Жамбыл облысы Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысы бойынша Қордай ауданының аумағына карантин жарияланған болатын. Қазіргі кезде қауіпті індеттің алдын алу бойынша 8 блок-пост орнатылып, тексеру шаралары күшейтілген. Барлық бекеттер қажетті құрал-жабдықтармен жабдықталып, жол белгілері орнатылған. Мұнда 100 полиция қызметкері, 16 орталық аурухана, 9 аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының қызметкерлері жұмыс атқарады.
Аталған блок-бекеттердің жұмысы аудан әкімінің тікелей бақылауына алынған. Ағымдағы жылы 6 сәуірден бастап аудан аумағында ерекше карантин енгізіліп, жалпы қатынасқа шектеу қойылды. Алайда, ауыл шаруашылығы саласындағы көктемгі егіс дала жұмыстарына жұмылдырылған техникалардың қозғалысына шектеу жоқ.
Азық-түлік дүкендері мен дәріханалар қалыпты жұмысын жалғастыра береді. Қауіпті індеттің алдын алу мақсатында ауданның барлық ауылдық округтерінде, қоғамдық орындар мен көшелерде күніне екі рет санитарлық-дезинфекциялық жұмыстар жүргізілуде. Залалсыздандыру жұмыстарына аудандық коммуналдық, ветеринарлық қызмет мекемелері мен жеке кәсіпкерлерден жалпы 32 техника тартылған.
Бұдан бөлек, азық-түлік сататын дүкендер мен сауда орындарында үздіксіз залалсыздандыру жұмыстарының жүргізілуі бақылауда.
Ал, аудандағы қайырымды азаматтардың демеушілігімен 469 аз қамтылған отбасына және бюджеттің көмегімен 662 отбасына азық-түлік себеттері таратылған. Сондай-ақ, ауданның 5 жеке кәсіпкері 17 тігіншіні тарту арқылы медициналық маска тігу кәсібін жүргізуде.
Жамбыл облысы