Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Түркістан: 400-ге жуық медицина қызметкері қауіп-қатердің ортасында жүр

158 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысында 400-ге жуық дәрігер, орта және кіші буын медицина қызметкерлері адам өміріне араша  түсіп, коронавирус індетімен күресуде.

Түркістан: 400-ге жуық медицина қызметкері қауіп-қатердің ортасында жүр

Облыс бойынша коронавирустық инфекциямен ауырған науқастарды жатқызу үшін 150 төсек-орын жасақталған.  Пандемиялық індетке ұқсас клиникасы бар науқастарды жатқызып,  диагноздарын анықтау мақсатында 510 төсек - орынға провизорлық госпитальдар қарастырылған.  Одан бөлек барлық аудандар мен қалалардағы инфекциялық аурулар бөлімдері дайын.  Қарым-қатынаста болғандарды оқшаулау үшін облыс аумағына 955 төсек орынға карантиндік орталықтар ашылған. Міне осы медициналық мекемелерде науқастарға қызмет көрсететіндердің амандығы мен сақтығы, қауіпсіздік шаралармен толық қамтылуы маңызды.

Науқастарға тәулік бойы медициналық ем көрсетіп жүрген «Жетісай аудандық инфекциялық госпитальдың» меңгерушісі  Замира Ташимова індетке шалдыққан науқастардың қиналғанын көргенде жүрегі ауыратынын айтады. «Бірақ, қиын сәтте барынша бекем болып, табандылық көрсетуіміз қажет екенін түсінеміз. Өз тарапымыздан да барлық сақтық шараларын қадағалаудамыз. 14 күн сайын тексеріліп, коронавирус індетіне сынама тапсырамыз», дейді Замира Ілиясқызы.

Ал, Түркістан қалалық орталық ауруханасы жұқпалы аурулар бөлімінің карантиндік режимде жұмыс істеп жатқан дәрігерлері тұрғындарды барлық тыйымға түсіністікпен қарауға шақырады. Екі аптадан бері үй бетін көрмеген Түркістан облыстық Қоғамдық денсаулық басқармасының штаттан тыс инфекционист-дәрігері Замира Джурабекова отбасымен қайта қауышатын күнді армандайды. Өз өмірлерін бәске тіккен осындай  дәрігерлердің еңбегі ерен. Яғни әрбір азамат карантин кезіндегі барлық талапты орындап, өзін індеттен қорғау арқылы  дәрігерлерге де қауіп төндірмейтінін ұмытпағаны жөн.

 

 

Түркістан облысы