Экономика • 04 Сәуір, 2020

Дағдарыс жаңа есімдерді жарыққа шығарады

1234 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиева Әлемдік экономикадағы жағдай 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезеңінен гөрі нашар деген пікір білдірді. Бұл хабарды бүгін таңертең ТАСС таратты.

Дағдарыс жаңа есімдерді жарыққа шығарады

«Жаңа дағдарыс дамушы нарықтар мен дамушы елдер үшін қиын болды. Дамушы нарықтар мен дамып келе жатқан экономикалар қатты зардап шекті. Мұндай қос дағдарыс жағдайында оларда өзін-өзі қорғау үшін ресурстар аз болады» деді Георгиева.  

Оның ақпараты бойынша, мұндай елдерден капиталдың кетуі «шамамен 90 миллиард долларды» құрады. Бұл әлемдік қаржы дағдарысына қарағанда әлдеқайда көп.  Бұған дейін Георгиева коронавирустық пандемия жағдайында ғаламдық ІЖӨ 2020 жылы әлемдік қаржылық дағдарыс кезінде 2009 жылмен салыстырғанда көбірек төмендейтіні туралы,  қалпына келтіру эпидемияны жою уақытына байланысты екенін ескертті.    

Йель университетінің оқытушысы және Morgan Stanley Asia-ның бұрынғы төрағасы  Стивен  Роуч  ақпан айының бас кезінде Алматыда өткен жиында  қаржы немесе экономикалық сипаттағы дағдарысты алдын-ала болжау тым ақылды шешім емес екенін айтқан. Өзін-өзіне сыймен қарайтын прагматик саясакерлер болжамайды, қай жерден қателескенін анықтап, содан сабақ алудың жолдарын ұсынады. Стивен Роуч айтып өткендей, әр  дағдарыстың   өз қаһарманы болады болады. Үкіметтің экономикалық блогы  нақты экономика мен қаржы нарығындағы дисбалансты бағамдау арқылы ауқымды келеңсіздіктердің алдын алуға болады. Нарық немесе экономиканың әлсіз тұсын қалпына келтіру үшін көп нәрсе қажет емес. «Алайда кәдімгі түзету жұмыстары мен дағдарыстың айырмашылығы бар. Келеңсіздік нақтылығы мен әлсіздік дәрежесінің ара жігін айыра білу маңызды. Өте әлсіз жүйеде орын алған аса ауқымды келеңсіздік – нағыз дағдарыс» дейді   Стивен  Роуч

Стивен  Роуч   орталық банктер балансының шектен тыс артуы сынды әлсіздікке апаратын негізгі көздер алаңдататынын айтып, оның басты үш себебін түсіндіріп берген:  «Қазір орталық банктердің балансы қалыпты мөлшерден асып кеткен.  2019 жылдың қараша айында ірі орталық банктердегі актив көлемі (АҚШ Федералды қор резервіЕуропа орталық банкі мен Жапония банкі) 14,5 трлн $ құрады. Бұл көрсеткіш  2018 жылмен (15 трлн $) салыстырғанда сәл төмен және дағдарысқа дейінгі дәрежеден 3,5 есе жоғары, яғни 4 трлн $ көп. Осыған ұқсас қорытындыны әр мемлекет экономикасына сәйкес орталық банк активтерінің көлемімен салыстыра отырып жасауға болады: Әзірге  ең үздік ел Жапонияның  ЖІӨ 102%-ды құрайды, одан  АҚШ ФЖР - 17%.  Екіншіден, орталық банктер балансының артуы монетарлы саясаттағы тәжірбиенің дұрыс жүргізілмеуінен туындайды.

Он жыл бұрын мұндай қадам табысты болып есептелетін, себебі ол 2008 жылдың соңы мен 2009 жылдың басында орын алған дағдарыс кезінде нарықтың құлдырауына тосқауыл қойды.

