Парламент • 08 Сәуір, 2020

Жұмыссыздар қолдауға мұқтаж

195 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы өтіп, онда Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын комитеттер арасында бөлу мәселелері қаралды.

Жұмыссыздар қолдауға мұқтаж

Алқалы жиында 9 сәуірге жос­­пар­ланған Сенаттың кезекті оты­ры­сының күн тәртібі мақұл­дан­ды. Комитет төрағалары онда қара­латын мәселелерден хабардар етті.

Бюро отырысында сөз бас­та­ған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Президент пен Төтенше жағдай тәртібін қам­тама­сыз ету жөніндегі мем­лекет­тік комиссия короновирус ин­фек­циясының таралуына қарсы қажетті барлық шараны шұғыл және алдын ала қабылдап жатқанын атап өтті.

– Енді ең бастысы – іс-шара­лар­дың жергілікті жерлерде жү­зеге асырылып, нақты орындалуы. Өкінішке қарай, көбіне тап­сыр­­малардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақты туындатып жатады. Қазіргі кезде елдің экономикасына да,  адамдарға да күрделі кезеңнің салдарын ауыр сезінбей шығу үшін мемлекеттік органдар­дың, депутаттық корпус­тың және барлық деңгейдегі әкімдердің, сондай-ақ бизнес-құрылымдардың бірлесіп күш жұмсағаны дұрыс, –  деді Сенат басшысы.

Дариға Назарбаева Сенат коми­теттеріне 2020 жылға арнал­ған бюджетке енгізілетін нақты­лауларды мұқият зерттеуді және өз бағыттары бойынша оның орындалуына мониторинг жүргізуді пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, 1 трлн теңге бөлінетін Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасына назар аудару қажет екені айтылды.

– Өңірлерден сайланған депу­таттар өз аймақтарында Жұ­мыс­пен қамтудың жол кар­тасы­­ның қаражатын қандай мақ­сат­­тарға және объектілерге жұмсау жос­парланып отырғанын мұ­қият зерделеуі тиіс. Бұрынғы әлеу­меттік бағдарламаларды іске асыру кезінде көптеген бұрмалау­шылыққа жол берілгенін біз жақ­сы білеміз. Қалалардың карантинге жабылуына байланысты жұмыссыз қалған адамдарға көңіл бөлу керек. Олар ерекше қолдауға мұқтаж, – деді Дариға
Назарбаева.

Сенат Төрағасы отырыс со­ңын­да Елбасы мен «Birgemiz» қоғам­­дық қорының аймақтардағы тұр­ғындарға көмек көрсету жө­нін­­дегі бастамасын қолдауда мәс­ли­хат депутаттарының жұмы­сын ұйымдастырғаны үшін Пар­­ламент Сенаты жанындағы жер­гілікті өкілді органдармен (мәсли­хат­тармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес төрағасының орын­басары Төлеубек Мұқашевқа және Республикалық мәслихат де­путаттарының бірлестігіне алғыс білдірді.