«ІНДЕТ пен МІНДЕТ
Алдымен індет туралы Коронавирус пандемиясы жер жүзіндегі пенде біткеннің барлығы бірдей екенін, ешкімнің ешкімнен айырмашылығы жоқтығын көзімізге шұқып көрсетті. Бай мен кедей де, патша мен пақыр да, ақ пен қара да індеттің алдында бірдей. Бөлмейді, жармайды. Кім екеніңе қарамайды. Емі табылмағанымен қоймай, шекара деген түсінікке бағынбайды. Елден елге, жерден жерге еркін көшіп жүре береді. Жолындағысының бәрін жалмап бара жатыр. Індетті жұқтырмаудың, жақындарыңды аман сақтаудың төте жолы тыныш қана үйіңде отыру екенін түсінуіміз керек. Түсініп те келе жатырмыз. Жәй жүрмей ауру тасып, өзіңнің де, өзгенің де басын қатерге тікпейік десек, шаңырағымыздан шықпауымыз қажет. Келін түсіріп, қыз ұзатып, ас беріп жинала берсек, онда мұның алдын алу, жолын бөгеу мүмкін емес. Елімізде Төтенше жағдай бекерден-бекер енгізілген жоқ. Тәртіпке бағыну, сақтау шарт. Сондықтан өзімізге өзіміз жау болмасақ, үйден шықпайық, отбасымызды, халқымызды сақтайық.
Енді міндет жайында Төтенше жағдай дедік. Қазақстан ТМД елдерінің арасында қатаң тәртіпті бірінші боп қолға алды. Төтенше жағдай жарияланды. Қалалар карантинге жабылды. Нұр-Сұлтан мен Алматыда карантиннің талаптары күшейтілді. Ел бәрінен хабардар. Бұл шаралардың салдарсыз емес екені де анық. Қаншама адам жұмыстан шығып қалып, кәсіпорындар жұмыстарын тоқтатып жатыр. Жұмыссыз қалмағаны ақысыз демалысқа жіберілді. Экономикалық тұрғыдан өте ауыр кезеңді бастан өткеріп отырмыз. Дағдарыстың салқыны ешкімді айналып өтіп жатқан жоқ. Мұндай сын сағатында мемлекет өз азаматтарына қамқорлық жасауға міндетті. Тарықпауын қамтамасыз етуі керек. Сол себепті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 31 наурыз күні мәлімдеме жасады. Мәлімдемемен жұрт танысты, қандай мәселелердің айтылғанынан хабардар деп ойлаймын.
Сонда да болса кейбір тұстарына тоқтала кетейін.
Төтенше жағдайға байланысты төленетін 42 500 теңге көлеміндегі қаражат бұрын тұрақты жұмыс істеп, жалақы алғандарға ғана емес, сондай-ақ өзін өзі жұмыспен қамтыған және ресми тіркелмей еңбек ететін азаматтарымызға да берілетін болды.
Тұрмысқа қажетті заттар мен азық-түлікті тегін алатын азаматтардың санаты кеңейеді. Осының арқасында 800 мыңнан астам адамға көмек көрсетіледі.
Шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға (биылғы 1 сәуірден 1 қазанға дейін) еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан және басқа да төлемдерден босатылады. Мемлекет басшысы қол қусырып қарап отыратын кез емес екенін біледі. Сондықтан осындай нақты шаралар қабылданып жатыр. Мұның барлығы әлеуметтің әлеуметтік жағдайының әлсіреп кетпеуіне, дағдарыстың салдарын жеңілдетуге, елдегі экономикалық тұрақтылықты сақтауға көмек болады, септігін тигізеді. Яғни, мемлекет өзіне жүктелген міндетті орындап жатыр деуге толық негіз бар. Әрбір азаматтың міндеті хақында Төтенше жағдайдың қай кезде енгізілетінен қалың жұрт хабардар ғой деп ойлаймын. Көбіне соғыс жағдайында. Айтқан жерден аулақ, еліміздің шеті бүтін, іші бейбіт. Дегенмен мына індеттің шығыны соғыспен пара-пар болуы мүмкін. Қазір көзіміз көріп, қолымыз ұстамаса да майдандағыдай әрекет жүріп жатыр. Әсіресе, дәрігерлер күнмен, түнмен санаспай әрбір ауру жұқтырған адамның жанын аман алып қалу үшін айқасуда. Бір адам коронавирус жұқтырса, айналасындағы жүздеген кісіге қатер төндіреді. Мылтық кезенбей-ақ, оқ атпай-ақ адамдар өзінің салғырттығынан, жауапсыздығынан қаншама азаматтың басына нәубет әкеледі. Майдан деген де біз осыны да меңзеп отырмыз. Сол себепті әрбір кісі майданда жүргендей жауапкершілікті сезінуі керек. Әйтпесе, немқұрайлылық өкіндіріп тындыруы мүмкін. Күні кеше бізге көп нәрсе керек еді, көп дүниеге көңіліміз толмайтын. Президенттің баспасөз хатшысы ретінде емес, штатив арқалап, сюжет жасап елдің арасында жүріп жетілген журналист ретінде қоғамдағы пікірлердің бәрінен хабардар екенімді айтқым келеді. Тіршілікте барлығы қажет, көңіл толмастық болады. Ол қалыпты дүние. Ал қазір ше? Қазір бізге бір ғана нәрсе керек. Ол - амандық. Әрбір қазақстандық пен тұтас халқымыздың, жалғыз Отанымыздың амандығы қажет. Президентіміз де халыққа жасаған әр мәлімдемесінде осыны қайталап айтуда. Амандық болмаса, ауру шалса, ештеңенің керек болмай қалатынын анық түсіндік. Әсіресе, мынадай алмағайып, қысылтаяң, сындарлы шақта бір-бірімізден кемшілік іздемей, мін термей, сүрініп кетсе, табаламай, аяқтан шалмай, арам ойламай, қайта бірімізді біріміз қолдап, қамқорлық танытып, жәрдем жасап, қолтығымыздан демеп, бірлік көрсетейік. Әдетте біз өзімізге өзгені мысал ретінде келтіруге құмармыз ғой. Америкада торнадо, Жапонияда цунами болып, соның салдарымен бүкіл ел жұмылып күресіп, бір-біріне жәрдемдесіп жатқанда өзімізге үлгі етеміз. «Міне, ел деген осындай болу керек» деп жатамыз. Біз қашанғы өзгені зор санай береміз? Неге қайта басқаға біз үлгі болмаймыз?! Елдігімізді, тұтастығымызды танытайық. Алақандай жердегі ат төбеліндей ғана халықпыз ғой. Алатайдай бүлінбей, «сен-мен» деп бөлінбей, мына сынақтан барлығымыз бір үйдің баласындай, бес саусақтың саласындай бірігіп өтейік. Біздің алдымызда тұрған басты міндет осы. Елдің де, ердің де сыналатыны осы шақ. Сыналған сәтте сыр беріп қалмайық, ағайын» деп жазды ол.