02 Сәуір, 2010

БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ШӘКІРТ – ҰЛТ КЕЛЕШЕГІ

1514 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың  “Жаңа онжылдық - жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауы еліміздің 2020 жылға дейінгі негізгі стратегиялық жоспарын белгілеп берді. Барлық саланы қамтыған байыпты құжаттың әр тармағын жүйелі талқылауға кіріскен өңір жұртшылығы білім беру маңыздылығына да ерекше ден қойған. Осыған байланысты Алматы облыстық білім департаментінің бастығы Ләззат БАЗАРҚҰЛОВАҒА бірнеше сұрақ қойған едік. – Ләззат Тілеубайқызы, Елбасы Жолдауында адам капиталының бәсекеге қабілеттілігін арттыру үшін жан-жақты шаралар қабылданатыны туралы нақты айтылды. Осы орайда әрине, білім беру саласының бүгінгі тынысы мен көкжиектегі мақсаты туралы көп әңгіме қозғауға болады. Болашағымыздың баяны білімді ұрпаққа байланысты екендігін жақсы түсінеміз. Ендеше, кемел ұрпақтың келешегін шыңдауда Жетісу өңірінде тындыратын жұмыстар аз емес шығар. – Иә, қоғам дамуының қай кезеңінде де білім беру ісіне ерекше назар аударылатыны заңдылық. Осыған байланысты Елбасының тікелей бастамасымен қолға алын­ған “100 мектеп, 100 аурухана” бағдарламасы көптеген игіліктерге жол ашты. Жыл сайын білім беру ме­кемелерінің материалдық-техни­ка­лық базасын жақсартудың ай­мақ­тық бағдарламасы жүйелі жүзеге асы­рылуда. Дәйекті дәлел келтір­сек, 2009 жылы 86 білім беру ны­санда­рында күрделі жөндеу жұмыс­тары аяқталып, бұл мақсатқа бюд­жет­тен 1840,2 млн. теңге бөлініп, игерілді. “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 53 білім беру нысанының күрделі жөндеу жұмыстары аяқт­ал­ды, оған республикалық бюджеттен 1248,1 млн. теңге, жергілікті бюд­жет­тен 898,4 млн. теңге бөлінді. Нә­тижесінде, білім беру саласында жа­ңадан 4343 жұмыс орны ашылды. Сонымен қатар, 2009 жылы жер­гілікті бюджет есебінен жалпы құны 2282,2 млн. теңгеге Сарқан ауданы, Абай ауылында, Панфилов ауданы, Ават ауылында 180 орын­дық орта мектеп, Ұйғыр ауданы, Сұң­қар ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысы жүргі­зіліп, пайдалануға берілді. – Алдағы уақытта бүлдіршін­дердің мектепке дейінгі тәрбиесіне баса назар аударылатыны, арнаулы “Ба­лапан” бағдарламасы жасала­ты­ны Жолдауда айтылды. Осы ба­ғыт­тағы жұ­мыстар жайлы тарқатып айта кетсеңіз. – Қазіргі кезде өңірдегі 80 бала­бақшада 11558 және 286 мектеп жанындағы шағын орталықта 9562 бүлдіршін тәрбиеленуде. Мектепке дейінгі тәрбиемен 21120 бала қам­тылып отыр. Осы жұмысты одан әрі дамыту үшін өңірде бұрын жа­былып қалған балабақшаларды қай­та қалпына келтіру мақсатында бірқатар жұмыстар істелді. Мә­селен, 2007-2009 жылдары респуб­ли­калық және жергілікті бюджет есебінен мектепке дейінгі 23 меке­ме қалпына келтіріліп, іске қосыл­ғанын, бүгінде сәбилердің құтты ме­кеніне айналғанын айтуға болады. Мектепке дейінгі мекемелердегі орындардың қажеттілігіне байла­нысты 2010 жылы республикалық бюджет есебінен 1200 орындық 4 балабақша құрылысын салу жос­пар­лануда. Сонымен қатар, жер­гі­лікті бюджет есебінен 5120 орын­дық 33 балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, іске қосыл­мақшы. Облыстың жалпы білім беретін мектептері жанынан 77 шағын орталық және 6 жеке меншік балабақша ашу қарастырылуда. Жергілікті жерлерде балабақша­лар­ды қалпына келтіру, оның ішінде бұрын жалға берілген, жекешелен­дірілген ғимараттарды қайтару, бос ғимараттарды қалпына келтіру, қай­та құру мәселелері де біртіндеп шешімін тауып келеді. