Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Жетісулық шаруаларға сервистік-дайындау орталығы көмекке келді

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматы облысында агроөнеркәсіп кешенін дамыту ісі нақты көрсеткішке ие болып отыр. Әсіресе, жер игерген диқан мен төрт түлік басын көбейткен малшы қауымына жасалған қолдау өз нәтижесін беріп келеді. Оның бір дәлелі ретінде аумақтағы сервистік-дайындау орталықтарының құрылуын айтуға болады. Қазір облыста агросаланың аяққа тұруы үшін ашылған мұндай орталықтардың саны елуден асты.

Жетісулық шаруаларға сервистік-дайындау орталығы көмекке келді

Биылдың өзінде 6 сервистік-дайындау орталығы құрылды. Мұндағы мақсат облыстағы агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін кооперациялау, машина-трактор парктерінің техникаларын жаңарту және жаңа жұмыс орындарын ашу, сол арқылы ауыл халқының тұрмысын жақсарту болып отыр. Мәселен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне қарағанда, 2011 жылдан бері жалпы саны 45 сервистік-дайындау орталығы құрылған. Соның ішінде 29 сервистік-дайындау орталығы қант қызылшасы бағыты бойынша, 7 сервистік-дайындау орталығы дәнді дақылдар, 3 сервистік-дайындау орталығы – картоп және көкөніс, жүгері, күріш, мал азығын дайындау бағыттары бойынша жұмыс істейді. Қазір бұл орталықтар облыстың 13 өңірінде жұмысын бастаған. Оларға лизингіге 1 116 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы мен құрал-жабдық берілді. Сонымен қатар аймақта 250 ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтары біріктіруге мүмкіндік жасады. Нәтижесінде 12 700 жаңа жұмыс орындары құрылды, соның жеті жүзі тұрақты, 12 мыңы  маусымдық жұмыс орындары. Сервистік-дайындау орталықтары жыл сайын 850-900 шағын және орта санаттағы  шаруа қожалықтарына қызмет көрсетіп, аудандардағы 28 00 гектар егіс алқабын өңдеуге үлес қосып отыр.

Ал биыл құрылған 6 сервистік-дайындау орталығы дәнді дақылдар, күріш және мал азығы бағыттарында жұмыс жүргізбек. Орталықтарға қажетті 86 бірлік техника сатып алу үшін жалпы сомасы 1,1 млрд теңге қаржы бөлінген екен. Қазірдің өзінде Ескелді, Көксу, Балқаш, Қаратал, Райымбек, Кербұлақ аудандарының шаруалары сервистік-дайындау орталығының көмегіне иек артып отыр.

 

 

Алматы облысы