«Азаматтарға арналған үкімет» МК КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының ұйымшыл ұжымы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін, Президенттің қайта есептеу жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында онлайн қызмет көрсетуде. Бұл жұмысқа филиалдың әлеуметтік блогының 200-ден аса қызметкері жұмылдырылған, оның ішінде 100-ден аса оператор бэк-офистерде және 100-ден аса оператор үйде онлайн қызмет көрсетуде. Жұмыс кестесі таңғы сағат 8-ден басталып 22-ге дейін, кейде одан да ұзаққа созылуда, делінген тиісті мекеменің баспасөз хабарламасында. Мамандар азаматтардың өтініштерін қабылдайды, тексереді және уәкілетті органға жібереді.Әлеуметтік сақтандыру жөніндегі мемлекеттік қордың (ГФСС) растауынан кейін, құжаттарды төлем жасау үшін базаға енгізеді.
Бүгінгі күнге дейін республика бойынша келіп түскен 1 миллион 200 мыңға жуық өтініштің 20 мыңнан астамы Алматы қаласының үлесінде. Филиал қызметкерлері оларды өңдеп, төлем жасауды қамтамасыз етуде.
Сондай-ақ, 1414 call-орталығында жұмыс істеу үшін әлеуметтік блоктың 2 операторы бөлінген, олар азаматтардың әлеуметтік төлемдерге қатысты сұрақтарына жауап береді.
«Елдегі қазіргі жағдай бәрімізден бірлікті талап етеді. Біздің қызметкерлеріміз еселене түскен жұмысына барлық күш жігерін жұмсап, қайраттылық танытуда, өйткені жауапкершілік жүгі өте ауыр. Барлық аудандарда жәрдемақыға өтініштер толассыз келіп түсуде. Қызметкерлеріміздің төзімділігі мен шыдамдылығының арқасында тапсырма сапалы орындалуда. Бұл орайда,филиалдың әлеуметтік қамтамасыз ету блогының барлық қызметкерлеріне алғысымды білдіремін!» - дейді филиал директоры Данияр Қырықбаев.
АЛМАТЫ