«Ұлы Отан соғысы кезінде тылдағы жастарымыз асқан саналылық пен ұйымшылдықтың үлгісін көрсете білді. Соның нақты бір дәлелі олардың «Қазақстан комсомолы» атты танк колоннасын жасақтауға қаржы жинауы еді. 1941 жылдың қыркүйегінен 1942 жылдың тамызына дейінгі аралықта осы мақсат жолында әлденеше сенбілік, жексенбілік өткізген, жұмыстан кейінгі бос уақыттарын сол ортақ іске арнаған жас патриоттардан еліміздің Қорғаныс қорына 11 миллион сомнан астам қаржы түсті. Бұл ақшаға 45 танк жасалынып, «Қазақстан комсомолы» деп аталған темір тонды техника колоннасы 1942 жылдың 16 қыркүйегі күні Н. әскери бөліміне табыс етілді. Серпухов елді мекенінің іргесіндегі оған арналған салтанатты митингіде біздің республикамыздан барған делегация атынан Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы Нұрхан Ахметова сөз сөйледі».
Телеграфтық стильде жазылған осы архив материалын оқығанымда ойыма бірден төмендегідей екі сұрақтың оралғаны!.. Оның біріншісі, «Қазақстан комсомолы» атындағы танк колоннасы үшін қаржы жинау ісі қалай басталған?» деген сауал да, екіншісі: «Майдан шебіндегі митингіге қатысып, республика жастарының сыйлығын тапсырған делегация өкілдерінен қазір көзі тірі жандар бар ма екен?» деген сұрақ болатын. Бұған Төлтай аға: «Жүгіңді жеңілдетейін. Жоғарыдағы құжатта аталған Нұрхан Ахметова қазір бар. Жасы 95-ке келген бұл апаң осы Алматыда тұрады. Қалалық ардагерлер кеңесіне телефон соқсаң, мекенжайын айтып береді», деді де танк колоннасын жасақтау үшін республика жастарының қашан, қалай бастама көтергенін кітапханадағы сол кезеңнің газет-журналдарынан іздеп көруіме кеңес берді.
«Иә, – дедім қарт ғалымның жоғарыдағы сөзінен соң ішімнен. – Оқиғаға куәгер болған жанның болғанына шүкір! Бірақ ол кісіні тауып, жолықпас бұрын бұл бастаманың тарихын жете біліп алуым керек қой. Әйтпесе...» Міне, осы мақсатпен 1941-1945 жылдары бізде шығып тұрған мерзімді басылымдарды қарап шығуға кірістім. Бұл орайда «Казахстанская правда» және «Жаңа жазу» (қазіргі «Қазақстан мұғалімі») газеттерінің, содан кейін «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы кезеңінде» атты 1965 жылы жарық көрген құжаттар жинағының көп көмегі тигенін атап айтқаным жөн. Ондағы мағлұматтарға қарағанда танк колоннасына қаржы жинау жөніндегі патриоттық бастамаға ең алғаш рет 1941 жылдың күзінде Шымкент теміржол торабының жастары мұрындық болған екен.
«Қымбатты достар! – делініпті
1941 жылдың 2 қарашасы күні облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде жарияланған үндеуде. – Біздің сүйікті Отанымыз ауыр күндерді басынан өткеріп жатыр. Жау еліміздің өмірлік орталығына қауіп туғызып, Мәскеуге ұмтылуда. Бүкіл кеңес халқы, кімге бостандық, ар және әділдік қымбат болса – солардың бәрі фашизмге қарсы күреске шықты. Қызыл Армияның ержүрек жауынгерлері дұшпан әскерлеріне қаймықпай қарсы тұруда. Қаһармандық шайқастағы бұл батырларымызға еліміздің тылын күнбе-күн нығайтып жатқан еңбек даласының ерлері мал өсіріп, егін егудегі жанқиярлық істерімен, жұмысшылар кен қазып, көмір өндірудегі тынымсыз қимылдарымен көмектесуде.
