Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Түркістан: Індеттен қайтыс болған науқас Алматы облысында қонақта болған

632 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Жетісай қаласының 1956 жылы туған тұрғыны 4 сәуірде қайтыс болды. Осы жағдайға және өңірде коронавирус жұқтырғандардың саны арта бастауына байланысты онлайн режимде шұғыл брифинг өтті.

Түркістан: Індеттен қайтыс болған науқас Алматы облысында қонақта болған

Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Жамалова қайтыс болған науқас 29 наурызда аудандық ауруханаға пневмония, тыныс алу қиындығы белгілерімен жатқызылғанын, қосалқы диабетпен ауыратыны анықталғанын мәлімдеді. «Барлық сынамалар алынып, емдік шаралары жүргізілген. Өкінішке қарай, науқастың жағдайы нашарлап, бүгін таңертең көз жұмды. Науқас 15 наурызда Алматыдан келгенін жасырған», деді С.Жамалова. Ал облыстық Тауарлар және қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрбек Нышановтың айтуынша, қайтыс болған азамат бір ай Алматы облысының Қарасай ауданында қонақта болған. «Наурыздың 15-не келген оның денсаулығы он күннен соң, яғни 26 наурызда нашарлай бастаған. Ауруханаға 29 наурызда жатқызылған. Онымен жақын қарым-қатынаста болған 25 адам және ықтимал байланыста болған 40 адам анықталған. Олардың барлығы оқшауланған», деді Н.Нышанов.

Жалпы облыста 4 сәуір таңертеңгі мәлімет бойынша індет жұқтырғандар саны өңірде 23-ке жетті. Нақтырақ айтсақ, Жетісай ауданында 11 адам індет жұқтырған, сондай-ақ Мақтаарал ауданында – 4, Кентау қаласында -2, Арыс -1, Ордабасы ауданында -1, Сайрам  -2  және Сарыағаш ауданында 1 адам тіркелген. «Науқастардың барлығы Нұр-Сұлтан және Алматыдан келген азаматтармен қарым-қатынаста болғандар. Вирус жұқтырғандар қазіргі уақытта оқшауланып, ем қабылдауда. Ал байланыста болған 380 адам, яғни 210 жақын қарым-қатынаста және ықтимал қатынаста болған 170 адам жіті тексерулерден өткізілуде. Барлық жағдай қатаң бақылауға алынған», деді облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Салтанат Жамалова.

 

Түркістан облысы