«Орталық банктер дағдарыс кезінде қолданылған шаралар қалпына келтіру кезінде де нәтижелі болатындығына үміттенді. Алайда үміт ақталмады. 2008-2018 жылдары АҚШ, Еуроаймақ пен Жапонияның атаулы ЖІӨ 5,3 трлн $-ға өсті, осы жылдардағы орталық банк балансының жиынтық өсімінің 10 трлн $ жартысына тең еді.  Қалған 4,7 трлн $ дағдарыстан кейінгі дәуірдің қаржы активтері нарығын ұлғайтқан ауқымды өтімділік баламасына айналды» дейді  Стивен  Роуч   

Әлемдік деңгейдегі қаржы қауымдастықтары, ФРЖ экономикадағы мүлт кеткен тұстарға сын көзбен қарап, балансты қайта ұлғайту қажет деп тапқандарын көріп отырмыз. 2018 жылдың соңында Федералды резервті жүйе бұл процесті қолға алып, негізгі есептік мөлшерлемені қалыпқа келтіруден бас тартты.

«Төмен инфляциялар дәуірінде нақты инфляция деңгейін көздейтін орталық банктер әдеттен тыс монетарлы саясатының дәстүрлі (нөлдік есептік мөлшерлеме) немесе дәстүрлі емес (баланстың артуы) түрін теріс бағытта жүргізе бергені дұрыс.    Егер экономика мен кіріс өте қарқынды түрде дамып кетпесе не ФРЖ балансты ұлғайтудың жаңа дәрежесін бастамаса, онда АҚШ қор нарығындағы өсімнің артуы екіталай. Ал керісінше жаңадан пайда болған келеңсіздік (инфляция үрдісінің үдеуі немесе осыған байланысты пайыздық мөлшерлеме артса) жоғары бағаланатын АҚШ қор нарығына айрықша түзетулер енгізуі әбден мүмкін» дейді Стивен  Роуч. 

Стивен Роуч 2020 жылы бүгінгі әлсіз әлемде дағдарыс туындату аса қиын шаруа емес екенін айтып өтті.

«Дағдарысқа қатысты мені алаңдататын себептерді үш сөзбен сипаттай аламын: протекционизм, популизм және саяси дәрменсіздік. Басты қауіп протекционизм бағытына ойысудан, әсіресе, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда келісімінің «бірінші кезеңі» жарияланған соң пайда болды» дейді ол сөзін түйіндеп.

Дегенмен, 1998-дегі дефолтты еске алса, әлі күнге дейін экономистер шырт ұйқыдан шошып  оянады.  Одан бергі  2008 жылғы дағдарыстың салдары Орталық Азия елдері мен Ресей арқасына қатты батқанын әлі ешкім ұмытқан жоқ. EG.RU агенттігінде Орталық Азия және Ресей тақырыбын жиі сараптайтын экономист Денис Овсиенко бізбен әңгімесінде 1998-2008 жылдардағы дағдарыстың себеп-салдары тиісті деңгейде зерттелмегенін айтқан болатын. Кейбір елдердің оны зерттемек тұрмақ дағдарыстың қыспағында екенін мойындаудың өзі ауыр болған. Қазақстан мен Ресейдің қазіргі дағдарыстан ес жиюға мұршасының болмай қалуына себеп болған басты фактор да сол екен. Дегенмен, Овсиенко 1998-2008 жылдардағы дағдарысқа адами фактордың көп себеп болғанын айтады. Банктерде құнды қағаздардың жинақталып қалғаны соншалықты, оның құнын анықтау мүмкін болмаған.

Ресейдің Жинақ банк қауіпті сейілту үшін активтерді сатып алып, несие берумен айналысатын қаржы ұйымдарын арзан несиемен қамтамасыз еткен. Осы мүмкіндікті қалт жібермеген АҚШ-тың Федералды резерв жүйесі 4,5 трлн АҚШ долларына сатып алған құнды облигацияларды айналымға жіберген еді. Бұл қаржы бизнесті айналып өтіп, қор биржасына жетіп, көбікті жан-жағына шашыратып жіберді.  Тарихта 2020 жылғы дағдарыс деген атауымен қалғалы тұрған қазіргі уақытта адами емес, табиғи фактордың да тырнағы қаттырақ батып кетті: Әлем құбылмалықты бастан кешіп жатыр. Сарапшылар ең қорқынышты болжасдардың орындалып жатқанына алаңдай бастады.  Уханнан басталған дерт әлемдік катаклизмге айналды. Себебі осыған дейін Ресейге қарсы санкциялардың Қазақстанға тек жанама түрде ғана әсер ететінін айтқан Ұлттық банк Үкіметке қазір де талай айтқан.

