Қоғам • 03 Сәуір, 2020

Министрлік IV тоқсанда қашықтан оқытудың жолдарын ұсынды

159 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елдегі ахуалға байланысты республикадағы 20 мыңнан астам оқушы тапсырмаларын «Қазпошта» арқылы алады. Сонымен қатар радио және телеарналар арқылы өткізілетін сабақтар мен білім беру интернет-ресурстарын пайдалануға болады.

Министрлік IV тоқсанда қашықтан оқытудың жолдарын ұсынды

Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғари мен «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов осы бағыттағы ынтымақтастық тетіктерін талқылап, пандемия кезеңінде оқу материалдарын мұғалімдерден оқушыларға, оқушылардан мұғалімдерге кері жіберу жұмыстарын ұйымдастыру қажеттігі айтылды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметі бойынша, еліміздегі кейбір елді мекендерде мектеп те, интернет те жоқ. Ал онда тұратын мектеп жасындағы балалар көрші ауылдарға көлікпен арнайы жеткізіліп отырған.

Балалардың дер кезінде білім алып, қашықтан оқуын ұйымдастыру мақсатында тиісті сала мамандары ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды. Осыған сәйкес оқушыларға арналған оқу материалдары «Қазпошта» АҚ пошта бөлімшелері арқылы жеткізілетін болады. Ата-аналарға пошта байланысы қызметі үшін төлем жасаудың қажеті жоқ. Қашықтан білім беру технологияларын қолдану арқылы оқуға мүмкіндігі жоқ оқушылар туралы деректерді облыстық және республикалық маңызы бар қалалардың білім басқармалары өкілдері ұсынады. Айта кеткен жөн, шалғай елді мекендерде өмір сүретін оқушыларға арналған оқу материалдары санитарлық қауіпсіздіктің барлық нормаларын сақтай отырып жеткізілетін болады.