Жау бізге қарсы ең жаңа техникасы мен бақайшығына дейін қаруланған мол әскерін жіберді. Оны күн сайын газет пен радиодан оқып, естіп жатырмыз. Сондықтан біздер, Шымкент торабының жас теміржолшылары өзіміздің айбынды қорғаушыларымызға көмектесу ниетімен өз қаржыларымызға «Қазақстан комсомолы» атындағы танктер бөлімшесін құруды ұсынамыз. Ол үшін ерікті түрде еңбекақымыздан ақша аударуымыз, артық жұмыс істеп, жексенбіліктер ұйымдастыруымыз қажет».
Шымкенттік жас қыз-жігіттердің бұл үндеуін Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті қолдап, республика бойынша барлық комсомолдар мен мектеп оқушыларын 1941 жылдың 5 желтоқсанында арнайы жексенбілік өткізуге шақырған. Соған дейінгі, яғни жексенбілік қарсаңындағы жүрек тебірентерлік мына фактілерге назар аударайық. «Жаңа жазу» газеті. 1941 жыл, 28 қараша: «Алматыдағы Фрунзе ауданының еңбекші қыз-жігіттері «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын жасау қорын молайтуда. Қазір 50 мың сомнан артық ақша жиналды. А.С. Пушкин атындағы көпшілік кітапханасының ұжымы 2000 сом, ликер-арақ зауытының 20 комсомолы 1500 сом ақша берді. Қыз-жігіттердің бұл инициативасын қолдаған зауыт ұжымының қалған жұмысшылары мен қызметкерлері 2 күндік еңбекақысын бермек болды».
Енді «Казахстанская правда» газетінің 1941 жылғы 30 қарашадағы санына үңілейік. «Балқаш өндіріс орындарының жас еңбек иелері, – делінген онда, «Қазақстан комсомолы» танк колоннасына қаржы жинауға ынта-жігерлерін салуда. Алда Қоңырат руднигінің ұжымы келеді. Олар қазіргі күнге дейін 40 мың сом өткізді. Бастаманы бірінші болып қолдаған Өтебаев, Сүндетов, Тоғабаевтар әріптестеріне үлгі көрсетуде. Қоңырат руднигінің жұмысшыларынан комбинаттағы мыс балқыту зауытының өрендері де қалысар емес. Мұндағы еңбек иелері 30 мың сом ақша берді. Танк колоннасы үшін Балқаш өндіріс орындарынан барлығы 100 мың сом қаржы жиналып, Қорғаныс корына жөнелтілді».
Республика газеттері сол жылдың 6 желтоқсанындағы сандарында: «Танк колоннасы үшін еліміз бойынша 3 миллион сомнан артық қаржы жиналды», – деп хабарлаған. Бұл фактіні «Қазақстан Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы кезеңінде» атты жинақтағы №317 құжат одан әрі толықтыра түседі. Онда республика комсомолы Орталық Комитетіндегі ақпарат секторының меңгерушісі Левиков 1941 жылдың 16 желтоқсанына дейін жастардан танк колоннасы үшін 4 миллион сомға жуық қаржы жиналғанын айтады. Соның ішінде Қарағанды облысынан 712 мың, Батыс Қазақстан облысынан 446 мың, Ақтөбе облысынан 400 мың, Қостанай облысынан 221 мың сом ақша түскен.
Ескерте кетейік, бұл бастама көтерілгеннен кейінгі 3 ай ішіндегі жағдай. Ал жыл толғанда... иә, жыл толғанда, ортақ іс үшін тірнектеп жиған қаражат 11 миллион 650 мың сомға жеткен.
Осы деректерді жинап болған соң, енді сол оқиғаның басы-қасында жүріп, оған тікелей атсалысқан жан, 1940-1948 жылдары Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің хатшысы болып, Ұлы Отан соғысы кезінде республика жастарының сыйлығын майданға апарып тапсырған Нұрхан Бәтішқызы Ахметова апаймен хабарластық. Телефондағы аз-кем таныстық сөзден аңғарғанымыз – жасы сол кездері 95-ке келгелі отырған әжейдің сөзі әлі тың, ойы орнықты екендігі болды. Ұлы Отан соғысынан кейін ол кісі экономика ғылымы саласынан кандидаттық, докторлық диссертация қорғапты. Ұзақ жылдар бойы Қазақ КСР Ғылым академиясындағы орталық кітапхананың директоры қызметін атқарып, 1985 жылы құрметті еңбек демалысына шыққан екен. Қазір Алматыдағы Бостандық ауданында тұратынын айтты да әңгімелесуге қарсы еместігін білдірді.
