Коронавирус • 03 Сәуір, 2020

Алматыда COVID-19-ға тексерілетіндердің санаты кеңейді

141 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бұл туралы бүгін Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз орталығында өткен онлайн брифингте қалалық Тауарлар мен қызметтер сапасын және қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдағасымова мәлімдеді.

Алматыда COVID-19-ға тексерілетіндердің санаты кеңейді

«Біз Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасы бойынша пневмония және ЖРВИ-дің ауыр түрімен стационарға келетін науқастардың барлығын коронавирус инфекциясына тексеретін боламыз. Әзірге өкпе қабынуының белгілері бар 49 адам тексерістен өтті. Соның ішінде пневмониясы бар бір науқаста қауіпті індет анықталды. Кеше тексерілген, пневмониямен ауыратын 13 баланың бесеуінде індет анықталмады. Қалғандары зерттеліп жатыр», – деді А. Молдағасымова.

Бүгінде індеті таралған елдерден келетін адамдардың арасында коронавирустық инфекцияны анықтау жұмыстары жалғасуда.

Айта кету керек, қауіпті індетке тексерілетіндердің қатары кеңейеді. Әсіресе, бұл санатқа бронх-өкпе ауруының белгілері бар әрі есепте тұрған 60 жастан асқан адамдар кіреді. Бұдан өзге алдыңғы шепте қызмет етіп жүрген медқызметкерлер де тексеруден өтеді.

Брифингті қорытындылаған қаланың Бас санитарлық дәрігер адамдарда жөтел мен дене қызуының көтерілу сияқты белгілер пайда болған жағдайда, жедел жәрдем шақыруға кеңес берді.