Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Жастар ауылдан кетпейді

359 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кенті жанында әйгілі Жалаңтөс батыр атын иеленген ауыл бар. Батырлығының арқасында «Тұран жолбарысы» атанып, көрегендігімен Самарқанды ұзақ жыл билеген Жалаңтөс Сейітқұлұлы осы топырақта дүниеге келген екен. Орталық Азиядағы қаһарман қолбасшылардың бірі саналған батыр атындағы ауыл қазір түтіні түзу ұшқан елді мекеннің біріне айналып отыр.

Жастар ауылдан кетпейді

Қарашеңгел ауылдық округінің орталығы саналатын ауыл – кезінде Қиыр Шығыстан жер ауып келген корейлерді паналатқан елді мекен. «Қызылту» ұжымшарына жиырма шақты үй болып қоныс теуіп, қоңсы бол­ған олардың арасынан күріш өнді­рісіндегі озық тәжірибесімен та­­нылған Петр Пак Социалистік Еңбек Ері атанды. Соғыс жылдарында ұжымшарды басқарған Қашақбай Пі­рімов танк жасау үшін 100 мың сом аударған қайраткер азамат. Төрағаның бастамасы басқаларға үлгі болып, тылдағы қазалылық еңбек­кер­лер жеңісті жақындатуға үлес қосқан.

Қазір ауылда 1 ЖШС, 13 шаруа қожалығы бар. Барлығы дерлік кү­ріш шаруашылығымен айналысады. Осы күні көп ауылда әлеуметтік нысандардың жетіспейтіні байқа­ла­ды. Ал «Жалаңтөс батыр» бұл жа­ғынан басқаларға үлгі болардай. Ауыл­да 250 орындық жаңа типтегі мек­теп, балалар шағын орталығы мен балабақша, дәрігерлік амбулатория, кітапхана, ауылдық клуб бар. Бәрі­нің де ғимараты соңғы жылдары бой көтерген.

2016 жылы батыр бабаның туға­нына 440 жыл толуына байланысты орта­лық алаң салынды. Балалар мен жастар үшін спорттық алаң да ұмыт қалмады. Қазір ауылдағы шараның бәрі осы алаңда өтеді. Тұрғындардың өздері тұратын көшелермен қатар осы аумақты көркейту, көгалдандыруға үлесі мол. Өткен жыл соңында облыста «Үлгілі ауыл» байқауы өткен болатын. Тұрғындарды қоршаған ортаны қорғау мен елді мекен дамуына жұмылдыруды мақсат еткен осы байқауда ауыл арнайы номинация алып, 2 млн теңге иеленді.

– Жуырда Парламент Сенатында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері» тақырыбына арналған Парламенттік тыңдаудың өткені оң бастама болды, – дейді Қарашеңгел ауылдық округінің әкімі Орысбек Жамшейітов. – Бұл ұлттың бесігі саналатын ауылдың ертеңіне қатысты маңызды шешімдерді қабылдарда сол елдегілердің де пікірі ескерілетінін көрсетті. Шүкір, көп ауылдан көш ілгеріміз. Бірақ алға қойған жоспарымыз да көп. Соны жүзеге асыруда осы бастаманың берері көп болады деген ойдамын.

Спорт жағынан да «Жалаңтөс батыр» тұрғындары көп елді мекеннің алдында келеді. Бокс, волейбол, бас­­кетбол, футбол, жеңіл атлетика жарыстарынан ауыл жастары жүлделі оралып жүр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА