Қазақстан • 03 Сәуір, 2020

Қорғаныс кәсіпорындары медициналық мақсаттағы өнімдерді шығаруға жұмылдырылған

149 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары коронавирустық инфекцияның таралуын жоюға бағытталған жалпы мемлекеттік іс-шараларға жұмылдырылған. Өндірістік бағыттар бойынша да, қаржылық көмек көрсету жағынан да күш-жігер жұмсауда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі деректері бойынша конверсия шеңберінде қорғаныс кәсіпорындары жедел тәртіппен жалпы және медициналық мақсаттағы азаматтық өнімдерді шығаруға көшкен.

Қорғаныс кәсіпорындары медициналық мақсаттағы өнімдерді шығаруға жұмылдырылған

Тарата айтар болсақ, Алматы қаласында орналасқан Алма-ДК және Қалқан-7 зауыттары арнайы дезинфекциялау құралдары мен қорғау костюмдерін өндіруде.

Бұдан басқа, қорғаныс өнеркәсібі зауыттары, соның ішінде № 405 Алматы авиажөндеу зауыты Қарулы Күштерге төтенше жағдай режимі шеңберінде іс-шараларды ұйымдастыруға қатысатын әскери қызметшілерді дезактивациялық құралдармен қамтамасыз ету үшін қаржылай көмек көрсетті.

Көкшетау «Тыныс» зауыты медициналық бетперделер шығаруға кірісіп, қазірдің өзінде Ақмола облысының денсаулық сақтау мекемелеріне 110 мың дана бетперде жеткізді. Сонымен қатар, зауытта тағы 2 миллион дана бетперде шығаруға арналған шикізат пен материалдар бар. Осы зауыт жедел жәрдем машиналарына орнату үшін өкпені жасанды желдетудің мобильді аппараттарын шығаруды бастады. Таяудағы екі ай ішінде ӨЖЖ аппараттары Қазақстанның барлық өңірлеріндегі жедел жәрдем қызметтерінің қажеттілігін жабады. Осыған байланысты зауыт тәулік бойы үш ауысымды жұмысқа ауыстырылды.

Әскери кемелер мен катерлер өндіретін Батыс Қазақстандағы «Гидроаспап» және «Зенит» кәсіпорындары адамдар болатын әр түрлі аймақтарға өту кезінде дезактивацияны қамтамасыз ету үшін инженерлік қоршаулар мен арнайы тоннельдер өндірісін ұйымдастыруға кірісті.

Солтүстік Қазақстандағы «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ, «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ және «Мұнаймаш» АҚ кәсіпорындары облысты автокөлікке арналған дезинфекциялық тосқауылдармен қамтамасыз етті.

Түнге арналған әскери аспаптар шығаратын «Қазақстан Аселсан инжиниринг» АҚ Қазақстан-Түркия бірлескен кәсіпорны адамның дене қызуын өлшеуге арналған дистанциялық электрооптикалық құрылғылар өндірісін игеруде.

Жалпы алғанда, Қазақстан Республикасының қорғаныс өнеркәсібі кәсіпорындары туындаған сын-қатерлерге қарсы шаралардан шет қалмай, республикалық және өңірлік жедел штабтардың міндеттеріне сәйкес COVID-19 таратпауға өз үлесін қосуда.