Аймақтар • 07 Сәуір, 2020

Түркістан: Құрылысқа қосымша жұмыс күшін тарту міндеттелді

305 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюповпен және жауапты сала жетекшілерімен бірге құрылыс алаңындарын аралап, мердігерлерге бірқатар тапсырмалар берді. Шаһардағы 15 нысанның құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі. Барлық құрылыс алаңдарында санитарлық шаралар күшейтілген.

Түркістан: Құрылысқа қосымша жұмыс күшін тарту міндеттелді

Әкімшілік-іскерлік орталығында 7 қабатты 24 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. 92,8 мың ш.м, 1452 пәтерлі жаңа баспаналар заманауи талаптарға сәйкес бой көтерген. Сонымен қатар, 5157 пәтерлі 5-7-9-12 қабатты 73 тұрғын үйдің құрылысы басталды. Жеке салушылар арқылы 5 және 12 қабатты 54 тұрғын үйлердің құрылысын жүргізу жоспарлануда. Жыл қорытындысымен Түркістанда 420 пәтерлі 9 тұрғын үйді пайдалануға беріледі.

Тұрғын үйлердің құрылыс сапасы қатаң бақылауға алынған. Құрылыс алаңдарын аралап, жұмысшылармен тілдескен Өмірзақ Шөкеев жауаптыларға жұмысты күшейтуді тапсырды. Мердігерлерге қосымша жұмыс күшін тартуды міндеттеді.

«Құрылыс барысында ешқандай кемшілікке орын жоқ. Талап күшейтіледі. Жұмыскерлер саны жұмысқа тұсау болмасын. Қажет болған жағдайда олардың санын арттыру керек. Қосымша жұмыс күшін тартыңдар. Қауіпсіздік ережелері дұрыс сақталып, сақтық шаралары қатаң бақылансын. Құрылыстың сапалы аяқталуын, мерзімінде тапсыруды қадағалаймыз. Құрылыс материалдары тапшылығы орын алса, тасымалдау жағына көмек қолын созамыз. Қазіргі төтенше жағдай кезінде қосымша қиындықтар орын алса, кезек күттірмей шешуге атсалысамыз», деді облыс әкімі.