Аймақтар • 03 Сәуір, 2020

Өмірзақ Шөкеев: Құрылыс қарқыны бәсеңдемей, сақтық шаралары орындалуы тиіс

235 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістанда салынып жатқан нысандардың басшыларына жұмысшылардың сақтық шараларын бақылауды, елдегі төтенше жағдайға орай бекітілген барлық талаптарды қатаң сақтауды тапсырған облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев құрылыстың бәсеңдемеуін міндеттеді.

Өмірзақ Шөкеев: Құрылыс қарқыны бәсеңдемей, сақтық шаралары орындалуы тиіс

Облыс әкімі бірқатар нысанды аралап, елдегі төтенше жағдайға қатысты талаптар мен сақтық шараларының қатаң сақталуын тексерді. Желілік саябақты көріп, қалалық Арбатты қайта қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар, «Күлтөбе қалашығы» археологиялық саябағында болды. 11 гектар жерде орналасқан желілік саябақта аттракциондар, салт-дәстүрімізді дәріптейтін сәулет өнерінің туындылары орналасқан. Қаладағы Бекзат Саттарханов көшесінің бойындағы саябақта жұмыс кестесіне сәйкес суғару, дренаждық жүйелерді жүргізу, субұрқақтар орнату, сәндік су айдыны және көшеттер отырғызу жұмыстары жүргізілуде. Ашық аспан астында орналасқан ауқымды бақта ашық бассейн, сусыз фонтан салынуда.

Ал, қаланың рухани-мәдени орталығында орналасқан ғылыми-әмбебап кітапханасында сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Облыс басшысы Ақтөбе өңірінің тартуы ретінде салынып жатқан драма театрдың құрылысын аралады. Аталған нысан Түркістан мен Ақтөбе облыстарының бірігіп қаржыландыруымен жүзеге асуда. Төрт қабаттан тұратын ғимараттың жалпы көлемі – 9700 шаршы метр, онда 510 адамға арналған көрермен залы, арнайы автотұрақ орны болады.

1

Өмірзақ Шөкеев сондай-ақ Ясауи кесенесінің айналасында жүріп жатқан жұмыс барысын бақылады. Қасиетті кесененің айналасын көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары аясында ландшафтық дизайнға ерекше назар бөлінген.