Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Нұр-Сұлтанда қашықтан білім беру жүйесінің алғашқы күні басталды

125 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін, яғни 6 сәуір күні Қазақстан мектептерінде төртінші тоқсан басталды. Алайда елдегі төтенше жағдайға байанысты оқушылар қашықтан оқуға көшуге мәжбүр.

Нұр-Сұлтанда қашықтан білім беру жүйесінің алғашқы күні басталды

Нұр-Сұлтанда карантин кезінде студенттер мен оқытушыларды қашықтан оқуға көшіру бойынша көптеген жұмыстар атқарылды. Барлық мұғалімдер мен халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын балалар интернетпен және компьютермен, флэш-карталармен қамтамасыз етілді, деп хабарлайды Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ресми сайты. Оқу шаралары интернетті қажет етпейтін тетіктер арқылы да ұйымдастырылады. Атап айтқанда, радио, телеарналар мен пошта арқылы жүзеге асады. Сабақтар «Еларна» және «Балапан» арналарында орыс және қазақ тілдерінде көрсетіледі. Алайда кейбір мектептер оқушылармен байланысудың басқа да мүмкіндіктерін қарастыра алады.

«Бұл еліміз үшін алғашқы тәжірибе. Біздің мектеп үшін Google қосымшаларын таңдадық. Бұл – мұғалімдермен және студенттермен байланыс орнатуға арналған Google Meet және Google Drive. Онда біз қажетті материалдарды, кестелер мен сілтемелерді жүктейміз. Google Drive-тың артықшылығы – ата-аналар мен оқушылар барлық ақпаратты бір уақытта алады. Ата-аналар баланың қандай тапсырма алатынын қадағалап, оны бақылай алады. Үшінші платформа – Kundelik қосымшасы. Осы қосымшаның көмегімен балалар мұғаліммен кері байланыс жасай алады», - деді Нұр-Сұлтан қаласындағы № 54 мектеп директоры Шәкәрім Сейсенбай.

Мектептерде қосымшаларды пайдалану үшін мұғалімдер мен оқушыларға, ата-аналарға арналған нұсқаулықтар әзірленген. Айта кетейік, қалада 117 жалпы білім беретін мектеп бар, онда барлығы 182 мыңнан аса оқушы оқиды.