Экономика • 08 Сәуір, 2020

Тұрғын үй бағасы қалай құбылады?

490 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Экономистер биыл доллар мен теңге бағамындағы өзгерістерге орай бастапқы нарықтағы жылжымайтын мүлік 13 пайызға қымбаттауы мүмкін екенін айтады. Әрине бұл жай болжам ғана. Десе де, осыдан бес жыл бұрын теңге құнсызданған тұста тұрғын үйдің шаршы метрі 355 мың теңгеге дейін өсіп кеткен болатын. Ендеше елдегі төтенше жағдайдан кейін пәтер бағасының тағы да аспандап кетпесіне кім кепіл?! Әйтеуір дәл қазір баспаналы болуды аңсаған отбасылардың көңілі күпті.

Тұрғын үй бағасы қалай құбылады?

 

Естеріңізде болса, жыл ба­сын­да тұрғын үй бағасы қым­бат­­тайтыны туралы қауесет қау­лап, көпшілікті әбігерге салған-ды. Сол сәтте қалтасы жұқа қарашаның үміті су сепкендей басылды. Абырой болғанда, мамандар бұл әңгіменің негізсіз екенін айтып, біржолата нүкте қойған еді. Алайда бүгінде пан­­демияға байланысты пайда бол­ған проблемалар тұрғын үй секторын айналып өтпейтіні анық. Бұл жөнінде BI Group компаниясының PR-директоры Юрий Дорохов: «Бағаның өсуі құрылыс саласында сырттан әкелінетін заттардың үлесі көп болуына байланысты», дейді. Оның айтуынша, бұл заңды құбылыс. Құрылыс заттары қымбаттаған сайын пәтердің де бағасы жоғарылап отырады.

Бір қуаныштысы, эко­номикадағы тұрақсыздық пен доллардың құбылуы кезін­де жылжымайтын мүлікке са­лын­ған салымдардың құны жоғалмайды екен. Мәсе­лен, былтыр сатылған пәтерлер­дің 80 пайызы несие арқылы рәсім­дел­ген. Өйткені халық­тың жылдық табысы үйдің баға­­сына шаққанда оннан бірі­не де жетпейді. Сондықтан жұрт­шы­лы­қ ипотекаға жүгінуге мәж­бүр. Осыдан кейін жылжы­май­тын мүлік нарығында бәсеке­лес­тіктің бәсі қызып тұр. Бұрынғы­дай емес, ұсыныс көп. Яғни тұ­ты­ну­шылар да таңдауға ерікті.

Осыдан екі ай бұрын жылжымайтын мүлік федерациясының президенті Ермек Мүсірепов: «Бағаны өсіре беруге болады. Алай­да қымбат және ауда­ны үлкен пәтерлер өтпейді. Адам­дар көбінесе 1 не 2 бөлмелі пәтер алады. Себебі олардың қаржылық мүмкіндігі бұдан арыға жете бермейді», деген болатын. Бірақ бұл пікірге сарапшылар күдікпен қарайды.

– Тұтынушылар сұранысы едәуір төмендеді. Соған қа­рап-ақ жағдайдың мәз еместігін аң­дауға болады. Құрылыс материал­дарының 60 пайызы шет­ел­ден тасымалданаты­­нын ескерсек, мемлекет қанша тежеп ұстағанымен үй бағасы 5 па­­йызға өсуі ықтимал. Отан­дық құрылыс компаниялары шетелдіктермен доллармен есептеседі. Доллардың баға­сы құбылған сайын шығын көле­мі де артатыны даусыз. Амал жоқ, құрылыс компания­лары шық­қан шығынды тұтынушы­ның есебінен өтеп алады. Дәл қазір әліптің артын бағу қажет. Құ­рылыс ком­паниялары құры­лыс материал­дарын сырттан әкелуін тоқтат­паса, жылжымайтын мүлік нары­ғындағы жағдай жақсармай­ды, – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Динара Ақынбекова.

Оның сөзіне сүйенсек, қазір­гі уақытта тұрғын үй нары­­ғына болжам жасау қиын. Мұнай нарығының мың құбы­луы теңгені құлдыратты. Жуыр­да шикізат бағасы тұрақ­талады дегенге енді ешкім сенбейді. Сондықтан ел экономи­ка­сын­дағы өзгерістерге іштей дайын болған жөн.

Ал белгілі экономист Жан­келді Шымшықов баспана мәселесі біржақты шешілу үшін шетелге жаутаңдағанымызды до­ғару керектігін тілге тиек етеді.

– Үкімет баспана бағасын түсіргісі келсе, құрылыс материалдарын, негізгі шикізатты елімізде өндіру ісін жолға қоюы керек. Кеңес Одағы кезінде Құрылыс өнеркәсібі министрлігі деген арнайы ведомство болды. Цемент, кірпіш зауыты сияқты көптеген кәсіпорын осы министрлікке қарады. Ірі қалаларды айтпағанда, аудан орталықтарында темір-бетон зауыты жұмыс істеп тұрды. Осындай зауыттардың жұмысы жанданса ғана баспана бағасын арзандатуға мүмкіндік туады, – дейді Ж. Шымшықов.

Сарапшылар шикізат нарығындағы әлемдік жағдай екінші жартыжылдықта жақ­саратынын айтады. Қазір тұрғын үй сатушылар бағаны көтергісі келеді. Алайда елдегі дүр­белең оған ырық бермесі анық. Сондықтан қорқудың қажеті шамалы.