– 1942 жылғы тамыз айында, – деп бастады біз үйіне келген соң Нұрхан апай әңгімесін. – Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бюросы болды. Онда насихат және үгіт бөлімі меңгерушісінің орынбасары Столярский «Қазақстан комсомолы» атындағы танк колоннасы үшін 1 жыл ішінде 11 миллион 650 мың сом қаржы жиналғанын хабарлады. ВЛКСМ Орталық Комитетінен келген нұсқауға қарағанда мемлекеттік банкідегі чек және басқа да куәландырылған іс қағаздарын алып біздің республика комсомол ұйымынан Мәскеуге арнайы өкілдер баруы керек екен. Сол жерде олар жиналған қаражатқа қанша соғыс техникасы келетінін анықтап, оны зауыттан алған соң, майданға сапар шекпек. Бюрода «Бұл тапсырманы орындап қайтуға кімдерді жіберу керек?» деген сұрақ туды. Жиналғандар ақылдаса келе: «Танк колоннасына қаржы жинауға мыңдаған мектеп оқушысы да аянбай атсалысты ғой. Жұмыстың көп бөлігін солар тындырды. Балалар жаз бойғы тапқандарын түгел берді десе де болғандай. Олай болса Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің мектеп оқушылары жөніндегі хатшысы Нұрхан Ахметова барсын», деген ұйғарымға келді. Менімен бірге Мәскеуге тағы да екі өкіл жүретін болды. Олар «Комсомольская правда» газетінің сол кездегі Қазақстандағы тілшісі Александр Шейнин мен Қызылорда облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Нағашыбай Нұрпейісов еді.
Қыркүйек айының басында жолға шықтық. Мәскеуде бізді ВЛКСМ Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі Харламов деген жігіт қарсы алды. Істің мән-жайымен толық танысқан ол ВЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.А.Михайловқа алып кірді.
– Сіздер бері қарай шығып кеткен соң, Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Уәли Якубовпен хабарласып сөйлескенмін, – деді Николай Александрович салмақты үнмен. – Республика жастары үлкен патриоттық бастама көтеріпті. Бұл үшін сіздерге рақмет! Жиналған қаржыға 45 танк жасалатын болды. Енді оның қаржы мәселелеріне қажет құжаттар, делегацияның майданға баратын рұқсат қағаздарын әзірлеуіміз керек. Іске сәт!
Сол қабылдаудан кейін нағыз қарбалас қимыл басталды дейсің. Харламов пен Нағашыбай «миллионер» мені (мемлекеттік банк чегі маған тапсырылғандықтан, олар осылай деп қалжыңдайтын) бірнеше кеңсенің бухгалтериясына кіргізіп шығарды. Одан кейін алдын ала даярланған бірқатар құжатқа қол қойдық. Ақыры кеш түсе, КСРО Қарулы Күштерінің бронетанк басқармасына келдік. Ол Кремльдің бергі бетіндегі казіргі ГУМ үйінің астында екен. Осы жерде біз барлық шаруамызды бітірдік те, 16 қыркүйек күні таңғы сағат сегізде майдан шебіне жүрмек болдық.
Түнімен құс ұйқы болып шықтым. Көз алдыма 1941 жылдың күзінде Отан қорғауға аттанған ағам Сұлтан Ахметов пен туыстарым Яхия Қапланбеков, Сұлтанғали Жүнісов елестеді. Енді бір сәтте алдыңғы шепте шайқасып жүрген қызметтес жолдастарым – Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетінің бөлім меңгерушісі Борис Просвиркин, Алматы облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Әнуар Кәкімжановты ойлаймын. «Бұлар неғып ойыма орала береді? Мүмкін, ертең солардың біреуімен кездесіп қалмас па екенмін?» – деймін өз өзіме. Сөйтемін де, алдағы майдан шебінде болатын митингіні еске аламын. Сонымен қойшы, әйтеуір, көрер таңды көз ілмей атырдым ғой.
