Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Түркістан облысы: Коронавирустан қайтыс болған - 64 жастағы жетісайлық азамат

1025 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгінгі таңда коронавирус жұқтырғандар саны 23-ке жетіп, 1 адам қайтыс болды.

Түркістан облысы: Коронавирустан қайтыс болған - 64 жастағы жетісайлық азамат

Жетісай ауданының 1956 жылы туған тұрғыны 4 сәуірде қайтыс болды. Бұл ауданда індет жұқтырғандар саны 11-ге жетті, сондай-ақ, Мақтаарал ауданында – 4, Кентау қаласында - 2, Арыс - 1, Ордабасы ауданында - 1, Сайрам ауданында - 2  және Сарыағаш ауданында 1 адам тіркелген.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық комиссия отырысында Түркістан облысы бойынша аудан-қала аумағында 3 сәуір мен 17 сәуір аралығында шектеу енгізілетінін мәлімдеді.

Тұрғындар үйден тек қана азық-түлік, дәрі-дәрмек алуға немесе жұмысқа бару үшін шығуы керек. Облысаралық, ауданаралық, қалааралық жолаушылар тасымалы тоқтатылды. Сондай-ақ, жүк тасымалынан басқа теміржол байланысы мен автовокзалдар мен автобекеттер жұмысы  да тоқтайды. Қоғамдық көліктер таңғы 6.00 мен 20.00 аралығында жүреді. 

Облыс аумағында «бетперделік режим» енгізіледі. Азық-түлік базарлары күн сайын дезинфекцияланады, жұмыс режимі 10.00 мен 17.00 аралығын құраса, азық-түлік дүкендері мен дәріханалар 9.00-20.00 аралығында жұмыс істейді. Көпшілік тамақтанатын орындар келушілерді қабылдамай, тек үйге тапсырыс қабылдау арқылы сағат 8.00 мен 20.00 аралығында жұмыс істейді. Жанар-жағармай құю бекеттері, екінші деңгейлі банк, жеке нотариустер 10.00 мен 16.00 аралығында қызмет көрсетсе, сән салоны, шеберхана, көлік жөндеу орындары сағат 10.00-18.00 жұмыс режиміне көшеді. Бұдан бөлек, тротуарларды, жолдарды және оларға іргелес аялдама кешендерін, жол қиылыстарын, сыртқы элементтерді және сауда алаңдары кестеге сәйкес дезинфекцияланады.

 

Түркістан облысы