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен Талдықорған қаласында 900 орындық интеллектуалды мек­теп, Жамбыл ауданы, Қарғалы ауы­лында 550 орындық орта мектеп, Алакөл ауданы, Достық кентінде 280 орындық, Талдықорған қала­сын­да 280 орындық балабақшалар құрылысын аяқтап іске қосу және Панфилов ауданы, Жаркент қала­сында Алтынсарин атындағы орта мектептің жанынан 450 орындық жапсаржай құрылысы жоспарлан­ғаны да жас ұрпақ тәрбиесіне деген оң көзқарастың дәлелі. – Айтылған білім шаңырақтарын замана талабына сай жарақтан­дырудың жағдайы қалай болады? – Қазіргі компьютерлік техни­калар паркі 18858 бірлікті құрайды, бір компьютерге шаққандағы бала саны 15,4 оқушыдан айналады. Өткен оқу жылдарында облыстың жалпы білім беретін 85 мектебі физика, химия, биология кабинет­тері үшін жалпы құны 537695 мың теңгелік интерак­тивті оқу жаб­дықтарымен қамтамасыз етілді. Жалпы, шәкірттердің жан-жақты білім алуына деген қамқорлық аясы кеңи түскенін айтқан жөн. – Өңірде оқу орындарының базасында мамандарды қайта даяр­лау, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу жайы қалай? – Елбасының сындарлы саяса­ты­ның арқасында еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуі үлкен оқиға, ба­ға­сыз жетістік. Алдымызда дамыған елу елдің қатарына қосылу мақсаты тұр. Демек, білім беру саласының атқарар қызметі де аса жауап­кер­шілікті талап етеді. “Жол картасы” бағдарламасы негізінде 2009 жылы 7487 адам қайта даярлық курстары­нан өтті. Нәтижесінде, жұмыстан қысқартылған 5752 мамандар, бос орындарды толықтыру мақсатында 244 адам және шетелдік мамандар­ды алмастыру мақсатында 1491 адам жұмыспен қамтылды. Бұған қосымша қайта даярлау курстарын бітірген 5406 маман жұмысқа ор­наласты. 2009 жылы республикалық бюджеттен “Жол картасы” бойын­ша кадрларды қайта даярлауға ба­ғытталған 632531,1 мың. теңге то­лығымен игерілді. Ағымдағы жылы бағдарлама шеңберінде мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша 1200 адам, қайта даярлауға 1000 адам және нарыққа қажетті мамандар бойынша қайта даярлау мен біліктілігін арттыру негізінде 200 адамды оқыту жоспарлап отыр. – Ұлт келешегі білімді ұр­паққа қашанда тәуелді. Осы қағи­даға сай шәкірттерге білім берудегі жаңашыл бағыт, мұғалім беделін көтеру, дарынды шәкірттермен жұмыс жүргізу барысы қалай? Мұғалімдерді қолдау, олардың әлеуметтік жағдайы және біліктілі­гінің өсуі облыс басшылары мен білім басқармасының назарынан тысқары қалған емес. Қашанда жақсы істердің ұйытқысы болып, жастардың келешегіне алаңдайтын облыс әкімі Серік Әбікенұлының бастамасымен білім беру мекеме­лерінің абыройын арттыратын, мұғалімнің әлеуметтік мәртебесін көтеруге бағытталған 7 аталым бой­ын­ша кәсіптік-педагогикалық бай­қау өткізу дәстүрге айналды. Төр­тінші жыл қатарынан “Үздік жыл мұғалімі” байқауының жеңімпазы Талдықорған қаласынан екі бөлмелі пәтердің кілтіне ие болып келеді. Мұн­дай табысқа бұған дейін Тал­ғар, Райымбек, Сарқан, Қаратал аудандарының ұстаздары ие болды. Алтын бесігіміз саналатын ауыл мұғалімдерінің