Экономика • 05 Сәуір, 2020

Әр теңге үшін есеп беруге дайынбыз

295 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәлімдемесінде халықтың әлеуметтік жағдайын әлсіретпеу, экономиканы қолдау шаралары көрініс тапты.

Әр теңге үшін есеп беруге дайынбыз

Президент әр салаға бөлінген қаражатты тиімді пайдаланудың тетігін көрсетті. Тұңғыш Президент – Елбасы құрған Ұлттық қорды мысалға ала отырып, барлық қаражат көздерін пайдалануды тапсырды. Әрі экономикамызды нақты әрі жедел қалпына келтіру үшін мемлекеттік даму институттары арқылы қаржыландыру мүмкіндігін де қарастыратынын мәлемдеді. Олардың қатарында Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры, Ұлттық банктің ресурстары мен құралдары, «Бәйтерек», «Аграрлық несие корпорациясы»  бар. Ең бастысы, бұл қаржылай қолдау экспорттық әлеуеті бар, тез дамып келе жатқан орта деңгейлі компанияларға арналады. Себебі, мұндай компаниялар дағдарыстан шығудың төте жолы болмақ.

Дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру аясында «Бәйтерек» холдингі жылдық 6% сыйақы мөлшерлемесімен және 12 жылға дейінгі мерзімге жалпы сомасы 600 млрд теңгеден аспайтын облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр. Бұл қаражат өңірлерді дамыту үшін әкімдіктерді қаржыландыруға бағытталады. Осы шара 250 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді және өңірлер мен ірі қалалардағы жобаларды іске асыруға жәрдемдеседі.

Менің ойымша, бұл елдегі әрі жекелеген аймақтағы экономикалық ахуалға оң мультипликативті әсер етеді. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің ұтымды тәсілі де болмақ.

Сонымен қатар, мемлекеттің халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету саясатын іске асыру тиімділігін арттыру мақсатында Мемлекет басшысы тұрғын үй құрылысын қаржыландыруға қосымша қаражат бөлуді мақұлдады.

«Бәйтерек» холдингі қаржы нарығында 180 млрд теңге тарту жұмыстарын аяқтауда. Бұл қаражат әкімдіктердің облигацияларын сатып алудың қолданыстағы тетігі арқылы кредиттік тұрғын үй салуға бағытталады. Елдің барлық өңірінде қосымша 16 мыңнан астам пәтер салуға мүмкіндік береді.

Бұл механизмді, яғни әкімдіктердің облигацияларын сатып алуды біз 2017 жылдан бастап «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында қолданып келеміз. Аталған механизм ақшалай қаражатты "револьверлік" қағидат бойынша әр екі жыл сайын айналымда ұстауға, яғни тұрғын үйді сатудан түскен қаражатты жаңа құрылысқа қайта бағыттауға мүмкіндік береді.

Жалпы жиыны 340,2 млрд теңге сомасына әкімдіктердің облигациялары сатып алынды, осылайша, бүкіл ел бойынша 1,8 млн шаршы метр тұрғын үй немесе 30,3 мың пәтер салынып, пайдалануға берілді.

«Бәйтерек» холдингі қазір өзінің еншілес ұйымы – «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Біз мемлекеттік қолдаудың барлық шараларын толық көрсетуді жалғастырудамыз.

«Бәйтерек» холдингі және біздің еншілес ұйымдарымыз халыққа барынша қолдау көрсетуде. Мәселен, Қазақстандық инвестициялық қор еншілес ұйымы ШОБ үшін жалдау ақысын төлеуді үш айға тоқтатты, ал Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі, Қазақстан ипотекалық компаниясы, Бәйтерек девелопмент ипотекалық төлемдерді төлеуді үш айға үстемеақысыз және айыппұлсыз кейінге қалдырды.

Әрдайым ашық жұмыс істейміз және мемлекеттің дағдарысқа қарсы шаралары аясында бөлінген әрбір теңге бойынша есеп беруге дайынбыз деп сендіремін.

 

Айдар ӘРІПХАНОВ,

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ Басқарма төрағасы