Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Түркістан: Ардагерлерге арналған аллея ашылады

404 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай елдік пен ерліктің мерекесі 9-мамыр Жеңіс күні қарсаңында Ордабасы ауданы ардагерлеріне арналған аллеяны ашу жоспарланып отыр.

Түркістан: Ардагерлерге арналған аллея ашылады

Түркістан облысы Ордабасы ауданынан майданға төрт мыңнан астам сарбаз аттанса, елге тек соның екі мыңдайы ғана оралған. Яғни мыңдаған ордабасылық сарбаз ерлікпен майдан даласында  опат болып, бауырластар зираттарында жерленген. Бүгінгі ұрпақ ержүрек аға буынның ерлігі ұмытылмас үшін аты-жөндерін мемориалды тақтайшаға өрнектеп жазу жұмыстарын жүргізуде. Сонымен қатар, Отан қорғаушылар күні және Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында аудан орталығы Темірлан ауылындағы орталық саябақ пайдалануға берілмек.

1

Саябақтың маңайы абаттандырылып, демалыс орнына айналады. Бүгінде Темірланның көшелеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жаңадан аяқжолдар салынған. Әр көшеге түрлі сәндік ағаштар отырғызылды. Игі істерге бастамашы және ұйымдастырушы болып отырған аудан әкімі Әліпбек Өсербаевтың жаңашылдығы бүгінгідей жабырқау кезеңде көпшіліктің ертеңге сенімін нығайтып, қолдау табуда. Аудан орталығының жаңарып, жасара түсуінің бір ғана көрінісі Қазыбек би көшесіндегі жайқала өсіп тұрған, көздің жауын алатын қызғалдақтар деп айтсақ та болар. Көшедегі қызғалдақтарға қызыға қарайтын тұрғындар алаңсыз серуендер күннің алыс еместігіне сенімді.