Еліміз 6 қаңтардан бастап «А» жоспарына кірісіп, арнайы бортпен Қытайдағы студенттерімізді, туристерімізді ауырмай тұрып елге қайтарып алды. Келген соң да оларды карантиннен өткізіп, барлығын толық тексерді. Яғни, олардың барлығы екі апта карантинге жатқызылып, одан кейін де бақылауда болды. Бұл – бір. Екіншіден, Президенттің Жарлығымен төтенше жағдай да уақтылы жарияланды. Карантин тоғыз жолдың торабындағы екі үлкен қалада басталғаны да дұрыс болды. Сол арқылы шетелден келген азаматтарымыздан ауруды ерте анықтап, ем жасалып жатыр. Бұл – оңай инфекция емес. Онымен күресу де қиынға соғып тұр. Бірақ алдын алу шаралары оңды жүргізілгендіктен қазір ауру жұқтырғандардың 80 пайыздан астамының жағдайы жеңіл. Сондықтан оларды емдеуге көп шығын да кетпейді. Науқастардың санының көбейгенінен қорықпау, қайта дер кезінде індеттің ошағын тауып, тізгіндеп жатқанымызға қуану керек.
Халық төзімділік танытуы тиіс. Президент мәлімдемесінде айтылғандай, мемлекет тарапынан ақшалай да, заттай да көмек көрсетіліп жатыр. Мұның барлығы – адамның өмірін сақтау үшін жасалып жатқан дүние. Халық осыны түсініп, алып-қашпа әңгімелерге ерік бермеуі керек деп есептеймін. Сондықтан адамдар карантин ережелерін қатаң сақтауы арқылы бір-біріне ғана емес, мемлекетке де көмектесе алады.
Президент менің әріптестеріме үстемеақы да тағайындады. Бұл Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне деген үлкен құрметі, жоғары бағасы деп санаймын. Тек қана медицина саласының қызметкерлері ғана емес, алдыңғы шепте полиция қызметкерлері мен журналистер де жүр. Еріктілердің де еңбегі ерен. Міне, осылардың барлығы жұдырықтай жұмылып, біздің елімізге тән бір-біріне қамқор, жанашыр бола білетін керемет қасиетін көрсетуде. Ал қарапайым адамның бұған қосатын үлесі – тәртіп бұзбау, үйінен шықпау.
Жақсылық ДОСҚАЛИЕВ,
медицина ғылымының докторы, профессор, академик