Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Орал полициясы алматылық блогерді қамауға алды

196 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Инстаграмм желісінде 700 мыңнан аса жазылушысы бар алматылық блогер карантин уақытында достарымен бірге оралдық мейрамханалардың бірінде демалып отырған бейнежазба 4 сәуір күні жариялаған. Бұл кезде уақыт түнгі сағат 22.25.-ті көрсетіп тұрған. «Карантинге қарамастан оралдықтар лайықты қарсылады» дейді блогер бейнежазбада бас бармағын көрсетіп.

Орал полициясы алматылық блогерді қамауға алды

Күшейтілген карантин режімінде өрескел қылық көрсеткен блогердің әрекеті желі қолданушылары тарапынан ерекше наразылық тудырды. Өйткені, Батыс Қазақстан облыстық бас санитарлық дәрігерінің бұйрығымен коронавирустың таралуын болдырмау үшін 31 наурыздан бастап қатаң шаралар қабылданған болатын. Режімге сәйкес барлық қоғамдық тамақтану орындары жабылған, дайын тамақты үйге апарып беру қызметі 22.00. сағатқа дейін жасайды.

Оқиғаға орай тез қимылдаған оралдық полиция алматылық блогерді бейнежазбадағы екі досымен қоса 5 сәуір күні қамауға алды.

– Біз карантин режімін сақтамаған құқықбұзушыларды анықтап, қолға түсірдік. Олардың үстінен Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 476 бабы бойынша іс қозғалды. Бейнеролик авторы алматылық, Орал қаласына 31 наурыз күні, күшейтілген карантин енгізілер уақыттан сәл бұрын Ресей Федерациясынан келген. Шекарадан өткен кезде оған 14 күндік карантин режімін сақтап, үйде оқшаулану туралы ескертілген. Алайда ол оқшаулану ережесін бұзып, достарымен қоғамдық орынға барғаны анықталды. Енді оған қандай жаза тағайындайтынын сот орындары анықтайды, - дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

 

Батыс Қазақстан