Өңірде өндірілген 310 мың тонна дайын өнімнің ішкі нарыққа қажеті 60 мың тонна. Ал қалған 250 мың тонна көкөністі шетелге экспорттау жоспарланған болатын. Шетелдермен қатынастың тоқтатылғаны аздай, елдегі мейрамхана мен дәмханалардан да сұраныс азайған. Диқандар амалсыз өнімді дүкендер мен базарларға арзан бағамен өткізуге мәжбүр. Бұл несиесі бар шаруаларды шығынға батыруда. Дегенмен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің дер кезінде Үкіметке мәселені жеткізуі нәтижесінде шектеу алынып, өнімдердің квота арқылы өткізілетіні көңілге демеу.
Сондай-ақ облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Тұрғанбек Оспанов берілген несиелерді 1 жылға мораторий ретінде создыруға рұқсат алынып жатқанын айтады.
«Қазір жер жырту жұмыстары толық аяқталып, тұқым себу науқаны жалғасуда. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемін 825 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Қалай болғанда да елдегі төтенше жағдай мен қауіпті індет ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілерге оңай тиіп тұрған жоқ», дейді Т.Оспанов.
Бүгінде шаруалар қауіпсіздік шараларын барынша сақтап, екі өнім алу мақсатында тер төгуде. Яғни көктемгі дала жұмыстары бәсеңдеген жоқ.