Қоғам • 06 Сәуір, 2020

БҰҰ: Тұрмыстық зорлық-зомбылық еселеп артты

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш COVID-19 індетінің таралуын тоқтату үшін көптеген елде енгізілген карантин шаралары кезінде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткіші еселеп артқанын мәлімдеді.

БҰҰ: Тұрмыстық зорлық-зомбылық еселеп артты

Кейбір есеп бойынша бүгінгі таңда бүкіл жер ғаламшары халқының үштен бірі немесе 2,6 млрд адам карантинде жатыр.

«Біз адамдардың үйде оқшаулануы коронавирусты жеңу үшін қажет екенін білеміз. Бірақ мұның теріс ықпалынан әйелдер серігінің қатыгездігіне душар болады. Соңғы аптада экономикалық және әлеуметтік қысым мен қорқыныштың күшеюіне байланысты біз отбасындағы зорлық-зомбылықтың жаһан бойынша бұрқ еткенін байқап отырмыз. Кейбір елдерде қолдау көрсету қызметтеріне жүгінген әйелдер саны екі есе артты. Бұл ретте құқық қорғау органдары мен медициналық мекемелердің қызметкерлері жұмысқа артығымен жұмылдырылғандықтан, кейде қажетті шаралар қабылдай алмайды», деді Антониу Гутерриш.

Осылай дей келе БҰҰ Бас хатшысы барлық үкіметтен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және осындай әлімжеттіктің нәтижесінде келтірілген залалды өтеу туралы ережені негізгі бөліктерінің бірі ретінде коронавируспен күресудің ұлттық жоспарларына енгізуге шақырды.

Антониу Гутерриш шетін мәселені шешу үшін қажетті шаралар ретінде коммерциялық емес ұйымдар мен онлайн-режимде жұмыс істейтін қолдау қызметтері үшін қаржы бөлуді ұлғайтуды, әлімжеттік көрсеткен адамдардың жазадан жалтармауын қадағалауды, дәріханалар мен азық-түлік дүкендерінде қауіп туралы авариялық хабарлау жүйесін орнатуды, сондай-ақ баспаналарды тіршілікті қамтамасыз ету нысандарына теңестіруді ұсынды.