Үкімет • 07 Сәуір, 2020

ІІМ қызметкерлерге арналған қорғаныс құралдарын таныстырды

482 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі төтенше жағдай кезінде жұмыс істеп жүрген қызметкерлері үшін арнайы дайындалған қорғаныс құралдарын таныстырды.

ІІМ қызметкерлерге арналған қорғаныс құралдарын таныстырды

Ішкі істер министрінің тапсырмасы бойынша қылмыстық-атқару мекемелерінің барлық тігін цехында қызметкерлерге арналған қорғаныс құралдарын дайындау қолға алынды. Бірінші кезеңде медициналық маскаларды тігу өндірісі жолға қойылып, 1 миллионға жуық бетперде дайындалды. Бұл жеке құрамның қорғаныс құралдарына деген қажеттіліктерін толығымен жабуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар полиция қызметкерлеріне арналған арнайы костюмдер өндірісі басталды. Бірнеше рет қолдануға жарайтын қорғаныш комбинезоны су өткізбейтін қоспасы бар матадан жасалған. Бұйымдардың бұл жаңа түрі – инфекция жұқтырудан қорғанудың қосымша құралы.

160 қорғаныс комбинезонынан тұратын бірінші партияны блок-бекетте қызмет атқаратын елордалық полицейлер алды.

Жақын арада қорғаныс комбинезондарымен ІІМ-нің барлық аймақтық бөлімшелері қамтамасыз етіледі. Ең алдымен карантиндік іс-шараларға тартылған қызметкерлер алады.

– Күн сайын 25 мыңға жуық полицей, құтқарушылар және Ұлттық ұланның әскери қызметшілері жасақпен күзетке шығады. Осы қиын жағдайларда пенитенциарлық жүйе өзінің тиімділігін көрсетті. Менің тапсырмам бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің «Еңбек» РМК әзірлеген құралдар төтенше жағдай кезінде өз қызметтік борышын тәулік бойы орындайтын қызметкерлеріміздің денсаулығын қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев. 

Бұған қоса, ҚАЖК басшылығы «дезинфекциялық тоннель» деп аталатын қорғаныс құралын таныстырды. Бірінші эксперименттік үлгі Ішкі істер министрлігінің ғимаратына кіре берісте орнатылған. Тоннель құрылымы қарапайым, дезинфекциялық қасиеті бар арнайы физертіндіні бүрку құралымен жабдықталған. Мұндай пункттер ҚАЖ мекемелерінде коронавирустық инфекцияның таралуының алдын алу мақсатында барлық колонияларда орнатылады.