Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен Сүлейменов Серік Жүсіпұлы облыс әкімінің орынбасары лауазымына тағайындалып отыр. Ол құрылыс, энергетика, тұрғын үй және көліктік инфрақұрылымды дамыту салаларына жетекшілік ететін болады.
Бүгіннен бастап облыс әкімінің ішкі саясат, жастар мәселесі, мәдениет пен спорт және жұмылдыру дайындығы салаларына жетекшілік орынбасары қызметіне Ахмет Серік Әбжәліұлы тағайындалды. Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімі бойынша облыс әкімінің өкімімен осы қызметке тағайындалған Серік Әбжәліұлына облыс әкімдігі мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды жүзеге асыру, облыстағы қалыптасқан төтенше жағдайлардағы жұмыстарды үйлестіру де жүктеліп отыр.
Сондай-ақ, облыс әкімінің орынбасары Жаханов Бақыт Дүйсенұлы ауыл шаруашылығы, жер қатынастары, табиғат пайдалануды реттеу, ветеринария, индустриалды-инновациялық даму, кәсіпкерлік және туризмді дамыту салаларына жауапты болады.
Ал облыс әкімінің орынбасары Байқадамов Наурызбай Сейітқалиұлы білім, денсаулық, жұмыспен қамту және еңбек саласындағы бақылау салаларына жетекшілік етеді.
Отырыста Мемлекет басшысының жұмыссыз жастарға «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында тиісті жалақы төлей отырып, оларды су тасқынына қарсы іс-қимылдарға, көктемгі егінге, құрылысқа және басқа да жұмыстарға тарту туралы тапсырмасының аймақта орындалу барысы баяндалды. Бұл бағыт бойынша өңірге 37 млрд. теңге қаржы бөлінуде. Атқарылатын шаралар турасында облыс әкімнің орынбасары Бақыт Жаханов баяндады.
Сонымен қатар, жиында аймақта корнавирус індетімен күрес, азық-түлік бағалары және жергілікті жердегі қоғамдық-саяси ахуал талқыланды. Жауапты сала басшылары, Қызылорда қаласы мен аудан әкімдері аймақ басшысына атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.