16 қыркүйек күні біраз жол жүріп отырып, Серпухов деген елді мекенге келдік. Бұл Қызыл Армияның түрлі резервтері орын тепкен әскери бөлімдердің орталығы екен. Біз мінген бір жарым тонналық жүк машинасы қалың орманды жиектей жүріп келіп, көзге көрінбестей етіп жасырылған блиндаждан бір-ақ шықты. «Тапсыратын танктеріміз қайда?» – деймін төңірекке көз салып тұрып. Сөйтсем, олардың бәрі де қарағай, шырша бұтақтарымен бүркеліп, бізді үнсіз күтіп тұр екен.
– Сіздердің жасатқан танктеріңіз, міне! – деді бізді қарсы алған мосқал полковник мені шеткі бір әскери техника колоннасына жетектеп апарып. – Анау «Қазақстан комсомолы» деген жазуды оқыдыңыз ба? Мұндай белгі осы тұрған 45 танктің бәрінде де бар. Майдандағы жерлестеріңіз оны көргенде сөзсіз қуанады.
Осы жерге келгенде Нұрхан апай әңгімесін кілт үзіп, алдындағы папкаға қол созды. Ондағы қағаздарды аударыстырып отырды да, солардың ішінен екі газет қиындысын алып бізге ұсынды. Үңіліп қарасақ, олар «Комсомольская правда» мен «Казахстанская правда» газеттерінің 1942 жылғы 17 қыркүйек және 4 қазандағы нөмірлері екен.
– Бұл басылымдардың сандарынан: «Митинг қалай өтті? Онда кімдер сөз сөйледі? Танк экипаждары мен делегация мүшелерінің арасындағы кездесу жайлы не білуге болады?» – деген сауалдарға жауап табуға болады. Бұған менің алып-қосарым жоқ, – деді Нұрхан әжей. Біз уақыт табынан әбден сарғайып кеткен газеттерді алып қарағанымызда, көзіміз әуелі Александр Шейниннің мақаласына түсті. Онда былай деп жазылыпты:
«...Су жаңа 45 соғыс техникасы қаз-қатар болып жұтына тізіліп тұр. Бұлар Қазақстан жастарының майдандағы жауынгерлерге жіберген сыйы!
...Мұнда Н. бөлімінің барлық құрамы сапқа тұрды. Жауынгерлерге тылдағы Қазақстан қыз-жігіттерінің қаржысына жасалынған қаһарлы машиналар тапсырылмақшы. Міне, қысқа команда. Әлгінде ғана тым-тырыс болып, тірлік белгісі білінбей тұрған орман іші мотор үніне толып кетті. Бүркеме жамылғыларын сыпырып тастап, алаңқайға қарай ондаған қуатты танкілер бет алды. Олар әскери тәртіппен, зеңбіректерінің ұңғысы ілгері озып, пулеметтері нысана көздеген кейіпте өтіп барады. Әрқайсысының броньдалған сұп-сұр иінінде екі сөз айрықша көзге шалынады: «Қазақстан комсомолы».
Бұлар біздікі, қазақстандықтардікі! Осылар үшін көмірдің артық тоннасын өндіріп, үлес қосуды ойлаған Қарағандының жас шахтерлері сменадан кейін де жер астында қалып еңбек етті. Осылардың жасалуы жолында Гурьевтің жас мұнайшылары, Алтайдың металл өндірушілері, Қазақстанның байтақ даласының колхозшылары, республика жастары мен оқушылары демалыс дегенді ұмытып, жексенбіліктерге шықты, жаңа скважиналарды орнатты, жолдарды жөндеді. Ал солардан түскен қаржыны арнайы түрде «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын құруға бөліп отырды.
