Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Талдықорғандық дәрігерлер пациенттерге WhatsApp арқылы кеңес береді

238 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Өңірлерде жұқпалы індеттің салдарынан емханалар мен ауруханаларда ем алатын науқастар санын күрт азайған. Әрине, қауіпсіздік шарасы күшейіп, адамдардың үйден шықпай отырғаны тиімді болғанымен, тұла бойына дерт жабысқан тұрғындардың дәрігерге бәрібір жүгінуге мәжбүр болатыны анық. Бірақ, бұл тығырықтан шығудың да жолы бар екен.

Талдықорғандық дәрігерлер пациенттерге WhatsApp арқылы кеңес береді

Мысалға, Талдықорған қалалық емханасының дәрігерлері тіркелген науқастардың шағымын  WhatsApp арқылы қабылдап, қажетті ақыл-кеңесті қашықтан беріп отыр. Бұл туралы қалалық емхананың әлеуметтік желідегі парақшаларынан оқып қалған едік. Ондағы жазбаларда коронавирус инфекциясының өршуіне байланысты сақтық шарасының күшейгені ескертіліп, дәрігердің шұғыл көмегі қажет болмаған жағдайда, тиісті кеңесті емханаға келмей, қашықтан алу ұсынылған болатын. Ал жазба соңында қажетті мамандармен байланысуға болатын телефон нөмірі беріліпті.

Біз журналистік әуестікпен кардиолог дәрігердің WhatsApp нөміріне хабарлама жіберіп, кеңес алғымыз келетінін айттық. Күн жексенбі еді. Бірақ, дәрігер көп күттірмеді. Өзін Қайыркүл Байзаққызы деп таныстырған кардиолог біздің денсаулығымыздың жайын біліп, тұрғылықты мекен жайымызға қатысты сұрақ қойды. Қан қысымы, дене қызуы жайлы мәліметтерді білгеннен кейін маман ретінде бізді мазалаған мәселеге көшті. Және дәрігеріміз күннің жексенбі екенін айтып, науқас тарихы туралы мәліметтерді қарай алмайтынын бірден ескертті. Егер дерт күшейіп, жанға батқан жағдайда бірден жедел жәрдем шақыруды ұсынды...

Біз осы жерден кеңес сұрауды тоқтатып, Қайыркүл Байзаққызынан жексенбі күні мазалағанымызға кешірім сұрадық әрі қызмет бабымен хабарласып тұрғанымызды айттық. Дәрігер де біздің әрекетімізді түсініп, сауалымызды ізгі ниетпен қабылдады.

- Жұқпалы індеттен сақтану шаралары күшейгелі бері біз де пациенттерміз үшін жиі алаңдайтын болдық. Қалада жүрек, қан қысымы ауруымен ауыратындар аз емес. Оларға күтпеген жағдайда кеңес қажет болып қалуы мүмкін, сол үшін телефон нөмірімізді ашық жариялап, адамдардың қашықтан көмек алуын қолдап отырмыз. Және бұл ауыртпалық еліміздің медицина қызметкерлері үшін жауапкершілікті арттырды. Қанша әріптесіміз қауіпті індет ошағында, инфекциямен бетпе-бет келіп, кәсіби міндетін атқарып жүр. Өз басым коронавирустан жазалып шығып жатқан адамдар жайлы ақпаратты естіген сайын төбем көкке жеткендей болады. Мұны отандық дәрігерлердің білімі мен білігінің арқасы, біздегі дәрі-дәрмекпен қамту, медициналық құрылғылардың қол жетімділігінің арқасы деп айтуымыз керек. Індет таралмауы үшін үйде отырайық, жүрегіңізді сақтаңыз, ауырмаңыз, - дейді Талдықорған қалалық емханасының кардиолог дәрігері Қайыркүл Иманғазинова.

 

Алматы облысы