Құрамына коронавирус инфекциясының алдын алу және коронавирусқа шалдыққан науқастарды емдеуде тәжірибесі мол жоғары білікті дәрігерлер кіретін Қытай делегациясының миссиясы - қазақстандық медицина қызметкерлеріне COVID-19 қарсы күресте консультациялық әдістемелік көмек көрсету, оның ішінде COVID-19 алдын алу және бақылаудың Қытай тәжірибесімен, жақын байланыстарды анықтау және оқшаулау тетіктерімен танысу, қолданыстағы клиникалық емдеу хаттамаларына ұсыныстар беру және т.б.
Бұл бастаманы Қазақстан тарапы осы жылдың 24 наурызында Мемлекет басшысы Қ-Ж. Тоқаевтың Қытай Халық Республикасының (ҚХР) Төрағасы Си Цзиньпинмен COVID-19 жаңа коронавирус инфекциясына қарсы күресте ҚХР-ның Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуі туралы телефон арқылы сөйлесу барысында қол жеткізілген уағдаластықты жүзеге асыру мақсатында ұсынды.
Дипломатиялық арналар арқылы қытайлық сарапшыларды Қазақстанға жіберуді ұйымдастыру мәселелерін шешуге қатысты екіжақты келіссөздер жүргізілуде. Бүгін 7 сәуірде ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаеваның төрағалығымен ҚХР денсаулық сақтау комитеті өкілдері мен қытайлық дәрігерлермен онлайн кездесу өтті. Кездесуге Қазақстан тарапынан ҚР денсаулық сақтау вице-министрі К.Надыров, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б.Жақселекова, Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалаларындағы медициналық ЖОО ректорлары, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қарағанды облысының денсаулық сақтау басқармасының басшылары, сондай-ақ ҚР Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қатысты. Қытай тарапынан Чжан Ганчан мырза – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі (ШҰАӨ) Денсаулық сақтау комитетінің инспекторы, Хэ Шаохуа мырза – Қытай денсаулық сақтау комитеті Халықаралық ынтымақтастық департаменті директорының орынбасары, қытайлық дәрігерлер, Қытайдың Сыртқы істер министрлігі мен ҚР-дағы ҚХР Елшілігінің өкілдері қатысты. Осы онлайн кездесу барысында тараптар 13 маманнан тұратын қытайлық делегацияның Қазақстанға сапарының бағдарламасын, ынтымақтастықтың басым бағыттарын, COVID-19 тақырыбы бойынша қазақстандық дәрігерлерге арналған тренинг тақырыптарын, логистика мәселелерін және т.б. кеңінен талқылады. Делегация құрамында пульмонология, инфекция, шұғыл терапия, эпидемиология, қоғамдық денсаулық сақтау және т.б. сала мамандары бар. ҚХР дәрігерлері сәуірдің басында Нұр-Сұлтанға арнайы ұйымдастырылған ұшақпен ұшып келеді. Сонымен қатар делегациямен бірге Қытайдан гуманитарлық көмектің екінші бөлігі де жеткізіледі деп күтілуде.