Міне, біздің қарсы алдымызда ешқандай кедергі атаулыны білмейтін, жау снарядтары дарымайтын 45 тамаша машина тұр. Көп кешікпей біз өлердей жек көретін жау бұлардың құдіретті күшінің алдында жанынан безетін болады.
...Қысқа ғана тебіреніске толы митинг. Оны батальон комиссары Ищенко жолдас ашты. Содан кейін Қазақстан комсомолы Орталық Комитетінің хатшысы Ахметова жолдасқа сөз берілді. Ол танк колоннасының қалай өмірге келгендігі жөнінде, Қазақстан жастарының еңбектегі ерліктері жайында айтып өтті.
– Жолдастар, Қызыл Армияның даңқты жауынгерлері, – деді Ахметова жолдас. – Сіздерге мынау тамаша танктерді Қазақстан жастарының атынан тапсырып тұрып, өздеріңіз мұнымен жауға қарсы тайсалмай барып, ерліктің теңдессіз үлгілерін көрсететіндіктеріңізге сенеміз. Сіздердің әрбір жеңістеріңізге біз шалғайда жатып та тілектеспіз!
Мінбеге механик-жүргізуші, аға сержант, комсомол мүшесі Шиманов шықты. Ол осынау танктерге отырып, жауға қарсы ұрысқа баратындардың атынан сөйледі.
– Қазақстан жастарына бұл керемет сыйлықтары үшін мың да бір рахмет. Танктерді ұрысқа батыл енгізіп, жауға аяусыз соққы беруге ант етеміз. «Қазақстан комсомолы» танкілері көрінген шақта, жау кеңес елі жастарының қаһарынан шошитын болады.
...Тағы да моторлар от алды. Темір тонды техникалар ақырын бұрылып, бірінен соң бірі батысқа қарай қозғалуда, Жеңіске жетіңдер!»
Қазақстан жастарының осы патриоттық ісі көп кешікпей бүкіл Кеңес Одағына белгілі болды. Бұл хабар тылдағы еңбекшілерді ғана емес, Қызыл Армия қатарында жүрген жауынгер жерлестерімізге де ерекше рух беріп, оларды ерлікке жігерлендірді.
«Мен, – деп жазыпты сол кездері Қиыр Шығыстағы әскер бөлімде қызмет атқарып жүрген лейтенант Ә.Әміров, – «Комсомольская правда» газетінен сіздердің «Қазақстан комсомолы» танк колоннасын жасатқандарыңызды білдім. Өз халқыма, жастарға қуандым».
Иә, мұндай қуаныш, мұндай мақтаныш әбден орынды еді. 1942 жылдың соңына дейін бүкіл КСРО бойынша жастар қаржысына 174 танк жасалса, соның 45-і біздің республика комсомол жастарының қаражатымен жүзеге асқан еді. Мұны ұмытпауымыз керек.
– Тағы қандай сұрағың бар? – деді әжей газет қиындысындағы мақаланы оқып бола берген маған. Мына сөзді естігенде көкейімде: «Сол колоннаны қабылдап алған Н. бөлімі мен біздің республика комсомол ұйымының арасында бұдан кейін байланыс болмады ма екен»? деген сауал тұрды.
– Жоқ, шырағым, – деді үй иесі. – Бұл туралы біз де құлағымызды түріп жүрдік. Бірақ ол әскери бөлімнен Қазақстан ЛКСМ Орталық Комитетіне ешқандай хат келмеді. Бір есептен алып қарағанда, оларға өкпе айтуға да болмайтын сияқты. Өйткені соғыстың аты соғыс емес пе? Танкистерде артқа қарайлайтын мұрша болды дейсің бе. Күнді күнге, түнді түнге ұрып кете берді де, алға қарай...
