Қазақстанда 0-1 жас аралығындағы сәбилер орташа есеппен – 10 минутқа, 1-2 жастағылар – 16 минутқа, 2-3 жастағылар – 33 минутқа, ал 3-4 жастағы балдырғандар 41 минутқа қараусыз қалады екен. Ал кішкентай балалардың әртүрлі қауіп-қатерге ұрынып, жарақат алуына бес минут та жеткілікті. Қас-қағым сәтте қандай қауіпке ұрынатынын бағамдап та үлгермейсіз. Сондықтан қатер аяқ астында екенін ұғынып, әр ата-ана қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауы керек.
Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының жұқпалы емес аурулардың алдын алу департаменті бөлімінің бас маманы Қуаныш Әлімбетовтің айтуынша, балалардың жарақаттануы тұрмыстық, көліктік, спорттық деп бөлінеді. Соның ішінде тұрмыстық жарақаттарға мектеп жасына дейінгі балалар көбірек ұрынады екен. Ал оның дені – қараусыз қалғандықтан болады. Сондықтан Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығы ЮНИСЕФ-пен бірлесіп, балалар жарақатын азайту мақсатында бірқатар шаруаны қолға алған. Бірлескен жұмыс шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық стратегиялар жобасы жасалып, жарақаттанудың алдын алу және болдырмау жөнінде ресурстық орталық ашу жоспарланған.
Мамандар балалардың денсаулығы – ең алдымен ата-аналардың қолында екенін, олар қауіпсіздік шараларын сақтап, жауапкершілікті күшейтсе, жарақаттанудың 90 пайызын алдын алуға болатынын айтады.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