Бірақ сол жанама әсердің қандай болатыны да ашып айтылмағаны дәл қазір еске түсіп отыр: Көп көңілінде «2008-ші дағдарыстың және ағымдағы жылы болған құбылыстардың арасындағы байланыс қандай?» деген сұрақ бар.  Экономист Олжас Төлеуов  2008 жылы экономикалық дағдарыстың негізгі себебі АҚШ жылжымайтын мүлік нарығындағы күрделі жағдай және онымен байланысты синтетикалық деривативтер (бағалы қағаздар), яғни негізгі тауардың қаржылық құралдары  себеп болғанын айтады. «Ал 2018-да дағдарыстық құбылыстар әлемдегі геосаяси шиеленістің күшеюінен, ФРС ақша-кредит саясатының біртіндеп қатаңдығынан, сондай-ақ Қытай мен АҚШ арасындағы сауда дауларынан, атап айтқанда, дамушы нарықтарға қатысты дамыған елдердің протекционистік саясатының өсуінен туындаған болатын» дейді.

Бұл жолғы қиындықтарды еңсеру үшін өткен қиыншылықтардан сабақ алу қажет екенін жоғарыда айтып өттік. Біздің басты кемшілігіміз мұнай дәурені жүріп тұрған кезде оны ел игілігіне тиісінше пайдалана алмағанымыз.  Қол жеткен жетістіктерімізді, тіпті дұшпанымыздың өзі жоққа шығара алмайды. Жетістіктеріміздің басым бөлігі шикізатқа, мұнайға байланысты екені, оны кейбір адамдардың  маңдай тері, дипломатиялық еңбегінің нәтижесі деп бағалау, тек біржақты ғана болар еді. Бұл халықтың еңбегі. 

Екінші кемшілік 1998, 2008 жылдардағы дағдарыстың себеп салдары тиісті дәрежеде зерттелмеді. Саясаттанушы Досым Сәтпаев мұны қолға алу әлі де болса кеш емес екенін айтады. Ол үшін үкіметтің экономикалық блогы жағынан тәуелсіз сарапшылар кеңесі жұмыс істеуі тиіс. «Бәрі керемет» деген деп басталатын баяндамалардың дәурені өтті. Ендігі жерде мемлекеттік деңгейде қолға алынатын құжаттардың бәріне нақтылық керек. Сонымен қатар  уақытқа дейін қандай мүмкіндіктерді уыстан шығарып алғанымыз мемлекеттің дағдарысқа қарсы бағдарламаларында ашық көрсетілуі тиіс» дейді Досым Сәтпаев.

Сарапшылар Қазақстан тәрізді даму жолына енді түскен елдерді алдағы уақытта бұрын тарихта болмаған бәсекелестік жағдайында кезеңдер күтіп тұрғанын айтады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың дипломатиялық тәжірибесі де сын тезіне  салынар кезі  алда.   Себебі тек Орталық Азия емес, Ресейдің өзі де АҚШ-тың, Батыс елдерінің инвестициясына тәуелді.  Орталық Азия елдерінің интеграциясына көбірек ден қойып жүрген елдердің бәрі «ЕАЭО маңына топтасайық»  деген Ресейдің емес, батыс елдерінің ықпалына көбірек басымдық беруі және барынша инвестициялық жайлы климат қалыпастыру үшін жанталасып күн кешуі әбден мүмкін. Бұл жағдай қазақы пайыммен айтқанда «не арба сынады, не өгіз өледі» дегенге көбірек  ұқсайды. Осы жағдайда жол табатын, арбаны сындырмай, өгізді өлтірмей, қазақтың көзін ілгерілетін   тұлғаларды ғана тарих 2020 жылдардағы дағдарыстың батырлары деп таниды.

 

АЛМАТЫ