Аймақтар • 08 Сәуір, 2020

Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде

600 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығына іргелес орналасқан, яғни инфрақұрылымы толық аяқталған жерлерде 100 шақырым болатын 81 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

Түркістан қаласында инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән берілуде

Бүгінде жаңа көшелерде жол негізін даярлау, аяқ жолдардың жиектастарын орнату жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Майкөтов көшесіне дейін автожол салынуда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Түркістан тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартудың негізі ретінде инфрақұрылымды дамытуға ерекше мән беруде. Осы орайда, өңір басшысы жауапты сала жетекшілерімен бірге облыс орталығын аралап, қаланың Бас жоспарына сәйкес атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді. Шаһардағы жол жөндеу, газ, ауызсу мен кәріз жүйесін жүргізу жұмыстарымен танысқан облыс әкімі тиісті сала жетекшілерінен құрылыстың кестеге сәйкес белгіленген мерзімінде аяқталуын талап етті.

Қала аумағында «Жасыл белдеу» қалыптастыру бойынша биыл 100 гектар жерге теміржол бойының оң жағалауы мен Арыс-Түркістан арнасының айналасын жасыл желекке орау жоспарланған. Сонымен қатар, қала аумағында жаңа жобаға сәйкес Б.Саттарханов даңғылында тіреу бекетін орнату, Қызылорда тас жолы бойында аллея алаңы мен теміржол вокзалының алдына тас төсеп, «Жеңіс» саябағынан орталық базарға баратын жолды абаттандыру жұмыстары басталды. Арыс-Түркістан арнасынан бастау алатын бірнеше ирригациялық каналдардың құрылысын мамыр айында толық аяқтап, пайдалануға беру көзделген. Түркістан қаласында 52 мыңнан астам абоненттің 65%-на газ құбырлары тартылған. Тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Биыл бюджеттен қаралған қаржыға 25 нысанның құрылыс жұмыстарын жүргізіп, жыл соңына дейін Түркістан қаласын газбен толығымен қамту көзделіп отыр.

Сондай-ақ небәрі 16%-ы кәріз жүйесімен қамтылған Түркістан қаласының экологиялық жағдайын жақсарту  мақсатында жан-жақты талдау жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде қаланы 2021 жылға дейін  100% кәріз жүйесімен   қамтамасыз ететін  10 нысанның жобасы әзірленіп, кешенді жоспарға енгізілген.

 

 

Түркістан облысы