Қоғам • 05 Сәуір, 2020

Ауыл мұғалімі өлкетану байқауын өткізеді

887 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Алмалы ауылдық округіне қарасты Атамекен ауылында Махамбет Өтемісұлы атындағы мектеп бар. Шағын елді мекенде аядай үйге қамалған оқушылар жақында қызық ермек тапты. Оны ұйымдастырған – қосымша білім беру педагогы Жәнібек Әбілпейісов.

Ауыл мұғалімі өлкетану байқауын өткізеді

- Карантиннің кесірінен оқшауланып қалған шәкірттерім үшін WhatsApp желісінде арнайы топ құрып, өлкетану байқауын өткізуді ойладым. Алғашқы онлайн сайыс-сабақтың тақырыбын «Аулымыздың айтулы тұлғалары» деп атадым. Сұрақтар негізінен өзіміздің Атамекен ауылына, Тайпақ өңірінен шыққан айтулы тұлғалар жайлы болды. Бұл мәліметтің көбі аулымыздағы «Жерұйық» мұражайында тұрған, оқушылар білетін деректер болатын, - дейді Жәнібек.

Наурыздың 31-і күні өткен «Жерұйық» үйірмесінің онлайн-сабағына ауыл мектебінің 40 оқушысы қатысыпты. Балаларды қызықтыру үшін Жәнібек ең көп ұпай жинаған 3 жүлдегерге өз қалтасынан ақшалай бәйге тағайындаған.

Сабақтың аты – «Тұлғалар»,

Білген бала жүлде алар!

Тұлғаларды білмеген –

«Единицадан» құр қалар, – деп бәйгені бастап кеткен ауыл мұғалімі «Оқушыларым онлайн-сабаққа мұншалық қызығушылықпен қатысады деп өзім де ойламадым» дейді. 45 минутқа жоспарлаған сайыс сағат жарымға созылып, жүлдегер анықталған соң да қызу талқы болыпты. «Келесі сайыс қашан, ағай?!» деп сұрап жүргендер көп.

к

Айта кетейік, Жәнібек Әбілпейісов шағын ауылда өз күшімен музей ашып, батырдың бес қаруын жинаған жігіт. Оқушыларымен бірігіп тоқыған бадана көз сауыты бүгінде біраз жерге әйгілі. Өлкетану бағытындағы бірнеше кітаптың авторы Тайпақ өңіріндегі эпиграфикалық экспедицияларға да қатысып жүр. 2018 жылы Жәнібек Әбілпейісов Қазақстан Республикасының Мәдениет министрі қол қойған «Үздік өлкетанушы» төсбелгісіне ие болды. Осының бәрі ауыл ұстазының ізденімпаз еңбекқорлығын көрсетіп тұр. 

Бүгінде карантинге, қашықтан оқытуға байланысты Жәнібекті еңбек демалысына жіберіпті. Бірақ оқушылардың сұранысымен сайыс-сабақ жалғасып жатыр. «Ғимараты апат жағдайында тұрған шағын мектепте менің сабағыма кабинет жетпей, өткізетін жер таппай қиналатын едім. Мына онлайн-сабақ маған жақсы болды» дейді өлкетанушы ұстаз.

 

https://drive.google.com/file/d/1cNIwmMim55SLOZHiZVxeCvC0jOs9yaeu/view 

 

Батыс Қазақстан