– Бірақ, – деді сәз үзілістен кейін сөзін қайта жалғаған ол кісі. – КазГу-де, ондағы өздерің оқыған журфакта сабақ берген Зейнолла Тұрарбеков ағаңды білетін шығарсың. Міне, сол кісі майданда танк жүргізген адам еді. Жеңістің 20, 30, 40 жылдығындағы кездесулерде жанындағы адамдарға менің 1942 жылғы сапарым туралы айтып, таныстырып отыратын жарықтық. 1985 жылғы Офицерлер үйіндегі ардагерлер басқосуындағы өзара әңгімеде сол Зекең, Зейнолла Тұрарбеков маған мынадай дерек айтты:
– Бірінші Беларусь майданы әскерлері сапында, – деді қария, – «Қазақстан комсомолы» атты танк бөлімі шайқасып жүр дегенді естіген едік. Әйтсе де
1944-1945 жылдарғы плацдармда тұрғанда да, Кюстрин гарнизонын жоюға аттанған жорықта да сол танк бөлімінің адамдарын ұшырата алмағанбыз. Берлинге тақау жерде болған бір ұрыста менің танкім қирап, істен шықты. Сондай ауыр жағдайда біздің оң жағымыздан үш танк шабуылға шыққанын көрдік. Олардың бүйірінде «Қазақстан комсомолы» деген жазуды оқуға болатын еді. Бұлар жүрісін де, атысын да баяулатпай, жау шебіне қарай қатты екпінмен кетіп бара жатты. Бір өкінішісі, сол үш танктің қай әскер бөлімінен екенін біле алмадым. Кейін госпитальдан шыққан соң өз танк бригадама келіп, жаттығу сабақтарына қатысып жүрдім. Бұл Жеңіс мейрамынан кейінгі кез еді. Экипаж мүшелері бос уақытында күні кеше ғана болған Берлин, Рейхстагтағы ұрыстарды еске түсіруші еді. Әңгіме үстінде старшина Фрейнман «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар танктердің Рейхстагқа шабуыл жасағандар сапында болғанын айтты. Құлағым елең ете қалды. «Кеңес Одағының Батыры, капитан Григорьевтің танк батальоны Трептев паркінен Бранденбургқа қарай өткенде, «Қазақстан комсомолы» деген жазуы бар екі танк оң жақта қапталдасып келе жатқанын көрдім», деді ол. Бірақ әлгі танкистердің кім екенін старшина да біле алмапты.
– Міне, бар білетінім осы, қарағым, – деді әжей. – Демек, 1942 жылғы біз тапсырған 45 «Қазақстан комсомолы» танкінің екі-үшеуі 1945 жылы Берлинге жеткен-ау шамасы.
...Әңгіме аяқталды. Мен жасы үлкен, өмір жолы ұзақ, көргені көп әжейге шын жүректен рахмет айттым. Өйткені мәнді де маңызды сөзі үшін ол кісіге деген ризашылығым шексіз еді.
Бұл 2010 жылдың көктемі болатын. Содан арада біраз уақыт өтіп, Жеңістің 70 жылдығы тойланған 2015 жылдың аяғында «Алматы ақшамының» сайтынан мынадай хабарды оқыдым. «Кеше, 21 желтоқсанда, – делініпті ондағы жүгіртпе жолда. – Қаламыздың Бостандық ауданындағы құрметті адам Нұрхан Ахметова 100 жасқа толды. Мерейтой иесін аудан әкімі Бекқали Торғаев пен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хамит Біржанов арнайы барып құттықтады».
«Жасай беріңіз, әжей! – дегенбіз сонда біз. – Ғұмырлы болыңыз!»
...Таяуда осы мақаланы жазып бітіре бергенімде: «Ол кісі аман ба екен?» – деп интернетке үңілдім. Байқаймын, жаманат хабар жоқ. «Дегенмен, тағы бір тексерейін», деп Нұрхан әжей 1985 жылы зейнетке шыққаннан кейін Ұлттық Ғылым академиясындағы орталық кітапханаға директор болған Гүлжиһан Әбуғалиеваға телефон соқтым. Сөйтсем, ғазиз жан 102-ге келіп барып, 2017 жылы дүниеден озған екен. «Иманды болыңыз, – дедім кеш те болса ішімнен. – Соғыс жылдарындағы сирек сөз етіліп жүрген бір деректі бүге-шігесіне дейін қалдырмай, толық айтып кеткеніңіз үшін сізге көп рахмет!».
Жанболат АУПБАЕВ,
журналист
НҰР-СҰЛТАН