Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Жетісу оқушылары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

583 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысындағы 760 мектепте 411 036 оқушы білім алады. Бүгінде барлық білім ошақтары төтенше жағдайға қатысты қашықтан оқытуды пысықтап жатыр. Дерек бойынша оқушылардың 93 пайызы компьютер, ноутбук, планшет, смартфон арқылы сабаққа қатысуға дайын. Яғни, 380 575 бала үйде отырып оқиды.

Жетісу оқушылары қашықтан оқуға қаншалықты дайын?

Өкінішке қарай, өңірдегі елді мекендердің интернет желісіне толықтай қосылмауына байланысты бірқатар қиындықтар туып отыр. Кейбір отбасында компьютерлік техника жетіспеушілігі бар. Расында, 18 591 оқушы құрылғыға мұқтаж екен. Атқарушы билік бұл мәселені шешуге шындап кірісіп жатыр. Әзірге 10 461 оқушыға уақытша пайдалану үшін компьютер берілген. Қалған оқушыларды теледидар арқылы оқытуға шешім қабылданған.

Ал мұғалім мен оқушы арасындағы кері байланыс әлеуметтік желі мессенджерлері мен электронды пошта арқылы, тіпті цифрлы байланыс жоқ жерде қағаз жүзінде орнамақ.  Яғни, теледидар арқылы оқитын оқушының үй жұмысын тексеру үшін пошта қызметі мен еріктілердің еңбегі пайдаланылады екен.

- Бүгін-ертең аймақтағы жалпы орта білім беру ұйымдарының қашықтан оқытуға көшуіне қатысты дайындық жұмыстарын толық аятайтын боламыз. Облыс оқушыларын қашықтан оқыту бойынша мұғалімдер арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Білім басқармасы тарапынан жалпы орта білім беру ұйымдарында қашықтықтан оқытуды іске асыру бойынша қадамдық нұсқаулық әзірленіп, жұмыс барысында Bilimland, DarynOnline, Edu Page, Zoom білім беру платформаларын пайдалану сілтемелері жіберілді.  Аудан орталығынан шалғай орналасқан елді мекендердегі сабақ «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналары арқылы жүргізілмек. Алайда, кейбір ауылдарда бұл телеарналар қолжетімсіз болғандықтан, облыстық «Жетісу» телеарнасынан арнайы уақыт бөлініп, жоғарыдағы  2 телеарнаның теле-көрсетілімі эфирден берілетін болады. Қысқасы, Жетісу ұстаздары төртінші тоқсандағы білім беру ісін ақсатпай, оқушыларға қажетті ұлағатты беруге дайын, - дейді Алматы облыстық білім басқарма басшысы Майгүл Омарова.

 

 

Алматы облысы