Коронавирус • 03 Сәуір, 2020

Швеция коронавируспен күресте өзге тәсілді таңдады

603 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Елде ешқандай оқшаулау немесе карантин енгізілген жоқ, тек ерікті негізде ұсыныстар мен үлкен үміт.

Швеция коронавируспен күресте өзге тәсілді таңдады

Бохан ПАНЧЕВСКИ

Wall Street Journal 

Шаңғы трассалары ашық, мейрамханалар жұмыс істеп тұр, ал сауда орталықтарына келушілердің қарасы көп.

Коронавирус пандемиясымен күресте өзге тәсілді қолданған Еуропа елдерінің бірегейі Швецияға қош келдіңіздер.  

Еуропа мен АҚШ-тың көп бөлігі үкімет енгізген тұрғындар қозғалысын шектейтін шараларға бағынып отырса, Швецияда кеңселер мен дүкендер сол күйі ашық, ал ел билігі халыққа шектеу емес, ұсыныс білдіріп отыр.

Одан бөлек кәсіпорындар, балабақшалар мен мектептер де жұмыс істеп тұр. Ұзақ қыстан шыққан Стокгольм тұрғындары көше бойындағы дәмханалар мен барларда емін-еркін бас қосып жүр. Тек 50 адамнан артық жиналуға және келушілерге барда қызмет көрсетуге болмайды.

Ұлыбритания мен Нидерланд та вирусқа қарсы табиғи иммунитет қалыптастыру үшін халық арасында таралуын бақылауда ұстап отыруды қарастырған еді. Алайда қос ел де ғалымдардың вирустан жүздеген мың адам өлуі мүмкін және денсаулық сақтау жүйесіне аса ауыртпашылық түседі деген болжамынан кейін ол ойдан бас тартты.

Швеция қолданған тәсілдің тиімді екенін немесе керісінше сәтсіз болатынын бағалау қиын. Әзірге вирус елде кеңінен тараған жоқ. Джонс Хопкинс университеті ұсынған мәліметке сәйкес,  10 миллион тұрғыны бар Швецияда дүйсенбіде барлығы 4,028 жағдай тіркелген, ал қайтыс болғандар саны 146 болған.  Ал 8,8 миллион халық үйінде отырған Аустрияда вирус жұқтырудың 9,200 дерегі мен 108 өлім саны тіркелген.

Шешімге жауапты Швецияның бас эпидемиологы Андерс Тегнелл бұл тәсіл бастапқыда Ұлыбритания көздегендей, вирустың баяу таралуына септігін тигізеді дейді. Бұл ретте басты басымдық қарттар мен неғұрлым осал жандарға беріледі, ал сол уақытта халықтың басым бөлігінде вирусқа қарсы табиғи иммунитет қалыптасып үлгереді немесе вакцина пайда болады.

Каролин институтының докторы және профессоры Сесилия Седерберг- Науклер Швеция әдісінің тиімділігі келесі екі аптада анық болады дейді.

Оның болжамы бойынша, шектеу мен тістілеудің жоқтығынан вирустың таралуы бақылаудан шыққанда үкіметке қазіргі әдісінен бас тартуға тура келеді. Доктор Науклер толық шектеу енгізбеген Азия елдері тұрғындардан жаппай сараптама алу арқылы жұқтырғандарды анықтап, індетпен күресуді жақсылап жолға қойғанын алға тартады.

Швецияда жалпы үкіметке сенім білдіру - баяғыдан қалыптасқан дәстүр. Доктор Тегнел қазіргі жағдайда тұрғындар ұсыныс ретінде айтылған шараларға көбірек құлақ асатынын айтады. Ел билігі қазір қатаң шаралардан гөрі қарттарды үйде отыруға, ал жастардан белсенділігін төмендетуді сұрап отыр.  

Швецияның бас эпидемиологының айтуынша, індеттің алғашқы белгілері бар вирус жұқтырған адамдар үйінде қалады.  «Біз эпидемияның таралуын азайтуды көздейміз. Жағдай күр өзгермесе осы әдісті әрі қарай да қолдана береміз», - деді Андерс Тегнелл.

