Қоғам • 07 Сәуір, 2020

Біз біргеміз: ҚХА 66 025 адамға көмек көрсетті

329 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Төтенше жағдай кезінде Қазақстан халқы Ассамблеясы барлық өңірде қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, 66 025 адамға 83 385 650 теңге көлемінде көмек көрсетті.

Біз біргеміз: ҚХА 66 025 адамға көмек көрсетті

Барлық көмек тұрмысы төмен отбасыларға, көп балалы аналарға, мүгедек жандарға, жалғызілікті кісілерге, ардагерлерге, індетпен күресте дамалсыз жұмыс істеп жүрген медицина, полиция қызметкерлеріне, зарарсыздану жұмысына тартылған әскерилерге көрсетілді.

Әлеуметтік пакеттер өңір ерекшеліктеріне қарай азық-түлік себетінен, маска мен антисептиктерден, дәрі-дәрмектен, тұрмыстық химия заттарынан, балаларға қажетті заттардан құралды.

Алматы облысында Аналар кеңесі қолдан маска тігіп, алғашқы онкүндікте 10 417 маска тегін таратылды.

Ақтөбе облысында 600 адамға 200-ден аса әлеуметтік пакет қарастырылып, 400 маска үлестірілді.

Ақмола облысында 2 000 адам 3 240 000 теңге көлемінде гуманитарлық көмекке ие болды. Бұған немістердің «Видергебурт» қоғамдық бірлестігі үлкен үлес қосты.

Атырау облысында 377 адам 1 430 000 теңге көлемінде көмек алды.

Батыс Қазақстан облысында 15 000 адам 1 772 200 теңгенің көмегіне қол жеткізді.

Жамбыл облысында 18 этномәдени бірлестік 3667 адамға 1 546 970 теңге көлемінде көмек көрсетті.

Қостанай облысында корей этномәдени бірлестігі, поляктардың «Nadzieja» этномәдени бірлестігі, армяндардың «Эребуни» этномәдени бірлестігі, қырғыздардың «Асаба» қауымдастығы, шешен-ингуштардың «Вайнах» этномәдени бірлестігі, әзербайжандардың «Бирлик» қауымдастығы және «Ұлы дала ұрпақтары Қостанай» қоғамдық бірлестігі, облыстық волонтерлік қозғалыс орталығы жұмыла атсалысып, 233 адамға 20 200 000 теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті.

Қызылорда облысында «Қоғамдық келісім» КММ рухани бағыттағы жұмыстарға басымдық берді. #BizBirgemiz хэштегімен ақын-жазушылардың шығармашылығынан үзінділер оқу бойынша акция өткізілді. Әлеуметтік желіде ұлттық тағамдар пісіру бойынша шара ұйымдастырылып, тұрмысы төмен отбасыларға көңіл бөлінді.

Маңғыстау облысында Аналар кеңесі маска тігіп, №6656 әскери бөлімінің сарбаздарына таратып берді. Оның сыртында 440 адамға 2 000 000 теңгеге көмек көрсетілді.

Павлодар облысында аптасына екі-үш рет 4532 адамға ыстық тамақ беріліп жатыр.

Түркістан облысында этномәдени бірлестіктердің қатысуымен 2510 адамға 32 471 850 теңгенің гуманитарлық көмегі көрсетілді.

Шығыс Қазақстан облысында 7 037 адам 8 037 630 теңге көлемінде көмекке қол жеткізді.

Алматы қаласында қайырымдылық акциясына «Металл Пром Групп» ЖШС қатысып, 5160 адамға 1 600 000 теңге көлемінде гуманитарлық көмек жасауға үлес қосты.

Шымкент қаласында 11 370 адамға 3 284 000 теңгеге гуманитарлық көмек көрсетілді. Оның сыртында 190 кг палау пісіріліп, мұқтаж жандарға таратылды.

Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы онкүндікте 1190 адамға 4 898 000 теңге сомасында гуманитарлық көмек жасалды.