Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Маңғыстау: Спортшылар қан тапсырып жатыр

357 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы қан орталығына келушілер қатарында әлемдік ареналарда атой салып жүрген спорт саңлақтары бар. Сондай-ақ бапкерлер және спорт мектептерінің басшылары да шет қалмады. Боксшылар, палуандар, каратэшілер және тағы басқа жауынгерлік клубтарының өкілдері белсенді түрде қан тапсыруда. Бұл туралы Маңғыстау облысы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Маңғыстау: Спортшылар қан тапсырып жатыр

Маңғыстау облысы Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбек Қарабалаевтың айтуынша, спорт саңлақтары қатарында тұрақты донорлар және алғаш рет қан тапсырғандар бар. ҚР еңбек сіңірген және халықаралық дәрежедегі спорт шеберлері, сондай-ақ болашағынан зор үміт күттіретін жас спортшыларды атап өтуге болады.

- Маңғыстауда қанның және оның компоненттері ең төменгі шекке жеткендігін бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желілерден көрген болатынбыз. Бейжай қарап отыра алмадық. Өз еркімен қолдау білдіруге ниет білдіргендер көп болды. Шүкір, біздің өңірде спорт үйірмелері көп, бұл ұйымшылдықтың белгісі деп білемін, - дейді ол.

Мәселен, донор болғандар қатарында бокстан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, олимпиада резервін даярлайтын балалар-жасөспірімдер облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры, әлем чемпионы, шойын жұдырықты Ердос Жаңабергенов бар.

Ақтау қалалық Дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Болат Досов болса, бұған дейін де бірнеше рет қан тапсырған. Сауапты іске атсалысуды және өз денсаулығына пайдалы екендігін ескеріпті.

- Қанның және оның компоненттеріне сұраныс әрдайым жоғары болатыны айтпаса да белгілі. Осы бастамаға қолдау білдірген әрбір спортшыға дән риза болдық. Донор болған спортшылар өздерін ерлік жасадық деп ойламайды, олар бұл бастаманы азаматтық парызымыз деп біледі. Қан тапсыруға ниет білдірушір әлі де көп боларына күмән келтірмеймін, - дейді Болат Бексиықұлы.

Өз кезегінде облыстық қан орталығының өкілдері ерікті донор болған спорт саңлақтарына шексіз алғысын білдіруде және алдағы күндері қан қоры қайта бұрынғы қалпына келеді деп сенеді.

Сонымен қатар алдағы уақытта кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметшілер, әскерилер, құқық қорғау органдарының және басқа да саланың өкілдері белсенді түрде донор боларына сенім артылуда. Дәрігерлер қан тапсыру адамның ағзасына ешқандай зиян тигізбейтінін, керісінше пайдасы зор екендігін еске салады. Оның үстіне бір адамның қаны үш науқастың өмірін аман алып қалады

Еске сала кетейік, бұған дейін Маңғыстауда қан тапшылығы байқалуда екенін жазған болатынбыз.

 

Маңғыстау облысы