
Биылғы Білім күні мерекесі аясында Астана қаласындағы «Тұран-Профи» халықаралық кәсіби академиясының негізінде «Тұран-Профи» қалалық шаруашылық колледжі ашылды. Кәсіби мамандар даярлайтын жаңа білім ошағының тұсаукесері салтанатты рәсіммен өрнектелді.

Биылғы Білім күні мерекесі аясында Астана қаласындағы «Тұран-Профи» халықаралық кәсіби академиясының негізінде «Тұран-Профи» қалалық шаруашылық колледжі ашылды. Кәсіби мамандар даярлайтын жаңа білім ошағының тұсаукесері салтанатты рәсіммен өрнектелді.
Жаңа білім ошағының ашылу салтанатында «Тұран-Профи» қалалық шаруашылық колледжінің директоры Никира Омарова құттықтау сөз сөйлеп, колледждің алдында тұрған негізгі міндеттерді саралап берді. Бұл жаңа оқу орнының ашылуы елімізде кең өріс алған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасымен сабақтасып жатыр. «Тұран-Профи» қалалық шаруашылық колледжін ашудағы басты мақсат – қарқынды дамып келе жатқан еліміздің бас қаласының шаруашылығындағы сан-қырлы қызмет түрлеріне қажетті жоғары техникалық-кәсіби мамандар даярлау. Сонымен бірге, колледж базасында мамандардың біліктілігін арттыру, қайта дайындау міндеттері де жүзеге асырылады.
Жаңа оқу орнының халықаралық оқу стандарттарына сай оқу-өндірістік базасы бар. Алдағы уақытта колледж Германия, Ресей, Украина және Беларусь мемлекеттеріндегі осындай колледждермен тығыз байланыста жұмыс жасамақ. Оған қазірдің өзінде алғышарттар жасалуда. Жаңа білім ошағының ашылуына байланысты өткен іс-шараға «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының атқарушы директоры Талғат Доскенов, «Нұр-Отан» ХДП-ның Сараптау, жобалау және әлеуметтік институттар орталығының жетекшісі Қазбек Қазкенов, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ұйымының атқарушы директоры Темірлан Алтаев, «АстанаЛифтСтрой» ЖШС-нің директоры Анатолий Зелюкин және басқа арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Нияз ЖЫЛҚЫБАЕВ.