Аймақтар • 04 Сәуір, 2020

Маңғыстауда қан тапшылығы сезілуде

326 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Маңғыстау облысы қан орталығына келуші ерікті донорлар саны күрт азайды. Біреуге қан тапсыру арқылы өмір сыйлау, бұл әлемдегі ең қымбат сыйлық. Жалпы қан құю өмірге сәби келгенде, жол-көлік оқиғасына түскендердің және тағы басқа да апаттардан зардап шеккендердің өмірін сақтайды, сонымен бірге ағзасы ауыр аурулармен, атап айтқанда, қатерлі ісікпен күресетін адамдарға ауадай қажет, деп хабарлайды Маңғыстау облыстық денсаулық сақтау басқармасы баспасөз қызметі.

Маңғыстауда қан тапшылығы сезілуде

Бүгінде теріс факторы бар бірінші, екінші және үшінші топтағы қанның болмауы біраз қиындық туғызып отыр. Сондай-ақ, тромбоциттер донорлары қажет. Әрбір адам облыстық қан орталығына келіп, донор бола алады. Алайда сауапты іске ат салысуға дайын тұрған белсенділер азайған.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы коронавирустың тарауын пандемия деп жарияланған күннен бастап, барлық елдерде сақтық шаралары мықтап қолға алынды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялады. Ал, үстіміздегі жылы сәуір айының 3 мен 15 аралығында Маңғыстау өңірінде карантин енгізілді. Яғни көшеге шығушылар азайды. Бірақ, қанға сұраныс күн санап арта түсуде. Сол себепті облыстық қан орталығы ерікті донор болатын жандарды күтеді.

Маңғыстау облысы қан орталығы қан дайындау бөлімінің меңгерушісі Гүлнафис Кунашева қан тапсырып тұру адам ағзасына пайдалы екенін айтады. Әсіресе, қан-тамырлар ауруына шалдықпауға септігін тигізеді және қан қысымын төмендетеді.

-Қанды үйде жатып онлайн режимде тапсыра алмайды. Сол себепті қан орталығына аяқтай келуге тура келеді. Біздің орталық демалыссыз жұмыс жасауда. Сағат таңертеңгі 09.00 мен күндізгі 13.30 аралығында келуге болады. Мекенжайы: Ақтау қаласы 34 ш/а орналасқан. Донор болғысы келетіндер болса күні бұрын дайындалып келгуге кеңес береміз. Кешкі сағат 18.00-ден кейін майлы тамақ жеуге болмайды. Сұйық тағамды ішіп, жақсы демалып келген дұрыс. Таңертең сүтсіз шәй ішуге және піспенан жеуге болады. Әрбір келуші бетперде, бахила және медициналық қолғаппен қамтамасыз етіледі, дейді ол.

Негізінен қан және оның компоненттері облыстық және қалалық перинаталдық орталықтарға, онкологиялық диспансер, облыстық және көпбейінді балалар ауруханасында ем алып жатқан науқастарға аса қажет.

Қан тапсыру адамның ағзасына оң нәтиже береді. Қорқатын ештеңесі жоқ. Кейбір адамдарда қате түсінік бар, яғни қан тапсырғанда иммунитет түсіп кетеді деушілер көп, алайда қан тапсырған адамның иммунитеті керісінше көтеріледі. Адам бойында жаңа клеткалар пайда болып, қан жаңарады. Қан орталығының басшылығы сол себепті сауапты істен құр қалмауға шақырды.  

 

Маңғыстау облысы