коммуналдық тө­лем­дері үшін өтемақы төлеуге де жан-жақты қолдау көрсетілуде. Қала үлгісіндегі ауыл мектептерінде сабақ беретін мұғалімдер жал­ақ­ы­ла­рына қосымша 25 пайыз үстеме алады. Сондай-ақ, “Қазақ тілі мен әдебиетін оқытуда жоғары нәтиже­лер­ге қол жеткізген үздік мұғалім­дерге көтермелеу гранттарын та­ғайындау” туралы байқауда бірінші орын алған 2 мұғалімге жергілікті бюджет есебінен ең төменгі жал­ақы­сынан кем емес деңгейде ай сайын грант тағайындалды. Аталған байқау былтыр бірінші рет өт­кізіліп, Талғар ауданы №28 орта мек­тептің қазақ тілі пәнінің мұ­ға­лімі М.Бейсенбаева мен Қапшағай қа­ласы орта мектеп гимназиясы­ның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Жақсымбетова ие болды. Бәрімізге белгілі, тағы бір ащы ақиқат – жоғары педагогикалық бі­лі­мі бар жас мамандардың ауыл­дық жерлерге жұмысқа келуге ықы­лас­сыздығы. Осы олқылықтың ор­нын толтыру мақсатында өткен жылы дү­ниеге келген “Дипломмен – ауылға” бағдарламасы оңды нә­тижелерге қол жеткізуге басты тетік болып отыр. Ауылға келген жас мамандарды қол­дау үшін 90 мың 720 теңге әлеуметтік көмек беріледі. Мұндай көмек қазірде 511 жасқа бе­рілді. Биыл жұмысқа 700 жас ма­ман орналасуының өзі бастаманың өміршеңдігінің дәлелі. – “Тіл – халықтың тірегі” деген қағида дәлелдеуді қажет етпейді. Ендеше, осы орайда мемлекеттік тілдің қолданылу аясы, өзге тілдерді меңгеру барысы туралы айтсаңыз. – Тіл мәселесі бүгінгі таңдағы ең өзекті мәселе. Бұған мемлекеттік деңгейде аса зор мән беріліп отыр. Мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту білім ошақтарында басты назарға алынған. Облыста жалпы орта білім беретін 746 мектеп бар, оның 392-сі қазақ мектебі, 21-і орыс мектебі, 322-сі аралас, 11-і ұй­ғыр мектептері. Облыстағы оқу­шылардың 197737-сі қазақша, 80717-сі орысша, 12597-сі ұйғыр тілінде оқиды. 2009-2010 оқу жылында облыс­тың 7 ауданындағы 24 мектепте (Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қарасай, Қаратал, Көксу, Панфилов, Талғар) өзге ұлт өкілдерінің ана тілі фа­куль­татив есебінен оқытылса, оған 2291 оқушы қамтылған. Мектептерде қазақ тілін оқып үйренуге бейімдейтін түрлі үйір­ме­лер, факультатив сабақтар, тіл апта­лықтары, “Тілдер мерекесі”, “Қазақ тілі мен әдебиетінің алғыры”, “Мың бір мақал, жүз бір жұмбақ” танымдық ойындары тұрақты жүргізіледі. “Қазақшаңыз қалай?”, “Қазақ тілін үйренейік” атты сы­ныпаралық байқаулар, үйірмелер, бұрыштар ұйымдастырылған. Орыс және аралас мектептердің орыс тілінде оқитын оқушылары арасында “Тілім менің тірлігімнің айғағы”, “Мемлекеттік тіл – мақ­та­ны­шым”, “Менің Отаным – Қа­зақ­стан”, “Қазақстан Еуропалық қо­ғамдастық әлемінде”, “Жас қайраты елімнің...” тақырыбына шығарма бай­қаулары (оқыту тіліне қарай) өткізілді. Жыл сайын оқушылар арасында дәстүрлі түрде өтетін “Абай – Шә­кәрім”, “Алтынсарин”, “Сәтбаев”, “Ясауитану” оқуларына қатысу­шылар саны өсіп, тілге, әдебиетке деген оқушылардың қызығу­шы­лығы арта түсуде. Жалпы, тәрбие науқандық шара емес, ол отбасы мен мектептің, қоғамдық ұйымдар арасындағы өзара байланыс арқы­лы бала бойына даритынын ұмыт­пайық дегім келеді. Демек, бәсекеге қабілетті шәкірт – ұлт келешегі екеніне баршаның назарын аударғанда ғана сәтті болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.