Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

БҚО: 108 мың оқушы қашықтан оқиды

225 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы мектептеріндегі 14 мыңнан астам мұғалімнің 98,9%-ы компьютерлік құрылғы, смартфонмен қамтылған. Қашықтан оқыту жоспарланып отырған IV тоқсан қарсаңында 601 мұғалімге уақытша пайдалануға компьютер берілді.

БҚО: 108 мың оқушы қашықтан оқиды

Батыс Қазақстан облыстық Білім басқармасы басшысы Айымгүл Тіржанова өңірдегі 390 мектепте 108 мыңнан астам оқушы бар екенін, оқу жылының қорытынды, төртінші тоқсанын қашықтан оқытуға дайындық пысықталғанын хабарлады.

- Оқушылар үшін қашықтан оқыту түрлі форматта жүргізіледі. Бірінші «Еларна», «Балапан» телеарналарында және «Қазақ радиосы» толқынында сабақтар беріледі. Осы сабақтарды көріп, тыңдап болған соң мұғалім түсіндірілген жаңа тақырыптар бойынша оқушылармен кері байланыс орнатады. Кері байланыс электрондық журнал болған жағдайда ғана орнатылады. Электрондық журнал болмаған жағдайда мұғалімдер өздерінің уақытша журналында оқушылардың оқу үлгерімін белгілеп отырады, - дейді Айымгүл Тіржанова.

Елімізде «Bilіm Media Group», «Күнделік», «Мектеп онлайн», «Дарын онлайн» интернет платформалары мұғалімдер мен оқушыларға тегін қызмет ұсынып отыр. Мұнда әр пән бойынша бірнеше мыңнан астам бейнесабақ орналастырылған. Осы ресурстарды пайдаланып, мұғалім оқушыларға тиісті тапсырма беріп, оқушымен кері байланыс жасайды және сабақтың қалай өткенін қорытындылап отырады.

«Сонымен қатар ұялы байланыс мүмкіндігін пайдаланып уатсап, телеграмм басқа да чаттар, электрондық пошталар арқылы оқыту ұйымдастырылады» дейді басқарма басшысы.

Қашықтан оқытуға көшуге байланысты білім ұйымдарының балансында тұрған компьютерлер педагогтер мен мұқтаж ата-аналарға уақытша пайдалану үшін берілсе, үнемделген қаржыдан компьютер, ноутбук, планшет сатып алу да көзделген.

- Барлық аудандық және Орал қалалық білім бөлімдерінің мәліметі бойынша облыстағы оқушылардың 91,5%-ында компьютерлік құрылғы, смартфон бар. Олардың 86,9%-ы интернетке шыға алады. Ал 9288 оқушының компьютері жоқ еді, қазіргі таңда олардың 2554-іне мектептердегі компьютер уақытша пайдалануға берілді, - дейді Айымгүл Тіржанова.

Өңір халқының тең жарымы тұратын Орал қаласында 50342 оқушы бар. Бұлардың ішінде аз қамтылған және көпбалалы отбасының балаларына мектеп тарапынан 779 компьютер, 116 ноутбук берілген. Сонымен қатар демеушілер арқылы кейбір отбасыларға интернет өткізіліп, 7 смартфон, 9 компьютер, 7 теледидар, 21 планшет, 34 модем, 4 флешка, 2 роутер алынды. Орал қаласында 244 оқушының интернет желісіне қосылуы үшін қаражылай қолдау көрсетілген.

- Елімізде төтенше жағдайға байланысты оқытудың жаңа түрі енгізіліп отыр. Сондықтан мұғалімнің жұмысы көбейді. Бұл кезеңде оқушылар мен ата-аналар да өз үлесін қосуы қажет. Осы үштік бірлесе жұмыс істесе ғана қашықтықтан оқыту нәтижелі болады, - дейді Батыс Қазақстан облыстық білім басқармасының басшысы Айымгүл Тіржанова.

 

Батыс Қазақстан