Аймақтар • 06 Сәуір, 2020

Онлайн жиында қандастардың жайы талқыланды

221 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қандас кәспкерлердің қазіргі таңдағы ахуалы мен бизнестің жай-күйі кеңінен талқыланды.

Онлайн жиында қандастардың жайы талқыланды

Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Отандастар» қоры КЕАҚ-ның Шығыс Қазақстан облыстық фронт-офисі «Коронавирус індеті кезіндегі шағын және орта кәсіпкерліктің проблемалық мәселелері» тақырыбында онлайн жиын өткізді.

​Шараға «Отандастар» қоры КЕАҚ орталық аппаратынан Б.Зауытұлы, А.Ахатұлы, Т.Магжаев, облыстық фронт офисінің бас сарапшысы Әскерхан Ақтай және өңірдің кәсіпкерлері қатысты. Онлайн басқосуда қандас кәспкерлердің қазіргі таңдағы ахуалы мен бизнестің жай-күйі кеңінен талқыланды.

​Жиында сөз сөйлеген Зайсан ауданы Дайыр ауылының тұрғыны Мамырбек Бірлік: ​«Егін шаруашылымен айналысамын. Тары өсіріп және оны өңдеп, Қытай еліне экспортқа шығарамыз. Күніне 2 тонадан өнім шығара аламыз. Бір айда 200 ​ тоннаға дейін шығарған кездеріміз болды. Шегара ашылса, жағдай қалыпқа түссе одан ары жалғастыра береміз. Тары аса қуатты өнім, ұлттық ас ауқаттың бір түрі. Бұл ұлттық өнімге Қытай елінде және өз елімізде сұраныс өте мол. Біз тек халықтың сұранысын өтеп отырмыз. Алдағы уақытта жұмыс ауқымын кеңейтуге де болады. Биыл тарыны арнаулы қораппен шығарамыз. Қазір саудалануы тоқтап тұр. Бірақ шикізатпен өнім шығарып жатырмыз» деді.

​ Аягөз ауданының Қосағаш ауылының тұрғыны Мергенбек Әзікей: «Мен жылқы өсіремін. Өнімін күнделікті нарықта саудалап отырмыз. Жеңілдік, несиелермен қамтылған жоқпыз. Несиеге өтініш бергенімізбен ала алмадық. Жем-шөп, қора жай барлығын өзіміз өз күшімізбен қамдап келеміз. Мен Моңғолия мемлекетінен келгенмін. Адал еңбегімізбен мал шаруашылығымен айналысып, Аягөз қаласын ет және сүтпен қанымдап отырмыз» деді.

​ Өскемен тұрғыны Жайнагул Хавдос сауда-саттықпен айналысатындығын, қазіргі уақытта тұтынушылар аз, алыстан тауар тасуға мүмкіндік болмай тұрғандығын айтып, шағын кәсіпкерлікті қолдаудың қажеттігін жеткізді. Ол сонымен қатар мемлекеттен жеңілдік несиелерді алуға қор тарапынан көмек қажет екендігін сөз етті.

 

ӨСКЕМЕН