Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Түркістан: Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер сызылды

485 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысы Төлеби ауданында коронавирус індетінің таралуын болдырмау мақсатында халық көп жиналатын «Халық банк» АҚ мен «Қазпочта» АҚ-ның бөлімшелері ғимаратының алдына кезекке тұратын арнайы орындар белгіленген. Ақ түсті бояумен көрсетілген орындардың арақашықтығы – 2 метр.

Түркістан: Арақашықтықты сақтау үшін арнайы белгілер сызылды

Бұл зейнетақы, жалақы, жәрдемақы алу үшін келетін тұрғындардың бір-бірінен алшақ тұрып, қауіпсіздікті сақтау мақсатында қолға алынған шара. Одан бөлек, осындай халыққа қызмет көрсету орындарына келген азаматтарды ғимарат ішіне кірерде тепловизормен дене қызуын тексеріп, қолдары арнайы антисептикпен залалсыздандырылуда. Әрбір азаматтың медициналық бетпердемен жүруі қатаң бақылауға алынған. Бетпердесі жоқ тұрғындарға әкімшілік тарапынан бетперде тегін таратылуда. Қазіргі таңда осындай қатаң режимдегі сақтық шаралары облыстың өзге аудан қалаларында жүзеге асырылуда.

Мысалы, Түркістан қаласының әкімдігі мен "Asar" еріктілер ұйымы банктердің алды мен терминалдар орнатылған жерлерде арақашықтықты сақтау үшін белгілер сызды. Полиция қызметкерлері де патрульдік көліктері арқылы хабарлап,  арақашықтықты сақтауға шақыруда.

 

Түркістан облысы