмірзақ Шөкеев өңірде орын алған жағдайға байланыс­ты тұрғындарға үндеу жолдады. Эпидемиолог мамандар тарапынан тіркелген ауру ошақ­тарында зарарсыздандыру, бай­ланыста болғандарды табу және оқшаулау бойынша панде­мияға қарсы іс-шаралар ұйым­дастырылған. Инфекция табыл­ған Жетісай ауданындағы Әбді­халық ауылы мен аудан орта­лығындағы шағын ауданда карантин жария­ланды. Облыстың өзге аудандарынан инфекционист және реанимотологтардан құралған 6 бригада Жетісайға аттанған. Облыстың бас инфекцио­нист дәрігері ауданда осы шараларға басшылық етеді. Сондай-ақ облыс әкімі аудан әкіміне және тиісті органдарға елді мекендер шекарасына блок-бекеттер қоюды тапсырғанын мәлімдеді. Төтенше жағдай режімін бұзған азаматтар заң аясында жауапқа тартылатынын ескертті.

Айта кетелік, облыста Covid-19 коронавирус инфекциясынан қолайсыз елдерден келген 495 адам мониторингтік бақылауға алынған. Оның 9-ы 1 «а» санатындағы, ал 486 адам 1 «б» санатындағы елдерден келген.

 

Түркістан облысы