Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

БҚО: Әкім шекарадағы блок-бекетті тексерді

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев өңірдің Атырау облысымен шекарасындағы блок-посттардың жұмысын тексерді.

БҚО: Әкім шекарадағы блок-бекетті тексерді

Наурыздың 31-інен бері Батыс Қазақстан облысында күшейтілген карантин режімі енгізілген болатын. Бүгінде облыс аймағында карантинге байланысты 90-ға жуық блок-пост қойылды. Бұл бекеттердің алтауы – Ақжайық ауданы аумағында.

Орал-Атырау тас жолының бойында Шабдаржап ауылының тұсындағы және Жайық өзенінің сол жақ бетінде Сарытоғай ауылының тұсындағы бекеттер бүгінде сырқат саны 22-ге жеткен Атырау облысымен шекараға қойылған. Айта кетейік, қазір Орал қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасында жатқан қос науқастың бірі қауіпті вирусты дәл осы Атырауға барған іссапарында жұқтырғаны анықталған еді. Бұдан бөлек, Чапаев ауылындағы қалқымалы көпірде, аудан орталығынан Қазталов пен Жаңақала бағытына шығатын тас жолдар тұсында, Алғабас ауылының бұрылысында да блок-посттар тұр.

о

Бұл бекеттердің әрқайсысында 2 бригада ауысыммен қызмет атқарады. Атырау шекарасында 4 санитарлық дәрігер және 6 миграциялық, учаскелік, патрульдік полиция инспекторлары кезекшілікте тұр. Блок-посттағы қызметкерлер патрульдік автокөлікпен, қару-жарақпен, бетпердемен, автокөлікті тіркеуге арналған журналмен, анкета парақтарымен және басқа да қажетті құрал-жабдықтарымен (тепловизер, антисептиктермен) қамтылған. Бекеттердің алдында тиісті жол белгілері қойылған.

Осы бекет орнатылғалы Шабдаржап ауылы тұсындағы блок-посттан барлығы 5176 автокөлік өткен екен. Оның 2733-і – жеңіл көлік, 95-і – жолаушы тасымалдаушы, 2318-і – жүк көлігі. Көліктен бөлек 13845 адам тексерістен өткен. Соңғы тәулік ішінде Орал-Атырау күре жолындағы Шабдаржап бекетінен 285 машина өткен. Орта есеппен алғанда аталған тас жолдан 250-ге жуық автокөлік жүріп өтеді екен.

- Ақпараттық жұмыстардың арқасында екі облыс арасында жеңіл көлік саны айтарлықтай азайды. Бекеттен өткен барлық азаматтың қызуы тексеріліп, сауалнама толтырып жатыр, - дейді Ақжайық аудандық полиция бөлімінің бастығы Ертас Бисенов.

Облыс әкімі Ғали Есқалиев тұрғындар тарапынан шекарадағы бекетте көлік кептелісі жиі болады деген шағым түскенін айтты. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, кептеліс Атырау облысындағы мұнай компанияларында ауысыммен жұмыс істейтін адамдардың топ болып келген кезінде болған екен. Екі облыс шекарасынан өтетін адамдардың көбі Ақтөбе облысының тұрғындары көрінеді.

- Барлық тексеруден кейін оларды патрульдік автокөлікпен облыс аумағынан шығарып саламыз. Бізде бекетті айналып өту әрекеті де анықталды. Бүгінде тәртіп бұзушы ұсталып, хаттама толтырды. Ал бекеттен өтер сәтінде дене қызуы көтерілген немесе басқа да сырқат белгісі анықталған тұлға болса, біз шұғыл түрде жедел жәрдем шақырамыз, - дейді полиция қызметкерлері.

Кездесу барысында өңір басшысы полиция және төтенша жағдай қызметкерлері жүргізіп жатқан жұмыстың маңыздылығына тоқталып, тексеру кезінде барынша мұқият болу қажеттігін айтты.

- Нақты сауалнама жүргізу, жазылған мәліметтердің толықтығын қадағалау арқасында облыс аумағында сырқаттанғандарды анықтау жеңіл болады. Соның нәтижесінде біз ауру жұқтырған адамның облысқа қайдан келгенін анықтап, онымен байланыста болған адамдарды тез табамыз. Тұрғындарға түсіндірме жұмысын мұқият жүргізіп, олардың сауалнама толтыру кезінде жеке жауапкершілігі туралы ескертудің маңызы зор. Мен сіздерден облыс тұрғындарын коронавирус індетінен қорғау жолында шыдамдылық танытуға шақырамын, - деді облыс әкімі блокпостағы қызметкерлер бригадасына.

 

Суретті түсірген Мейірбек ТӘЖҚҰРАН

 

Батыс Қазақстан