Жұмыс барысында құрылыс алаңдарында барлық құрылысшыларға медициналық бетперде тағып жүру міндеттелген. Әр нысанда медициналық пункттер жұмыс істеп, жұмысшылардың дене қызуы өлшенеді. Сондай-ақ, олар антисептикпен қамтамасыз етілген. Жұмысшыларға арақашық 2 метрден кем болмауы керектігі ескертілген. Одан бөлек, құрылыс нысандарының аумағында COVID-19 вирусынан сақтану тәсілдері жазылған ескерту плакаттары ілінген.
Түркістан қаласындағы бірқатар құрылыс алаңдарын аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысып шыққан облыс әкімінің бірінші орынбасары Қосман Айтмұхаметов өңірде құрылыс тоқтамайтынын мәлімдеді. «Төтенше жағдайға байланысты облыстың Бас санитар дәрігері қосымша шектеулер белгіледі. Алайда, бұл құрылыс жұмыстарына ешқандай кедергі келтірмейді. Барлық жұмысшыларға іс барысында тиісті сақтық шараларын қатаң түрде сақтап жүру туралы талап қойылып отыр. Бүгінге дейін ешқандай кемшіліктер орын алған жоқ. Барлығы қалыпты жағдайда», – деді Қ.Айтмұхаметов. Бірқатар құрылыс материалдары Шымкент қаласынан әкелетіндіктен аздаған қиындықтар туындаған. Дегенмен, екі жақты келісімнің арқасында бұл мәселе де оң шешімін тапқан.
Түркістан облысы