Ұлыбританиямен салыстырғанда, Швецияда қолданылған шараларға қоғам тарапынан қарсылық жоқ. Өткен аптада Novus жүргізген сауалдамада халықтың 80 пайызы премьер-министр Стефан Лефвеннің вирустың таралмауына әр азамат жауапты болады дегенін қолдаған екен.

Демалыс күндері Стокгольмда алдыңғы аптаға қарағанда адамдар жабық ғимараттарға көп бармаған, ал қоғамдық көлікте жолаушылар бір-бірінен алыс отырған көрінеді. Кейбір қала тұрғындары үйде қалған, шаңғы тебушілердің басым бөлігі Оре (Are) секілді адам көп шоғырланатын курорттарға барудан бас тартқан.

Storstockholms Lokaltrafik қоғамдық көлік компаниясы өткен аптада метро мен қала маңындағы пойыздарды қолданатын жолаушылардың саны 50 пайызға төмендегенін айтты.

Швецияның бұл әдісін жоғары бағалағандар қатарында белгілі неміс дәрігері Ансгар Лозе мен Ұлыбритания үкіметінің бас ғылыми кеңесшісі сэр Патрик Валланс  секілді еуропалық сарапшылар мен билік өкілдері бар.

Дегенмен, қолдаушылардың өзі бұл әдісті Скандинавиядан басқа аймақта іске асыру қиын екенін алға тартады. Олар швед тұрмысында Италиядағыдай ұрпақтар арасында байланыс жоқ дейді. Ресми деректер бойынша, Швецияда үйлердің жартысынан астамында жалғыз адам тұрады, бұл өз кезегінде вирус жұқтырудың ықтималдығын азайтады.

Бұл сондай-ақ елдің тұрмысы төмен кварталдарында көп адам болып бір үйде өмір сүретін сомалиялық қауымда Covid-19 вирусынан өлім санының неліктен көп болғанын түсіндіреді.

Кейбір экономистер биліктің бұл шешімін сынға алып жатыр. Олар бақылаусыз эпидемияның шығыны қысқа мерзімді перспективада карантинді болдырмаудан түскен пайдадан әлдеқайда көп болуы мүмкін екенін айтады.

Алаңдаушылық танытып отырғандардың басым бөлігі ғалымдар мен дәрігерлер. Олар вирус жұқтырғандар санының күрт өсуінен қорқады.

Стокгольмдегі Huddinge клиникасы өзге елдердегідей қайтыс болғандар саны көбейген жағдайда дайын болу үшін денелерді сақтауға арналған тоңазытқыш камералар алып қойыпты.

Елдегі сайлау науқаны тоқтатылды, ал жергілікті билік Стокгольмде Covid-19 жұқтырғандарға арналған уақытша клиника құрылысымен айналысып жатыр.

Үкіметтің бұл шарасын өзгерту мақсатында науқан өткізіп жатқан ғалымдардың бірі, Умео университетінің эпидемиология профессоры Йоаким Роклев «Бұл – барша халықты жұмылдырған, апатты салдарға алып келуі әбден мүмкін ауқымды әрі қауіпті эксперимент» екенін айтады. «Қандай да бір шектеусіз таңдауды адамдардың өздеріне қалдыру - өте қауіпті қадам. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, індеттің бет алысы қарқынды және Швецияның ол елдерден еш айырмашылығы жоқ»,- дейді ғалым.

Дәрігердің зерттеуі вирустың таралуын шектемеу өлім санының көп болуына және ауруханаларға жүктеменің шектен тыс болуына алып келетінін көрсетеді. Маман аса қауіпті топтағы адамдарды қорғап қалу мүмкіндігіне күмәнмен қарайды.  

Умео университетінің вирусология профессоры Фредрик Элг қатаң шаралардан бас тарту – қауіпті әрі ойланбаған әрекет екенін мәлімдеп, Стокгольмде карантин енгізуге шақырды. Дәрігер күннен күнге өршіп жатқан эпидемия бізге тосыннан келіп, абдырап қалуымыз мүмкін дейді.

 

 Дайындаған

Меруерт БҮРКІТБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»